Алматыдағы теракт: ПОЛИЦИЯ ӨЗ ІШІНДЕГІ «АШЫҚ АУЫЗДЫ» ІЗДЕУДЕ

/uploads/thumbnail/20170709054124314_small.jpg

Алматыдағы Алмалы аудандық ІІБ мен ҰҚК департаментіне шабуыл жасалғалы да бір ай уақыт өтті. Қанды оқиғаға қатысты Р. Күлікбаев қолға түскенімен, аталған істің күмәнді һәм түсініксіз тұстары аз емес. Қала тұрғындары ғана емес, тұтастай республика жұртшылығы полицияның жалғыз қылмыскерге тиісті тойтарыс бере алмауын сан-саққа жүгіртіп, өзінше жоруда. Ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби деңгейіне де сын айтқандар болды.

Соған қарамастан құзырлы органдар қоғамда үлкен резонанс туғызған, тұтас ел көз тіккен осы оқиғаға қатысты толық мәлімет таратып, елге болған жайды жан-жақты түсіндіруге, түрлі алып-қашпа әңгімелердің алдын алуға құлықсыз сияқты. Оқиға болған күнгі баспасөз хабарламасы мен одан кейінгі шулы істі Бас прокуратура қызметкерлері қарауына алғаны туралы құрғақ ақпараттан басқа бұл тақырыпта толыққанды мәлімет тарамады. Керісінше radiotochka.kz сайты қала прокуратурасы қалалық ІІД –нің ішкі қауіпсіздік басқармасына Р. Күлікбаев ісі бойынша тергеу мәліметтерінің ашық дереккөздерде жарияланып кетуі жөнінде қызметтік тексеріс жүргізуді тапсырғанын жазады.

Естеріңізде болса, Р. Күлікбаевтің тергеу кезінде полицияға берген жауаптарының бірқатары ақпарат құралдарында жарияланды. Қандықол Күлікбаевтің «Полиция ғимаратында темір есік болмағанда, бұдан да көп полицейді жайратар ем» деген сөзін Qamshy.kz порталы да жариялаған болатын.

radiotochka.kz тілшілері прокурорлар нақты қандай мәлімет бойынша полиция қызметкерлерін тексеріп жатқанын өз күштерімен анықтапты. Ол «Время» газетінде 27 шілде күні жарияланған журналист Тоқнияз Күшіковтің «Руслан Күлікбаев: Аңшылық тәжірибем бар» деген мақаласы екен. Онда автор Күлікбаевтің түзеу мекемесіне қалай түскені, колониядағы тәртібі, бұған дейінгі қылмыстық жауапкершілікке тартылуы, түрмеден шыққаннан соң тиісті органдардың бақылауынан сытылып шығуы және соңғы қылмысы үшін тергеушілерге берген бірқатар жауаптарын жариялаған болатын. енді қалалық прокуратура мақалада айтылған деректерді журналистке жеткізген полиция қызметкерін анықтауды талап етіп отыр.

Алайда, прокурорлардың шамына тиген мақала авторы өзінің мұндай тексеру басталғанынан хабарсыз екенін айтқан.

«Бұл туралы бірінші рет естіп отырмын. Соңғы уақытта мені ешкім ІІД-ге шақырмады. Аталған жарияланым бойынша ешкім, не телефон арқылы, не электронды пошта арқылы хабарласпады. Күлікбаев ісі бойынша мәліметтерді мен ашық көздерден және өзімнің дереккөздерімнен алдым. Ақпарат сұрап ҰҚКД-ге, ІДД-ге бармадым. Егер, Ішкі қауіпсіздік басқармасындағылар менің мақалама қызығушылық туғызса, онда ол жариялана сала хабарласар еді ғой», - дейді Т. Күшіков.

Қай жағынан алсаңыз да бұл істе елге жан-жақты мәлімет жеткізіп, көптің көкейіндегі күдікті сейілтуден гөрі, барынша бүркемелеп, жасырып-жабуға мүдделілік байқалатын сияқты. Ал, ондай құпиялылық кімге қажет, жеке адамның өмірі мен денсаулығына емес, тұтастай қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірген оқиғаның ел назарынан тыс зерттелуіне кім мүдделі, ол жағы тағы белгісіз.

Жомарт Абдоллаұлы

Қатысты Мақалалар