«Одақбастықтың» салдары оңайға соқпайды...

/uploads/thumbnail/20170709055335397_small.jpg

Жақында ғана Ресейдің Украинаны Кедендік одаққа тарту туралы құпия құжаттары жарияланды. Ішінде сан-алуан тәсілдер мен технологиялар көрсетілген. Кешегі "Рошен" кәмпиттеріне тыйым салу да, соның бір жолы. Алдымен мұқатып, нарығынан айырып, артынан "әріптес, акционер болайық, сонда Ресейде саудаң жүреді" деп компанияның құрамына кіріп алу. Украиндықтар осының салдарын жақсы түсініп отыр, халқы да белсенді қарсыласып жатыр.

Біз мынаны ұғуымыз керек сияқты. Түбі Кедендік одақтың еш болашағы жоқ. Бірақ, осыны пайдаланып, Ресей айналасындағы барлық нарықтарды жаулап алмақ. Ал барлық маңызды деген нарықтарды жаулап алсаң, одан артық билік пен бақылаудың қажеті де шамалы. Егер барлық компанияларың Ресей кәсіпкерлерінің қолына өтіп кеткен болса, сенің билігің де ештеңе істей алмайды. Елдегі шетел инвесторлары дегендер жүр ғой тайраңдап!
Яғни, Кедендік одақ ең алдымен қазақ нарығын жаулаудың орыс үшін аса өтімді, тиімді жолы. Апта сайын Ресей өзінде шығаратын тауарларды өткізу үшін Кедендік одақ аясындағы баж, кеден салықтарын өсірумен келеді. Біресе шыны, біресе қондырғылар, біресе тағы басқасы. Мысалы, осының арқасында Қазақияда сатылатын орыс автокөліктерінің саны артып келеді. Қулықпен, қысыммен орыс мәшинелерінің сатылымы 80 пайызға өсіп, елде сатылған екі мәшиненің бірі ресейлік мәшине болды. Пайда ма? Таза пайда. Осы арқылы өз өнеркәсібін қолдап отыр. Сапасы - нөл, шашылып қалатын дүниесін өткізіп жатыр.
Орыстың «Сбербанк» деген банкі нарығымызға баса көктеп кіріп жатыр. Ондағы депозиттердің саны мен сомасы тез арада өсіп кетті. Бұл өте ірі банк, оның бағаны да төмендетіп, жұмысының сапасын биік деңгейде ұстап отыруға мүмкіндігі бар. Бірақ, ертең өз мақсатына жетіп, нарықты алған соң бағасын өсіретіні белгілі. Бір-бірлеп майда-шұйда банктерді сатып алып, ертең нөмірі бірінші банкке айналуы әбден мүмкін дүние. Дәл осы тәсілмен Ресей қазақтың теміржолын алмақшы. «Аэрофлот» «ішкі рейстерге» кіргісі келіп, жанталасып жатыр. Ертең арзан рейстер жіберіп, сапалы ұшақтары бар «Эйр Астананы» мұқатып, оны да сатып алу ниеттері бар. Қазір, мысалы Арменияның авиациясы Ресейге өтіп кетті. Бізді де сол сияқты қылмақ.
Демек, одақбастық дегеніміз ең алдымен Ресей капиталының экспансиясын қамтамасыз ету құралы. Есесіне Ресей біздің бірде-бір компанияға жеңілдік жасамайды. Біздің тауарларды ішкі нарығына өлсе де жібермейді. Бұл айдан-анық! 
Бұған не істеуге болады? Менің ойымша, қоғам оянып, бейбіт наразылық акцияларын өткізіп, Ресейге наразылықтарымызды үнемі, тұрақты жеткізіп тұруымыз керек. Қолдан келіп жатса Ресей тауарларынан бас тартуымыз керек. Ресей өнімдерін алмауымыз керек. Аз да болса өз өнімдерімізді алып, өз өндірушілерімізді қолдағанымыз жөн. Ресей мәшинесін мініп жүру - азғындықтың символы болуы керек. Ресей банкісіне бару - сатқындықтың синониміне айналуы тиіс. Ресейдің электронды поштасын пайдалану - мәңгүрттіктің бірінші сатысы деп саналуы қажет. Тәуелсіздік аларының алдында Үндістан осындай саясат жүргізіп жеңіп шықты. 
Яғни біздің алдағы уақыттағы саясатымыз - Ресейге қарсы наразылық таныту, бұл наразылықты үдете түсу, халықтың рухын ояту, көзін ашу. Ресей тауарлары мен өнімдеріне бойкот жариялау, әрбір нысанымызды, кәсіпкерімізді қызғыштай қорғау, белорус, украин, қырғыз әріптестерімізбен белсенді қарым-қатынас орнатып, соларға да рухани, адами, азаматтық көмегімізді көрсету. Көп түрікрсе көл демекші, кешегі Ресей отарлары болған мемлекеттер бірігіп, белсенді саясат жүргізіп жатса, бір-бірінің тауарларын қолдап жатса, түбі Ресей де сынады. Тек өзіміз мықты болуымыз қажет. Егер бұрынғы Ресей колониялары бірігіп, әрекет етсе, олардың нарығындағы адам саны Ресейден асып түспесе де, кем түспейді.

Айдос Сарымның Фейсбуктегі парақшасынан алынды

Қатысты Мақалалар