Шулап жүріп, премьер-министр Кәрім Мәсімовті орнынан алдық. Бірақ, президенттің бұл шешімін отставка деуге келе ме? Әдетте, «отставка» дегенде артына ит қосып қумаса да, атқарған жұмысын сынап немесе қандай да бір айып тағып, қызметінен босатуды айтпай ма? Ал, Кәрім Мәсімов премьер креслосын босатқанымен өзін осы лауазымға тағайындаған басшысынан ондай сын естімеді. Демек, премьердің қызметінен кетуі – оның біліксіздігінің белгісі, министрлер кабинеті жұмысының тиімсіз болғандығынан емес. Жә, ары қарай кеттік.
Мәсімовтің премьерліктен кетуін қоғам жаман қабылдаған жоқ. Қуанған да жоқ. Оған себеп – елдегі ықпалды құрылымдардың бірі болып саналатын, атынан ат үркетін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы болып тағайындалуы. Олай дейтініміз Кәрімнің «КНБ-ға» барғанын құптағаннан, наразы болғандар көп сияқты.
Президент қалай болғанда да ешкім күтпеген, ешкімнің ойына кіріп-шықпаған шешім қабылдады. Бұл жерде «Мәсімов әне кетеді, міне кетеді» деп бал ашқан саяси сарапшылардың да кінәсі жоқ емес. Өйткені, премьерліктен алынған соң оның қайда тағайындалуы мүмкін екеніне ешкім бас қатырмады.
Мәсімовтің ҰҚК-ге тағайындалғанына оның бұрын көбіне қаржы, экономикалық салада қызмет еткені үшін ғана таңырқауға болмайды. ҰҚК басшылығына тағайындалған «азаматтық» басшы бір Мәсімов емес. Н. Әбіқаевті, М. Тәжинді еске түсіріңіз.
Сонымен, Кәрім Мәсімовтің ҰҚК басшылығына тағайындалуында не сыр бар? Саясаттанушы Досым Сәтбаев бұл тағайындау Мәсімов үшін «төмендеу» болып саналмайтынын айтады.
«Біріншіден, бұл Мәсімовтің карьерасындағы дебют болып отыр. Өйткені, бұл тағайындау Қорғаныс министрлігіне барған Иманғали Тасмағамбетовтың жолын еске түсіреді. Екіншіден, ұлттық қауіпсіздік, терроризммен күрес мәселелері алдыңғы қатарға шыққан сәтте Мәсімовтің ҰҚК-ға баруы оның салмағын жоғалтпағанын көрсетеді. Үшіншіден, Н. Әбіқаев ҰҚК басшылығынан кеткен соң ведомствоаралық келіспеушіліктер мәселесі өзекті болып отыр. В. Жұмақановқа қарағанда салмақты тұлғаның бұл органға келуі аталған мәселеде тәртіп орнатуы тиіс», - деп санамалайды Д. Сәтбаев.
Бүгін Үкіметтің кеңейтілген жиынын өткізген Елбасы да Мәсімовтің ҰҚК-ге тағайындалуына қатысты пікір білдірді.
«Үкiметте болып жатқан өзгерiстердi естiп-бiлiп отырсыздар. Оның өзiнiң логикасы бар. Бiрiншiден, қауiпсiздiк мәселесi жағын күшейту, нығайту, деңгейiн көтеру мәселесi бар. Одан кейiн Кәрiм Мәсiмовты өзiнiң келiсiмi бойынша қажеттi жерге барып отыр. Бұл қазiр өте қажеттi болып тұрғанын көрiп отырсыздар. Терроризм, басқа жағы да бар. Тәжiрибесi бар, республиканың жағдайын бiледi деп қойдым», - дедi Н.Назарбаев.
Демек, Президент ҰҚК басшылығына тағайындалған К. Мәсімовтен үлкен үміт күтіп отыр. Ұлттық қауіпсіздік, терроримз, экстремизммен күрестің өзекті шағында бұл ведомствоға шынымен де саяси салмағы бар басшының келгені де дұрыс. Бұл – теріс ағымдардың қоғам мен мемлекеттің әр саласына ықпал ете алатын күшке айналғанын мойындау. Олармен күресте бір чекистің әлеуеті жеткіліксіз болатыны да сөзсіз.
Елбасы артқан міндеттерді атқарып, ел тыныштығы мен ұлт қауіпсіздігіне қатер төндірген радикалдарды жөнге салуда Кәрімнің қарымы қандай болмақ? Ендігі мәселе де сол.
Жомарт Абдоллаұлы