Біз не үшін Адольф Гитлерді жазып отырмыз? Оның екі себебі бар:Біріншісі – мемлекет басына, ғайыптан тайып А.Гитлер секілді бір адам кездейсоқ келіп қалған жағдайда, оған ерген бүкіл халықтың орға жығылатынын көрсету үшін! Мәселен, бір ғана тарихи тұлға дүниенің астаң-кестеңін шығарып, төңкеріп жібере жаздады. Бүкіл әлемнің 72 мемлекеті қатысқан адамзат тарихының ең сұрапыл соғысында 60 млн.-ға жуық адам қаза тауып, 110 млн.-нан астам адам жарақат алды. Осылайша Адольф Гитлер – Екінші дүниежүзілік соғыстың ең басты қылмыскері болып табылады. Ал оған ерген неміс халқы Гитлердің ұлтшылдық-фашистік идеясының құрбандығына айнала жаздады.
Екіншісі – ұлтшылдық-шовинистік идеяны қайта жалаулатып келе жатқан құдайы көршіміз – Ресей империясының қазіргі билігінің аса қауіпті саясатынан қорғану мақсатында жазып отырмыз! Ұлтшылдық идеясы – халықты бір мақсатқа жұмылдыруға келгенде керемет таптырмас құрал екені бесенеден белгілі. Мәселен, аз ұлттар оны өзінің қорғаныш құралы ретінде пайдаланса, ал әлемге билік жүргізгісі келген үлкен ұлттар болса, оны өзгелерге үстемдік етудің басты құралы ретінде пайдаланады. Гитлер мен Путиннің іс-әрекеттерінде ұқсастық бар ма? Бұл сұрақтың нақты жауабын табу үшін біз белгілі тарихшылар мен қоғам қайраткерлерінің пікіріне сүйенейік:
1. Сайын БОРБАСОВ, тарих ғылымдарының докторы (сұхбаттан үзінді):
– Менің ойымша, Гитлер мен Путинді қатар қоюға болмайды. Бұл – басқа тарихи ахуал, басқа жағдай. Бірақ Ресей көршілерінің жерін ала бастады.
– Гитлер де 1938 жылы Чехословакияның немістер көп тұратын Судет облысын тура осындай жағдайда референдум өткізіп, өзіне қосып алғанын әлгінде өзіңіз айттыңыз...
– Рас, ұқсайды. Бірақ әзірше Путинді Гитлерге ұқсатуға болмайды. Егер осы бағытпен ары қарай кетіп, құныға берсе, онда Гитлерге ұқсап кетуі ықтимал. Симптом бар...
– Ресейде қазір неофашистер, скинхедтер дегендер шығып жатыр...
– Фашизм деген – өте күрделі құбылыс. Иә, қазіргі скинхедтерің – фашистер. Барлық атрибутикалары фашистерден алынған. Ондай ұйымдар Украинада да, Германияда да, Ұлыбританияда да бар. Қазір фашистік идеология Мәскеуде, Санкт-Петербургте өте күшті. Ресейдің ең ірі екі қаласы орыс фашизмінің орталығына айналып барады. Олар да сол фашистік идеологияны ұстанады. «Біз, орыстар – бәрінен артықпыз, орыс – мәдениетті әлемге таратушы, орыс – бәрінен озық, орыс – бәрін бірінші жасаған. Ғарышқа бірінші ұшқан – орыс, Солтүстік мұзды мұхитқа бірінші шыққан – орыс, Айға корабль ұшырған – орыс» деген идеология бар. Бұл да өте қауіпті идеология. Сондықтан қазіргі адамзат баласы фашизмнен сабақ алуы керек. Фашизмнің талқандалуы адамзатты құтқарып қалды.
