Бүгін Рио-де-Жанейродағы XXXI Олимпиада ойындарында бокстан 69 келіге дейінгі салмақтағы боксшылардың финалы өтті. Шешуі кездесуді Данияр Елеусінов өзбекстандық Шахрам Гиясовпен өткізді, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Данияр қорғана жүріп ұрыс салды. Жерлесіміз бірінші раундта бірнеше соққысын қарсыласқа өткізе алды. Ал өзбек боксшысының соққылары діттеген жеріне жетпей жатты. Көбіне ауа қармады. Екінші раундта да жерлесіміз ширақ қимылдап, басымдықты қолдан бермеуге тырысты. Соңғы шешуші раундта ұлттық құраманың капитаны бір бас жоғары өнер көрсетті. Нәтижесінде әлем чемпионы, Азияның екі дүркін жеңімпазы атанған Даниярға Олимпиаданың алтыны да бұйырды.
Осыған дейінгі Олимпиада ойындарында 69 келіде өнер көрсеткен үш боксшымыз Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев чемпион атанған еді. Осы жолы да қазақ боксшылары бұл салмақты ешкімге берген жоқ.
Айта кетейік, осылайша Қазақстан Олимпиада ойындарындағы үшінші алтынға қол жеткізді.