Арада апта өтпей, бірінен кейін бірі өз-өздеріне қол салған жастар жайындағы қара хабарды телеарна жаңалықтары сол кезде жарыса хабарлап жатты. Олардың өмірден түңіліп, аяқ астынан осындай шешім қабылдауларына не себеп болғанын ешкім де, керек десеңіз, жақындары да дөп басып айтқан емес. Тек болжам ғана бар. Ал, бұл жасөспірімдердің өмірмен қош айтысулары арнайы мамандарымыздың санасына сосын барып қана жеткендей, психологтар оқу аяқталардың соңғы күндерінде ғана балалармен тығыз жұмыс жүргізе бастағанын естідік. Шындығында, осындай жұмыс соңғы 4-5 жылдың көлемінде мектеп оқушыларының, әсіресе, мектеп бітіруші жастардың арасында кеңінен тарап кеткен өз өмірін қиюға ниеттенгендердің белгісі біліне бастаған алғашқы кездерде-ақ мықтап қолға алынуы керек еді-ау. Өкінішке қарай, қолымызды кеш сермегеніміздің арқасында осындай ауыр жағдайға жеңіл қарайтын жастарымыздың саны артып, жасөспірімдер арасындағы суицид жөнінде Қазақстан бұл күнде алдыңғы орынға шыққанын шетелдік сарапшылар алдымызға жайып берді. Ал, өткен жылы "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығы келтірген дерек көздері 15 пен 19 жас аралығындағы жастарымыздың 31 мыңынан астамынан қапыда көз жазып қалғанымызды келтірген болатын. Былтырғы жылдың алғашқы бес айының соңғы екі аптасында алты бала өз-өздеріне қол жұмсап, өмірден озды. Мектепте соңғы қоңырау соғыларға санаулы ғана күндер қалғанда осындай оқыс жайттар бірінен кейін бірі қайталанды. Қиылып жатқан қыршын өмірлерге қарап, бүгінгі біздің, қоғамымыздағы, ортамыздағы, отбасымыздағы жіберіп жатқан кемшіліктеріміз еске түседі. Кез келген қиын жағдайда, әсіресе, қара жамылған қамкөңіл тұста бұл олқылықтарды сараламасқа әсте болмас.
Себеп әртүрлі
Жалпы, суицидке "өз өмірін қиюға ниеті бар мінез-құлық" деп, ат қойып, айдар таққанымызбен, дәрігерлер мұны аурудың бір түрі деп көрсетсе, психологтар жан күйзелісінің көрінісі деп түсіндіреді. Ал, осы орайда психиатрлар адамның өз-өзіне қол салуын мынадай үш себеппен байланыстырады. Яғни, бірінші себеп - адамның өзіне көңілінің толмауы. Мінез-құлқына, түр-әлпетіне көңілі толмаған бала өзін өзгелерден бір саты төмен ұстап, кемсітуінің нәтижесі өмір сүрудің мән-маңызын жоғалтуға әкеп соғады екен. Екінші себеп, психологиялық дағдарысты көңіл-күй, әлеуметтік дау-дамайлар. Оның көрінісі сүйіктісіне қол жеткізе алмағандардың, "жауапсыз махаббаттың" құрбанына айналғандардың, ата-анасымен, ұстазымен немесе досымен ренжісіп қалған жастардың мұндай қиын жағдайдан шығаратын жолды өзіне қол жұмсау деп білуі. Үшінші себеп психикалық ауытқулар, физиологиялық факторлардың әсері, яғни, жан күйзелісінің орын алуы. Әрине, мұндай жағдайда дәрігердің бақылауына алынған олармен психологтар, социологтар жұмыс істейді. Психиатрлар бірінші және екінші себеп бойынша суицидке баратын жастардың ақыл-есі дұрыс, денсаулығында кінәрат жоқ, бірақ, бір минуттық әлсіздік оларды өмірден жұлып алып кететінін алға тартады.