2. Зардыхан ҚИНАЯТҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері (сауалнамадан үзінді):
– Мұндай ұқсастықты В.Путин бастаған Ресей шовинистерінің әрекетінен оңды-солды аңғаруға болады. Гитлер 1930 жылдары славяндар мен еврейлердің австро-неміс азшылығына қатысты әрекеттерін кемсітушілік деп бағалап, оған ұлы арийлық нәсілшілдік саясатын қарсы қойды. Бұл ақыры Екінші дүниежүзілік соғысқа әкеп соқтырды. Соғыстың салдары белгілі. Ал В.Путин Кеңестер Одағының ыдырауын орыстың құлдырауы деп түсінді де, империяны қайта құру жолына түсті. Әрине, қызыл империяны сол күйінде қайта құру мүмкін еместігін Путин және оның идеологтары түсінеді. Олар империя құрудың жаңа жолын іздеді. Ондай жол еуразияшылдықта жатқан еді. Еуразияшылдықтың архитекторлары – қазір бұл жобаның авторымын деп жүргендер емес, ХІХ ғасырдағы орыстың ақ эммиграттары: Н.С.Трубецкой, В.О.Ключевский, П.И.Савицкий, С.Пушкарев, үлкен Гумилев және басқалар. Бұл жобаның авторлығы да, мұрагерлігі де орыстарға тиесілі. Бірақ кәнігі стратег Путин идеяны өзі емес, басқаның аузымен айтқызды да, дереу іске кірісіп кетті. РФ, Қазақстан, Белорусь үштік одағын құрғаннан кейін бұрын Кеңестер Одағының құрамында болған басқа мемлекеттерге жан-жақты қысым көрсете бастады. Ол бұл әрекетіне, бірінші –экономиканы, екінші – сол елдерде тұратын орыстарды, үшінші – бұрынғы кеңестік менталитетті басты құрал ретінде қолданды. Әзірге ресейліктерге екі-ақ мемлекет өз еркімен бас ұрды. Ал бас ұрмағандары қысымға ұшырады. Әуелі Молдовадан Днестр жағалауы аймағын басып алды, Грузиядан Абхазия мен Оңтүстік Осетинді, Украинадан Қырым татарларының жері – Қырым түбегі мен Симферопольді басып алды. Одан әрі Латвия мен Литваға ауыз салатын түрі бар. Этникалық құралды кезінде Гитлер де қолданған болатын. Тура Гитлер сияқты Путин де «Басқа мемлекеттердегі орыстардың мүддесін қорғаймыз», – дейді. Сонда қалай, басқа мемлекеттердің өзіндік конституциясы, заңдары жоқ па?! Ондағы халық неге өз заңына емес, Путиннің өктемшілігіне бағынуы керек?! Бүгінгі жағдайда әлем болып Путиннің озбырлығына шектеу қоймаса, келешекте Украина мен Грузияға төнген қайғы бұлты басқалардың да басына үйірілуі әбден мүмкін. Путиншілдер басқаға қырғидай тиеді, ал өз елінде басқа ұлт өкілдерінің бәрін дерлік орысқа айналдырып жіберді. Мысалы, қазір Ресейде 800 мыңнан аса қазақ бар. Бірақ қазақ тілінде оқытатын бірде-бір ресми мектеп жоқ. Бүгінде ұлы державалық шовинизм Ресейде ұлттық идеология деңгейіне көтерілді. Мұндай жағдайда бөгде ұлттар орыстың қолтығына кіру арқылы өзін сақтап қалуы мүмкін емес. Тек тәуелсіздік туын биік ұстап, орыстың державалық амбициясымен қақтығысқа түспей-ақ, өзін ұлт ретінде сақтап қалатын келелі шараларға көшуі керек. Өмірде мұндай тәжірибелер аз емес.
