Қазақстан спортшылары Олимпиаданың он бесінші күнін жүлдесіз аяқтады

/uploads/thumbnail/20170709054851430_small.jpg

Бүгін Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарының он бесінші күні бірде-бір спортшымыз медаль ала алмады, -  деп хабарлайды Qamshy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Еркін күрес шеберлері мен таэквондошыларымыздан қатты күткен үмітті ақтай алмады.

Алғашқы болып, белдескен 86 келі салмақтағы балуанымыз  Асхат Кахидзе іріктеу кезеңінде Беларусь балуаны Омаргаджи Магомедовпен белдесіп, 7:11 есебімен жеңіліп қалды.

Ал екінші балуанымыз 125 келі салмақтағы Дәулет Шабанбай бірінші белдесуінде беларустық Ибрагим Саидовтан ұтылды.

Сондай-ақ бүгін таэквондошыларымыз да бірінен кейін бірі сүрінді. Тым құрыса, Олимпиадада қазақ елінің туын ұстап шыққан Руслан Жапаров жүлдеге іліксе деп тілеп едік. Ол да болмады. Қола үшін айқасында оңтүстіккореялық Чха Дон Миннен 8:15 есебімен ұтылды. Осылайша, қазақ таэквондошылары да Рио олимпиадасын жүлдесіз аяқтады.

Сонымен қатар бүгін 1000 метрге байдарка есуден Александр Емельянов, Сергей Токарницкий, Илья Голендов және Андрей Ергучев қола медаль үшін өткен бәсекеде 3 минут 08,715 секунд нәтижемен жарысты жалпы есепте 10-орынмен аяқтады.

Әйелдер арасында 500 метрге байдарка есуден сынға түскен Ирина Подойникова, Зоя Ананченко, Наталья Сергеева және Инна Клинова аталған қашықтықты 1 минут 39,419 секундта жүзіп өтіп, бұл спортшыларымыз да жалпы есепте 10-шы орынға табан тіреді.

Сондай-ақ, ерлер арасында заманауи бессайыстан өнер көрсеткен Павел Ильяшенко жарыс жолын 35-орынмен аяқтады.

Еске сала кетейік, ауыр атлет Нижат Рахимов пен жүзуші Дмитрий Баландин және 69 келі салмақтағы боксшымыз Данияр Елеусінов  Рио Олимпиадасының чемпионы атанған еді. Ал Рио Олимпиадасының күміс жүлдесін осыған дейін, балуан Елдос Сметов, ауыр атлет Жазира Жаппарқұл, боксшы Василий Левит,  Әділбек Ниязымбетов,  және әйелдер күресінен  Гюзель Манюрова жеңіп алды.

Ал Отгонцэцэг Галбадрах, Ольга Рыпакова, ауыр атлеттер Карина Горичева, Фархад Харки, Александр Зайчиков,  Эльмира Сыздықова, Екатерина Ларионова,  Иван Дычко және Дариға Шәкімова қола жүлдегер атанды.

Қатысты Мақалалар