Келер жылы Польша азаматтарына Қазақстанға келу үшін визасыз тәртіп енгізіледі, - деп хабарлайды Qamshy.kz 24.kz - ке сілтеме жасап.
Мұндай уағдаластыққа қос ел көшбасшысы қол жеткізді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Анджей Дуда Астана мен Варшава арасында әуе рейсін ашу бастамасын да қолдады. Келіссөздерден соң бірлескен мәлімдеме кезінде қатынастарды беки түсетін үш құжат қабылданды. Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық туралы деклорация, тұлғаларды реадмиссиялау, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдер. Осылайша, қос тарап ауыл шаруашылығы мен индустриялық жобаларды жүзеге асыруды күшейтетін болады. Мемлекеттер басшылары екі елдің транзиттік әлеуетін де молынан пайдалану керектігін атты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Екі елдің арасында екі жаққа да пайдалы көп нәрселер бар. Ең бірінші ол экономикалық қарым-қатынас. Біз Президент мырзамен саяси мәселелер жөнінде жеке отырғанда әңгімелестік. Одан кейін экономиканы талқыладық. Ертең үлкен бизнес форум болады. Қазақстаннан келген 100-ден артық бизнесмендер бар. Польша бизнесмендері менің білуімше өзара 1 млрд долларға жететін екіжақты экономикалық қарым-қатынасқа келісімге қол қояды деп есептейміз. Менің ойымша, экономика жағынан да, саяси жағынан да бір бірін толықтыратын мемлекет. Польшадағы бар тауарлар Қазақстанда жоқ. Қазақстандағы бар тауарлар Польшада жоқ. Осы екеуін қосатын болсақ екі мемлекетке де, екі xалыққа да жұмыс орнын беретін және экономиканы өркендететін жағдай жасайды деп санаймыз.
Анджей Дуда, Польша Республикасының Президенті:
- Қазақстан инфрақұрылымдық жобаларды көптеп іске асыруда. Сондықтан көлік-транзит саласындағы ынтымақтастыққа мән беруміз керек. Бұл экономикалық серіктестіктің керегесін айтарлықтай кеңейтеді. Бұдан бөлек, біздің теңізінде екі терминалымыз бар. Оны бірлесіп падалануға болады.