3. Расул ЖҰМАЛЫ, саясаттанушы (сұхбаттан үзінді):
– Шын мәнісінде мұндай салыстырулар жасаған орынды да шығар. Себебі екеуінің көп ұстанымдары, жасаған мәлімдемелері, түсіндірмелері өте ұқсас. Сөз болып отырған 1938 жылы Гитлердің Чехияның Судет облысын басып алуы ғой. Иә, Чехияның бұл аумағында, негізінен, немістер тұратын. Судетті басып алғанда Гитлер «Бұлар – біздің қандастарымыз. Олардың көрші елдегі жағдайы аянышты. Олар жергілікті биліктен тілдік, әлеуметтік тұрғыдан қатты қысым көріп отыр. Сондықтан Судет облысын өзімізге қарату арқылы тарихи әділеттілікті қалпына келтіреміз» деген уәжін алға тартқан болатын. Ол осы сөзіне барлығын сендірді және сол мақсатын жүзеге асырды. Гитлер бұл бірінші қадамымен тоқтаған жоқ. Әлемдік қауымдастық, басқа мемлекеттер көз жұмып қараған соң, өз әрекетін ары қарай жалғастырып, соңынан Австрияны, Венгрияны, Румынияны алды. Ақыр аяғы Екінші дүниежүзілік соғысқа ұласты. Владимир Путиннің кешегі көтеріп отырған мәселелері де сол оқиғалармен ұқсас. Бірақ бұл тұрғыда Путин Гитлерден де асып түскен сияқты. Өйткені 1938 жылы Гитлер тек неміс ұлтының өкілдері жайында сөз қозғаса, Путин тек орыстар ғана емес, орыстілділер деген мәселе көтеріп отыр. Яғни басқа елге басып кіру үшін тек орыстар ғана емес, орыстілділердің құқының шектелгені де желеу бола алады екен. Қазір Ресейдің Мемлекеттік думасы осыған қатысты заңдарына өзгерістер енгізуде. Бұл заңға сәйкес, енді Ресей азаматтығын тек орыс ұлтының өкілдері ғана емес, жалпы, кезінде Кеңес Одағының аумағында өмір сүрген немесе туысқандары өмір сүрген, орыс тілін білетін азаматтар да ала алады. Осылайша жеделдете Ресейдің паспорттарын таратып, азаматтықты қабылдау заңдарын жеңілдетіп, әрекеттер жасап жатыр. Осыған қарағанда Путин бұл идеяны одан әрі жалғастыратын, кеңейтетін сияқты. Ал енді негізгі сұрағыңызға келсек, басқа мемлекеттің бөтен елге өз паспортын таратуы, әрине, халықаралық заңдарға және сол елдің Конституциясына қайшы. Бірақ Ресей өкілдері Қырымда паспорт тарату мәселесімен, негізінен, Қырымды өздеріне қосып алғаннан кейін айналыса бастады. Ал Грузияның жағдайында басқаша болды. Ресей Абхазия мен Оңтүстік Осетияны Грузиядан соғыс қимылдарының нәтижесінде 2008 жылы бөліп алды. Алайда осы аумақтарда жергілікті азаматтарға Ресей паспортын жазып беру үрдісі 90-жылдары-ақ басталған болатын. Бұған, мүмкін, дәл осы аумақтардағы Грузия билігінің әлсіздігі, бұл мәселелерге қырағы қарамағандығы, жемқорлық т.с.с. жағдайлар себеп болған шығар. Яғни 2008 жылы әлі де Грузияның аумағында болған Абхазия мен Оңтүстік Осетия халқының шамамен 80-90 пайызының қолдарында Ресей паспорттары болды. Ресейдің Грузияға басып кіруі үшін бұл негізгі желеуге айналды. Сол кезде Путин: «Оңтүстік Осетия мен Абхазиядағы біздің азаматтарымызға қауіп төніп, олардың құқықтары бұзылып жатыр. Біз Конституция бойынша өз азаматтарымыздың құқықтарын қорғауға міндеттіміз», – деп мәлімдеген еді. Меніңше, біздің еліміз де мұндай жағдайлардан сабақ алуы тиіс. Себебі біздің де біраз азаматтарымыздың қолында қазір түрлі жолдармен алынған Ресей паспорттары бар. Әйтсе де олар Қазақстанның азаматтығынан шықпаған. – Соңғы кездері Ресейде скинхедтер, неофашистер дегендер көбейіп кетті. Шындап келгенде, егер қажет деп тапса, кез келген мемлекеттің өз аумағындағы экстремистік ұйымдарға тыйым салуға, тоқтатуға мүмкіндігі, күші жетеді ғой. Путиннің билігі скинхедтер сияқты фашистік ұйымдардың дамуына әдейі жол беріп отыр ма деген ой туады... – Иә, мұндай ойдың туатыны рас. Дегенмен Ресейдің өзі де Украина т.