Қоғам болған соң түрлі оқиғалар, жағдайлар болып жатады. Біздің айтпағымыз түрлі сипаттағы қылмыстар жайлы. Әр кезде еліміздің әр түкпірінде сан түрлі қылмыстар жасалады. Олар туралы мәліметтер, күдіктілерді іздестіру, ұстау, тергеу барысы көп жағдайда қоғам назарынан тыс қалып, іс сотқа жеткенде ғана ақпарат құралдарының танысуына мүмкіндік туып жатады.
Соңғы уақытта осы бір үрдіс бұзылып, түрлі қылмыстар жайлы ақпарат құралдары жан-жақты ақпарат таратып, әлеуметтік желі қолданушылары қызу пікір-талас туғызып жататын жағдайлар да жиілеп жатыр. Оның себебі де жоқ емес. Көбіне көп адамдар қылмыстық қудалау органдарының, заң қызметкерлерінің қызметіне күдікпен қарайды, құзырлы органдар да көп жағдайда әділдік танытпай, азаматтарды әуреге салып қоятыны бар.
Соңғы күндердің оқиғаларынан Алматы облысы Есік қаласындағы келіншек зорлау мен Ақтаудағы педофилдің әрекетін мысалға алайық. Екі оқиға да қазір тек журналистердің ғана емес, барша желі қолданушыларының жіті бақылауына ілініп отыр. Алты жасар баланы зорлау деген кімнің болса да ашуын туғызатыны сөзсіз. Ал, отыздан асқан келіншекке төрт бірдей жігіттің күш қолдануы, бірнеше адам болып зорлауы да оңай қылмыс емес. Жәбірленген келіншектің анасы полиция қызметіне салғырт қарады деп, әлеуметтік желі арқылы видео үндеу жасады. Алайда, ол оқиға жер-жаһанға жария етіп, елдің талқысына салатын да жәйт емес қой. Ондай әрекетке жәбірленуші келіншектің туыстары, нақтырақ айтсақ, анасы мен ағалары амалсыздықтан барып отыр. Тамыздың 13-і күні болған қылмыс бірнеше күн сөзбұйдаға салынып, жөнді тергелмей келген. Тіпті, жәбірленушілер өздері ұстап апарған екі бірдей күдіктіні полиция босатып жіберген. Зорланған келіншектен анализ алу, айғақ заттарды тәркілеу сынды процессуалдық мәселелерде де бірқатар шикіліктер болған сияқты.
Полиция істі белгіленген тәртіп пен заң аясында тергеп, тексеруі үшін міндетті түрде ғаламторда талқылап, елді шулату керек пе? Осы оқиғадағы жәбірленуші тарап айтып жатқандай, аудандық ІІБ қызметкерлері біліксіз, біреулермен сыбайлас болса, олардың қызметін қадағалаушы прокуратура қайда қарап отыр? Облыстық ІІД басшылары бағыныштыларының әр күнгі әрекетінен хабарсыз ба? Олардың қызметін қалай атқарып жатқанын тек газеттен оқып, теледидардан көре ме? Аталған қылмысқа қатысты тергеу әрекеттерінің күрт жандануы, істі өндіріске алған тергеушінің ауысуы, оны облыстық ІІД басшылығының жеке бақылауда ұстауға сөз бергені, полицияның бұрын қоя берген күдіктілерді қайта қамауы, қолға түспеген соңғы күдіктіні де көп ұзатпай құрықтауы сынды «жетістіктеріне» қарап сондай ой туатыны өтірік емес.
Ақпарат құралдарында жарияланғаны, қоғамдық резонанс туғызғаны үшін ғана лауазымды тұлғалардың жіті бақылауымен тергеліп, ағаттыққа бой алдырған қызметкерлердің жазаланған шулы істер бір бұл емес. Сонда, әр жәбір көрген, құқығы аяққа тапталған азамат алдымен құқыққорғау органдарына арыз жазуға емес, блогосферада беделі бар блогер іздеуге асығуы керек пе? Ал, көптің құлақтануын қажет етпейтін, жеке адамдардың ар-намысына, отбасылық, әлеуметтік жағдайына байланысты барынша құпиялылық сақтауды қажет ететін оқиғалар кезінде қайтпек керек?
Дархан Мұқантегі