Алтын фольганы Күншығыс елінен ғана көруге болады
Қалыңдығы 0,00001 немесе 0,00002 мм болатын шынайы алтын қағаз тек Жапонияда жасалады. Оның мың жылдан асатын тарихы бар. Сындырып алмас үшiн қолмен емес, бамбук таяқшаларымен ұстайтын асыл қағаз таза алтыннан жасалады. Ишикава префектурасындағы Канадзава қаласындағы «Сакуда» компаниясы елдегi алтын фольганың 99 пайызын шығарады. Бұрынғы кезде техника пайдаланылмай жасалған алтын қағазды хакудаши дейдi. Кейiнгi кезде бұл қағазды жасауға хакудаки деген аппарат қолданылатын болды. ХIҮ ғасырдағы Ашикага Йошимицу салдырған Кинкакудзи де алтын фольгамен қапталған. Огата Корина (1658-1706) есiмдi суретшiнiң туындыларынан да алтын фольганы көруге болады. Ежелгi жапон суретшiлерi алтынмен аптау әдiсiн жиi пайдаланған. Хаяшибара мұражайында Эдо дәуiрiндегi (1603-1867) Но театрының алтын фольгамен қапталған өрнектi костюмi сақтаулы тұр.
Кага өлкесiнiң билеушiсi Маэда Тошииэнiң (1538-1599) макиэ технологиясымен жасалған қылышының қыны қазiргi заманға жып-жылтыр күйiнде жетiп отыр. Сондай-ақ, Жапонияның ұлттық тарихи мұражайында алтын көмкерген Киото шаһары бейнеленген туынды бар. Суретшi тұтастай алтын фольганы пайдаланған.
Бұл ванна 50 кг сары алтыннан құйылған
Тынық мұхит жағалауындағы Камогава қаласы ыстық қайнарларымен белгiлi. Чиба префектурасына жататын осы қалада «Камогавахотэрумикадзуки» деген қонақүй орналасқан. Қонақүйге келушiлердiң алтын ваннаға түсуiне болады. Иә, кәдiмгi ванна, тек алтыннан жасалған. Құны қазiргi ақшамен 120 миллион иен болатын ванна 18 караттық 50 кг сары алтыннан құйылған. Көркем безендiрiлген өрнектi ваннаның суына 200 мыңға жуық адам шомылған көрiнедi. Қонақүй қызметкерлерi ваннаға түскендердiң алған әсерiн де қағазға тiркеп отырады. Сауалнама нәтижесiнде, шомылғандардың көпшiлiгi «алтын ваннаға түсiп, өзiмдi бiр сәтке нағыз миллионер сезiндiм» дептi.
Шарафат Жылқыбаева
жапонтанушы
Пікір қалдыру