Өткен аптадағы ең жойқын терроризм оқиғасы Түркияның Газиантепе қаласында өткені белгілі. Бүгінге дейін бірде бір ұйым өз мойына алмаған бұл жарылыстан 54 адам қаза болды, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Ауруханаға түскендердің 20-дан астамының халы мүшкіл көрінеді.
Бомба тойдың қызған сәтінде іске қосылған. Куәгерлердің айтуынша, жарылыс кезінде адамдардың денесі жүздеген метрге дейін ұшып кеткен. "Оқиға орнына келгенімізде бәрі қанға боялып жатты. Біреудің қолы жоқ, біреудің аяғы жоқ. Не болғанын бірден түсіне алмадық, не істеу керегін де" дейді, Юксель Бойла есімді тұрғын. Кейін белгілі болғандай жарылысты жасөспірім қыз жасаған.
Ел Президенті Реджеп Ердоған той кезіндегі сұмдық террорлық оқиғадан жүзге жуық адамның жараланғанын, елуден астам адамның құрбан болғанын мәлімдеді.
Куәгерлердің айтуынша, жас террорист қонақтардың сыртқа мейлінше көп шығуын күтіп тұрып, бомбаны қосқандығын айтады. Газиантепе тұрғындары бұл оқиғаның басында тұрғандарды тауып жазалауды талап етуде.
"Жас бала бұлайша өздігінен әрекет ете алмайды. Бұны ұйымдастыруға көп уақыт кетеді. Біз осындай оқиғалардың алдын алу үшін үкіметпен ынтымақтасуға әзірміз" деді, оппозициялық партия жетекшісі Селахатин Демирташ.
Жыл басынан бері Түркияда 23 террорлық оқиға орын алып, 400-ден астам адамның өмірін қиды. Терорлық әрекеттердің басым бөлігін «Ислам мемлекеті» ұйымдастырған.
Пікір қалдыру