«Қазақстанда Ресейдің үш банкі - "Сбербанк", ВТБ және "Альфа-банк" енді еншілес бөлімшелері арқылы жұмыс істейді.
Үш банк те несиелендіру нарығындағы үлесін көбейтіп, депозиттік базасын кеңейтуге күш салып отыр. Егер былтыр елдегі барлық банктердің депозит көлемі орта есеппен 16 пайызға өссе (бірақ жеті банктің салымшыларының көбі депозиттерін қайтарып алды), ресейлік үш банк салым көлемі 90-100 пайызға артқанын хабарлады. Үш банктің бір жылда берген несиесінің жиынтық көлемі 35 пайызға өскен. Бірақ бұл үш банктің несие қоржынындағы қайтару мерзімі өтіп кеткен несиелер үлесі Қазақстанның банк жүйесінен көп төмен»деп хабарлайды «Азаттық» радиосы.
Бұл нені көрсетеді?
Бұл Ресейдің Қазақстанды өзінің банктер жүйесі арқылы жаулап алуды бастап кеткенін көрсетеді. Оның үстіне Қазақстандағы екінші деңгейдегі банктердің жағдайының нашар екенін, халыққа несие беруге қабілетсіз екенін бүгінгі биліктің өзі мойындап отыр. Қай мемлекеттің де негізігі тірегі - экономика. Қазақстан экономикасын бүгіндері банктері жаулап алып жатса, ертең елімізді саяси жағынан жаулап алу басталады деген сөз. Ресейлік банктердің барлығы халыққа несиені өздерінің рублімен бере бастаса, елді экономикалық тұрғыдан жаулап алу емей, немене?
Қазірдің өзінде Қазақстан азаматтары пайыздық көрсеткіші төмен Ресей банктеріне жүгінуді бастап кеткенін сол "Азаттық» радосы өз беттерінде жазып жатыр.
Мына біздің биліктің неге «Еуразия одағына» сонша «құмартып» отырғандарының артында не тұрғанын енді түсінуге болады.
Мемлекет басшысының қанша жерден: «Біз Тәуелсіздігімізден айрылмаймыз» деп жар салғанымен, еліміз біртіндеп тәуелсіздігінің тізгінін Мәскеуге беріп жатқанын Қазақстанды қаптап кеткен Ресей банктерінен байқау оншалықты қиынға түспейді.
Сонау ХҮІІІ ғасырда партшалық Ресей Қазақстанды жаулап алуды қазақтың ауқаттыларына пайыздық көлемі төмен несиелер, ақшалар үлестірумен бастағаны жөнінде кезінде «Алаш» көсемдері аз жазған жоқ болатын. Міне, ХХІ ғасырда да сол Ресей Қазақстанды отарлауды өздерінің банктерімен бастап кеткендей әсер етеді.
Жұмаш Кенебай