Екі күн бойы алпысқа жуық ШҚО қолөнершілерінің көрмесі өткен Өскемендегі қорық мұражайдың сол жағалау кешені халық арасындағы сәндік-қолданбалы өнерді дәріптеу мен тәжірибе алмасу алаңына айналды. ШҚО туристік ақпарат орталығы музей-қорықпен бірігіп, тұңғыш «Алтай базары» фестивалін ұйымдастырды.
Музей-қорықтың сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің аға ғылыми қызметкері және ШҚО қолөнершілері ресурстық орталығының үйлестірушісі Райса Мұхамеджанованың айтуынша, фестивальге қатысушылар жан-жақтан жиналған. Семей, Зырянов, Зайсан, Шемонаиха , Бородулиха , Көкпекті, Қатон-Қарағай , Ұлан , Тарбағатай, Үржар аудандарынан және өзге де облыс елді мекендерінен алпыстан астам шебер өз бұйымдарын әкелген.
«Алтай базарының» алғашқы күні сол жағалау кешенінің «Шеберлер қаласында» тегін шеберлік сабақтары өтті. Дәстүрлі қолөнерге қызығатын біршама халық жиналды. Үлкендер мен балалар киіз басуда, қайың қабығынан өрім өру, тері мен балшықтан мүсін жасау, кілем тоқуда өз күштері мен қабілеттерін сынап көрді. Тамара Владыкина, Владимир Осипов, Наталья Баженова, Нұрзия Тәшімова, Владимир Ляпунов сынды шеберлер табиғи материалдармен жұмыс істейтін техникалармен таныстырып, шикізатпен жұмыс істеудің қыр-сырын түсіндірді.
Семейдегі «Айша бибі» мәдени орталығының жетекшісі Айман Боқпасарова жанындағы ши тоқу станогына келушілер қатты қызықты. Жіңішке ши сабақтарынан тұрмысқа қажетті бірнеше заттың жасалатынына көпшілік таңданысын жасыра алмады. Бір кездері қолөнердің бұл түрі қазақ отбасын жөкемен, қалқамен, кілемшелермен, үлкен қазанға арналған қақпақпен қамтамасыз еткен. Бүгінде ши станогы халыққа экзотика болып көрінеді, дегенмен, ши - таза экологиялық материал және қазіргі күюге қарсы қазан, табалармен салыстырғанда әлдеқайда арзан.
Облыс халқы ғана емес, шетелдік қонақтар да «Алтай базарынан» таң-тамаша әсер алды. АҚШ-тан келген ақпараттық тур агенттігі Кристофер Стентон өз қолымен жасаған былғары салпыншақты мақтанышпен көрсетті. «Мұндай іс-шаралар халық мәдениетінің ерекшеліктерімен, жергілікті халық дәстүрімен кеңінен таныстырады. «Алтай базары» күндері Өскеменге келіп, жолым болған екен», - деді К.Стенгон.
«Алтай базарының» екінші күні Этноауыл алаңында халық шығармашылығы жауһарларының жәрмеңкесі өтті.
«Бүгінгі жәрмеңкеде ең жақсы қолөнер бұйымдарын таңдап алып, оларды ЭКСПО-2017 көрмесіне қоямыз», - деп атап өтті Р.Мұхамеджанова.