Сенімсіз болашақ
"Бір минуттық әлсіздік". Әрине, дәл осы сәтті жіберіп алған ата-ана, ұстаз да, дос-жаран, құрбы-құрдас та өздерінің жанындағы адамнан қапыда айырылып қалғанын қанша жерден жер тепкілеп, көз жасын көлдетіп төккенімен, өкініштің орнын толтыра алмайды. Бірақ, ол баршамызға сабақ болуы тиіс. Бүгінгі күні жұмыстың соңына түсіп, бас көтеруге бір уақыты бола бермейтін ата-ана қалт еткенінде бауыр еті балаларының қасынан табылып, жылы-жұмсақ, тәттісін беріп отырып, әңгіме-дүкен құрып, іштегі сырларымен бөлісіп, емен-жарқын сөйлессе мұндай қиын да ауыр жағдайға тап болмас па едік?! Сол секілді мектепте ұстаздар да қас-қабағы түсіңкіреген оқушысын жанына жақын тартып сөйлессе, ақыл-кеңесін аямаса, мұндай қателік орын алар ма еді? Ал, айтқызбай-ақ, сырыңды да, жаныңды да жаңылмай ұғатын достары ше? Өз кезегінде олар да құрбы-құрдасының көңіл-күйінің болмай жүргеніне елемеген сыңай танытуы осындайда кешірілмес күнә саналмай ма? Өйткені, бір минуттық әлсіздік кезінде жанында жақын тартар ешкімнің болмағаны, іштегі бар уайым мен жанды жеген өкініш не сырдың бүкпесіз ақтарылмауы, соған орай өзін қолдай қояр адамның табылмауынан осындай қадамға еріксіз жол беріліп жатады. Қамсыз жан еріккеннен барып биік қабатты үйден секіріп кетпесі бесенеден белгілі болар. Ендеше психологтарымыз да, психиатрларымыз да айтып жүрген, егер қамкөңіл жайтқа, күйзеліске душар болған баланың әрекеттерін елеп-ескермесек, сан соққанымыз бір бұл болмақ емес. Сол арнайы мамандарымыздың өздері мұндай жағдайларда балалардың ең алдымен мінез-құлқының өзгеретінін айтады. Томаға-тұйық тартып, әңгімеден қашқақтап, енжарлық, селқостық таныта бастауы не болмаса, бұрынғы мінезіне мүлде ұқсамайтын ашуланшақ болып алса да, ол екінің бірін ойландырмай қоймауы қажет. Сабаққа барудан қашқақтап, сылтауларды көбейтсе де немесе ақша сұрағыштап, қалтаны қағып бара жатса да, оның бір себебі болуы тиіс. Сондықтан, кез келген баланың басындағы мұндай белгілерге көз жұма қарау әсте дұрыс емес.
Жөнсіз насихат
Жоғарыда, бір сөзімізде бұл дерттің алдын алуда педагог-психолог мамандар мен ата-ананың рөлінің жоғары екендігін айттық. Жастайынан баланың қандай қиын жағдайға да қарсы тұра алар мықты күші, сенімі болуы керектігін санасына құйып, жақындарының, туыстарының, отбасының оны, бір-бірін жақсы көретіндіктерін білдіріп, сездіріп отырса, шығармашылық, өмірлік жоспарлар жайында жиі әңгіме қозғап, оның болашағына сеніммен қарауға үйретсе, мұндай әлсіз қадамның жолы, сөзсіз, қиылар еді. Ертеңгі күнгі бұлыңғыр болашақтың алғашқы қадамына аяқ басар тұста жас жүрек үлкен қолдау, өздеріне деген нық сенімді жақындарынан, ұстаздарынан күтеді.
Екіншіден, суицид жасаған балаларды ашық түрде насихаттаудың жөні болуы керек. Он бірінші қабаттан құлдилап, түскен жерін қып-қызыл қанға бояған екі қыздың өлімі өз-өздерінің ертеңіне сенімсіз қанша баланың психикасына кері әсер еткенін ескердік пе екен? Бала тұрмақ, үп-үлкен басымен өз жеткіншектерінің алдында отырған ата-ана да үнсіз қарай алмайтын көрініс еді бұл. Сондықтан, біз осындай кадрларды көрсету арқылы өз қолымызбен, саналы түрде жастарымызды өлімге итермелеп жатқандай көрінеміз. Жалпы, біле-білгенге, бұл ауыр мәселе қоғам алдында дәл сол қалпы көрсетілмей, арнайы мамандардың қатысуымен ғана талқылауды қажет ететінін ескере бермейміз.
Соңғы уақытта арнайы мекемелерге дерттің атауын ашық айтпау жайында тапсырма берілгенімен, өкінішке қарай, ол әзірге қағаз жүзінде қалып келе жатқаны рас. Сол секілді психологиялық орталықтар құрылып жатқанымен де, бұл орындарға бас сұғуды кейбіреулердің өздерін ауру адамдай сезінетіндері тағы анық. Сондықтан, халық әлі күнге бұл дерттің атауынан шошиды.
Төзім керек
Бірақ, солай бола тұра, желкілдеген жастардың кез келген қиындыққа қарсы тұра алмай, сын сағатында өздеріне қол жұмсап, жеңіл жол іздеуін бүкіл қоғам болып алдын алудың уақыты келгенін айтуымыз керек. Өмір деген қиыншылығын ұсынып отырып, төзімділігіңді тексеретін үлкен мектеп. Сондықтан, әлсіздік танытып, өзіне қол жұмсап жатса, мұны дініміз ислам да құптамайды. Мұндай жандардың жаназасын шығармауға бұйырады. Олай болса, Алла өзі берген жанды өзі алуы керектігін әрбір жас жанына тоқып өскені керек.
Таңшолпан Тарғын