СОПЫЛАРДЫ СОТТАТҚАНДАРДЫҢ САЛАФИТТЕРМЕН СӘЛЕМІ ТҮЗУ СИЯҚТЫ

/uploads/thumbnail/20170709063723718_small.jpg

Бүгін таң атқалы парламент депутаттары экстремизм, терроризмге қарсы заң жобасын талқылауға кіріскені туралы айтыла бастады. Құптарлық іс.

Осы орайда, өткенге оралып, бұрынырақта істі болған діни бірлестіктер мен ұйымдардың, ағымдар өкілдері туралы ойланғанымыз жөн. Батыс облыстарда, Ақмола облысында нақты лаңкестік әрекеттер жасаған, жоспарлаған радикалдардың біразы 2006 жылдан бері заң бойынша жауапқа тартылды. Олардың алды бүгінде жазаларын өтеп, бостандыққа шықты да. Содан сабақ алдық па? Сол оқиғалардан соң заңның кем-кетігін түгендеп, олқылықтардың орнын толтырдық па? «Иә» дей алмаймыз.

Одан кейін 2011 жылғы «зікіршілер» деп аталған сопылық ағым өкілдерінің ісін де ұмыта қоймадық. Бұл топ алдыңғылары сияқты қару асынып, жарылыс жасамаса да, күштік құрылымдардың қырына ілініп, қудаланып кетті. Қоғамда да олар туралы небір жағымсыз ақпараттар тарап, тіпті, деректі фильм де түсірілді. Ол да ағым өкілдеріне қолданылған қатаң жазаны ел ішінде жуып-шаюға бағытталғанын түсіне қойдық. «Сопылар ісі» бойынша сотталған діни қайраткер, атамекенге оралған қазақ Исматулла ақсақалмен бірге әлемге танымал ғалым, өнертапқыш, үлкен білім иесі Саят Ыбырай да темір тордың арғы жағына кете барды. «Дінаралық араздық туғызды» деген айыппен қамалған ғалымның бостандыққа шығуын талап етіп жүргендер ғылыми, рухани ортада әлі де бар. Соттан бөлек, ақпараттық кеңістікке тасталған арандатушы мәліметтер кесірінен кәсіби біліктілігі жоғары бір топ журналистерге де түрлі жала жабылып, республикалық ақпарат құралдарынан шеттетілді. Содан бері «ұлттық», «республикалық», тағы бірдеңе деген анықтамалары бар белді телеарналардың эфирі кәкір-шүкірге, арзанқол шоу бағдарламадан көз ашпай келеді.

Ал, теріс ағымдарды тұсауға бағытталған қазіргі шаралар қалай жүруде? Бір қарағанда қауіпсіздік комитеті елдің әр өңірінен бірнеше лаңкесті құрықтапты, үлкен терактілердің алды алыныпты. Терроризммен күрес тек ҰҚК басшысына керек сияқты әсерде қаласыз? Қоғам неге үнсіз? Танымал дінтанушылар, саясаттанушылар, заңгерлер радикалдық идеологияның тарауына тосқауыл қоюдың жолдарын ел талқысына неге ұсынбайды. Әлгі, Мәжіліске жетті деген жеті заңның жобасымен ел неге таныспайды? Әлде халық ондай ақпарат алуға лайықты емес пе? Кезінде сопыларды жерден алып, жерге салған «сенсациялық» бағдарламалар жасаған журналистер қайда?

Алаңдатып отырғаны, соңғы күндері орыс тілді ақпарат құралдары, әлеуметтік желі қолданушылары «Идеоогияға тыйыс салу – қисынсыз бастама, ол – мүмкін емес» деген пікірлерді көптеп таратуда. Бұл да жымысқы әрекет емес пе? Дамыған елдерді былай қойып, іргеміздегі Ресейде, Өзбекстанда, тіпті, араб мемлекеттерінің біразында радикалдық ұстанымдағы салафизм, уаххабизм идеологтарының еңбектері мен олар шығарған пәтуа, үкімдерге қатаң тыйым салынған, олар біздегідей емін еркін тарамайды. Ондай «ғұламаларға» құлақ асқандар да оңбайды. Бұл «идеологияға тыйым салу» емес пе?

«Идеологияға тыйым салу мүмкін емес» дейтіндер салафизмді астыртын жолдармен ақтап алуды көздеп отырған сияқты. Олай дейтініміз, уаххабит, құранит, тағы басқа, аннан-мыннан ағылған ағымдарды ашық сынаған сопылар істі болғанда ол қуғындауларға сол сыналғандардың тікелей қатысы бар екендігі туралы әңгімелер шыққан. Бүгінде содырлардың сойқанын сөз бұйдаға салушыларды көріп, сол сопыларды соттатқандардың шынымен де салафиттермен сәлемі түзу ме деп қалдық.

Әлім Кенжеғұл

Қатысты Мақалалар