б.елдердің ішкі істеріне араласқанда, «бұл елдерде фашистік ұйымдар, нацистер, бандеровшілдер көбейіп кетті» деген желеуді алға тартады. Қазіргі ресейлік саясаткерлер, саясаттанушылар осындай айдар тағуға үйреніп алған. Бұл олардың тактикаларының біріне айналды. Мәселе олардың идеологиясында емес. Кімде-кім Ресейдің саяси ұстанымдарына қарсы шығып, Ресеймен интеграциядан бас тартатын болса, бұлардың барлығы – Ресей үшін жау. Бітті. Және ол жауларына тағылатын айдарлар да үйреншікті: «фашист», «русофоб», «бандеровшіл» т.т. Шын мәнісінде, дәл осындай жағдай Украинада орын алып отырған жоқ. Украина тек өз заңдарының орындалуын, ел азаматтарының ұлтына, нәсіліне немесе дініне қарамай осы мемлекеттің тілін, яғни украин тілін білуін, украин Конституциясын құрметтеуін т.с.с. талап етті. Сонау 90-жылдардың басынан бері Ресейдің Украинаға қатты қысым жасауының бір себебі – орыс тілін Украинада екінші мемлекеттік тіл еткісі келгендігі. Сол арқылы украин тілін менсінбейтін азаматтарына жеңілдік жасау мақсатын көздеді. Кезінде Ресей Украинаға «жергілікті орыстарды, яғни Украинаның азаматтарын украин тілін оқуға мәжбүрлеп отыр» деген айып таққаны белгілі. Ал Ресейдің өз ішіндегі жағдайға келсек, мұнда орыс тілін білмей тұрып Ресей азаматтығын алу мүмкін емес. Тіпті өз азаматтарын былай қойып, шетелден уақытша жұмыс істеуге келетіндерден, өзбек, тәжік т.с.с. ұлттардан Ресейге кіру визасын беру үшін орыс тілі мен орыс әдебиетінен емтихан қабылдайды. Көпұлтты мемлекет болғанымен, онда тек бір ғана тіл – орыс тілі үстемдік құрған. Бұл да – екіжақты стандарттың айқын көрінісі... ...Ал негізгі сұраққа келсек, иә, бүгінде көпұлтты мемлекет болса да, Ресейдің өз ішінде ұлтшыл, фашистік, нацистік қозғалыстар үдеп бара жатыр. Олар «Ресей – орыстардың мемлекеті!», «Ресей – орыстар үшін!» деген сияқты ұрандар көтереді. Немесе «Бүкіл Кавказды тікенек сыммен қоршап тастап, бұлардың отбасыларында екеуден артық баланың болуына тыйым салу керек» деген сияқты мәлімдемелер жасап жүрген Жириновскийді алыңыз. Ол осы сөзімен Гитлерден де асып түсті. Бірақ бұлардың барлығы мемлекет тарапынан, Ресей президенті, үкіметі немесе Мемлекеттік думасы тарапынан болсын айыпталмайды, сыналмайды. Есесіне, Ресейдің өз ішінде ұлтаралық негіздегі қылмыстар, түрі орыс болмағаны үшін басқа ұлт өкілдерінің соққыға жығылу, тіпті мерт болу оқиғалары жыл сайын көбейіп барады. – Солардың көпшілігі Ресейдің өз азаматтары емес пе? Мысалы, якуттар, тувалықтар, алтайлықтар, кавказдықтар сияқты... – Иә, скинхедтер кімнің кім екеніне қарап жатқан жоқ. Ресей азаматысың ба, жоқ па? Оларға бәрібір. Түрің бөлек болса болғаны, ыңғайы келсе, тарпа бас салады. Бұл, бәлкім, елдегі орыстандыру саясатының нәтижесі болар. Осындай бір ұлтты жоғары қойып, қалғандарын кемсіту үрдісі бүгінгі Ресейде қанатын кең жаюда. Аянышты және өте қорқынышты жағдай. Тіпті орыстілді, орыстарға бүйрегі бұрып тұратын адамдардың өздері қазір бұл елге қыдырып немесе көшіп барудан қашқақтайтын, қорқатын болды. Бұның барлығы әлеуметтік желілерде айтылуда. Ал Путин бастаған ресми биліктің, құқық қорғау органдарының фашистік топтарды ауыздықтау жөнінде тиісті әрекеттер жасамай отырғаны, көптеген ұлтаралық негіздегі қылмыстарды жай ғана тұрмыстық қылмыс ретінде қарастыруы да ойлантарлық жағдай. Егер оларды ауыздықтамайтын, әшкерелемейтін болса, демек, олардың өздері осыған мүдделі болулары әбден мүмкін.
Құрметпен, Жарылқап ҚАЛЫБАЙ