Сербияның Ішкі істер министрі Небойша Стефанович бүгін арнайы өткізілген пресс-конференцияда ел үкіметі заңсыз миграцияға қарсы күреске қатысты Австрия мен Франциядан ресми түрде көмек сұрағанын мәлімдеді. Бұл туралы «Комсомольская правда» басылымы жазады.
«Біздің міндетіміз — заңсыз шекара бұзудың алдын алу, — деді шенеунік. — Ол үшін бізге техникалық құралдар қажет».
Шенеуніктің алаңдауының жөні бар. 3-8 қыркүйек аралығында Македония мен Болгария арқылы Сербия шекарасын 1000 адам кесіп өтпек болған. Полиция адам саудасымен айналысқандардың сегізін ұстаған. Автокөлік, грузовиктермен жүздеген мигрант тасымалдаған көрінеді. 22 шілдеден бері патрулдік полиция Сербияға өтпек болған 6 500 мигрантты анықтаған. Олардың 836–ы босқындарды қабылдау орталығына орналастырылса, қалғандары депортацияланған. Соңғы алты аптада шекарашылар шекарадан заңсыз өтудің 5,6 мың оқиғасын тіркеген.