Биылғы жылдың 27 тамызы мен 4 қыркүйегі аралығында Мәскеуде халықаралық әскери-музыкалық фестиваль өтті. Әлемнің әр түкпірінен майталмандар жиналған ән мерекесінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Күзет Қызметінің Президенттік оркестрі өнер көрсетті, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
«Спасская башня» — мемлекет басшыларының құрмет қарауылдары мен үздік деп танылған әскери шығармашылық ұжымдардың өнерін жұртшылық назарына ұсынатын халықаралық фестиваль.
Аталмыш өнер мерекесіне Мемлекеттік күзет қызметінің Құрмет қарауыл ротасы және Президент оркестрі 2009 жылдан бері арнайы қонақ ретінде қатысып келеді.
Плац-концертте көременнің көзайымына айналған Президенттік оркестр солистері Айым Қоғамова мен Мейрамбек Қарағанды «2 Unlimited» тобының «No limit» әнін тамаша орындап шықты. Қазақ әншілері әуелеткен патриоттық әндер, сап түзеген әскери қызметшілердің қарумен күрделі элементтерді көрсетудегі шеберлігіне шет ел жұртшылығы таң қалып, ресейлік көрермендер сүйсіне қол соқты. Қазақстандық өнерпаздар ұсынған көрсетілімнің бірінші бөлімі "Игра престолов" телехикаясының саундтрек әуенімен сүйемелденіп, Құрмет қарауыл ротасының сарбаздары салтанатты маршты мінсіз орындап шықты.
Президенттік оркестрдің солисі Әлібек Ізбасаровтың орындауындағы әндерді де жұртшылық ыстық ықыласпен қабылдады. «DjSmаsh» және «Винтаж» тобының «Москва» әні қазақстандық музыканттардың мәскеулік көрермендерге жасаған ерекше тартуы ретінде болды.
Мәскеу қаласының қала күніне және "Кино жылына" арналған мерекелік шара аясында ҚР Президенттік оркестрі шаһар саябақтарында өнер көрсетіп, қала тұрғындарының қошеметіне бөленді.
Бұған дейін «Спасская башня» фестивалінде жалпы саны 40 жуық мемлекеттің 140 музыкалық ұжымдары өнер көрсетіпті. Биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған фестивальге Сингапур, Словения, Австрия, Греция, Ресей, Моңғолия, Беларусь, Италия, Израиль, Жапониядан келген әскери оркестрлер қатысқан.

Айым Қоғамова, ҚР Президенттік оркестрінің әншісі:
— Фестивалден алған әсерім ерекше. Бұған дейін әлемнің көптеген мемлекеттерінде қазақ әндерін шырқап, өнер көрсеткен едім. Ал әскери әндер фестиваліне қатысу мен үшін үлкен сын болды. Шет елдік өнерпаздармен кездескенде олар қазақ өнері туралы көп сұрады. Қазақстанға келіп, ұлттық нақыштағы концерттерді өз көздерімен тамашалағысы келетінін айтты. Бірнеше тілде ән айтсам да қазақ әндерін шет ел сахнасында тамылжыта шырқауға келгенде өзіме үлкен сынмен қараймын.
Шарафат Жылқыбаева