Қытайда қазақ спортшыларына сұраныс жоғары

/uploads/thumbnail/20170708152238468_small.jpg

Астана төрінде 19 мемлекеттің 300-ден аса білекті палуандарының басын қосып, күрес түрлерінен жалауын желбіреткен Азия чемпионаты аяқталды. Шығыстың небір азулы спортшылары жиналған байрақты бәсекеде Қазақстан балуандары грек-рим күресінен жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болып, жалпы саны 14 жүлдеге қол жеткізді.

Грек-рим күресі бойынша Қытай мемлекетінің құрамасын қандасымыз Әлнұр Төргеұлы бастап келіпті. Біз миллиардтар елінің құрама командасын жаттықтырып жүрген қазақ жігітін әңгімеге тартуды жөн көрдік.

Спорттағы іргетасымды Қазақстанда қаладым

Әлнұр Төргеұлы 1976 жылы Құлжа қаласында дүниеге келіпті. «Жалпы күрес қазақтың қанында бар ғой. Ауылда өскен қара домалақ баламыз. 3-сыныптан бастап күреске қатынаса бастадым. 1992 жылы Алматы қаласына келіп, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектеп-интернатында білім алып, күрес өнеріндегі негізгі іргетасымды қаладым. Қытайға қайтып барған соң, 1995-1996 жылдары  Қытайдың біріншілігін қатарынан екі рет ұттым. 1996 жылдан бастап Қытай құрама командасына қабылданып, Әлем чемпионатына, Азия чемпионатына қатысып, жарқын жеңістерге жеттім», - дейді бапкер.

Қытай  чемпионатын өз салмағында бірнеше мәрте бағындырған қандасымыз 2004 жылы Грекияның Афины қаласында өткен Олимпиадада өнер көрсетіп, 13-орынға табан тірепті.

Қытайда қазақ спортшыларына сұраныс жоғары

Әлнүр Төргеұлының айтуынша, қазір Қытайда спортқа бейім қазақ жастарына деген сұраныс өте жоғары көрінеді. Қазы-қарта жеп өскен қазақтың қанына біткен күш қуатын мойындаса керек, қытайлық бапкерлер өз командасына қазақ спортшыларын тартуды көздейді екен.

«Қазір Қытай қазақтарының ішінде спорттың әр саласында өнер көрсетіп, ерекше жетістіктерімен көзге түсіп жүрген жастар көп. Қытайдың әр қаласында бокс, күрес, ережесіз жекпе-жек және спорттың басқа түрлерінде жүрген қазақтар бар. Соңғы жылдары қытайлық бапкерлердің командасына қазақ спортшыларын тарту «сәнге» айналып барады.

Мұндағы басты себеп - бабамыздан жалғасқан батырлығымыз, балуандығымыз.

Екіншіден, қазақ жастарының имандылығы, тәрбиелілігі, жаттығуға жауапкершілікпен қатысып, белсенді жұмыс жасайтындығы. Осы бағытынан таймаса, Қытай қазақтарынан Олимпиада шыңын бағындыратын талай чемпиондар шығатынына сенемін. Менде қолымда мүмкіндік тұрғанда қазақ ұландарының биік белестерді бағындыруына бір кісілік үлесімді қосуға тырысып жүрмін. Қайда жүрсе де қазақтың абыройы ортақ, намысы бір», -дейді ол.

Қытайлық бапкер, ережесіз жекпе-жекте атой салып жүрген Жұмабек Тұрсынұлы, еркін күресте ерекше көзге түсіп жүрген Ерланбек сынды жігіттердің ерлігін ерекше атап өтті. Олар Қытайда талай биіктерді бағындырған, спортта өз орны бар мықтылар екен.

Қазақстанда грек-рим күресі жақсы дамыған

Қандасымыз қытайлықтардың қазақстандық бапкерлермен селбестік жасағысы келетінін айтады.

 «Қазақстан спортының әлемде алар орны жоғары, талай байрақты бәсекелерде жақсы жетістіктерге жетіп жүр. Өзім білетін грек-рим күресі туралы айтар болсам, Қазақстанның грек-рим күресі Қытаймен мүлде ұқсамайды. Еуропа елдерінің күрес техникасына жақынырақ келеді.

Менің бір байқағаным, Қазақстан палуандарының жігері өте жоғары, көздерінде от бар. Қарсыластарынан еш қорықпайды. Өздеріне өте сенімді шығады. Қытайлық спортшыларға осындай қасиеттер жетіспейтін секілді.

Сондықтан, Қытайда Қазақстан грек-рим күресін жоғары бағалайды. Біз қазақстандық бапкерлермен сөйлесіп жатырмыз, басшылар өзара ақылдасты. Ынтымақтастық жасап, тәжірибе алмассақ дейміз. Бірлескен жаттығулар ұйымдастыруды көздеп отырмыз», - деген ойларын айтты Әлнұр қандасымыз.

Бұл жолғы дүбірлі дода  жоғары деңгейде ұйымдастырылған

Сонымен қатар ол осы жолғы Қазақ елінде өткен дүбірлі доданың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтады. «Астанада бірінші рет болып отырмын. Қаланың дамуында айтар жоқ. Кең де таза, адамға ерекше әсер береді. Мен Қазақ елінің болашағы бұдан да нұрлы деп білемін. Осы жолғы бәсекенің ұйымдастырылуы өте жоғары деңгейде өтті. Спорт кешені, қызмет көрсетуі бәрі керемет. Палуандардың бәсекесі де тартымды болды. Көзге түскен саңлақтар да көп. Атап айтар болсақ, 98 келі салмақта өнер көрсеткен Ерұлан Ысқақовтың шеберлігі керемет екен. Және Өзбекстан елінен келген Тасболат деген қандасымыз да жалындап тұр. Өте жақсы күресті. Ирандықтардың, қырғыздардың палуандарының деңгейі жоғары болды. Біздің құрама командамыздың да нәтижесі жаман болмады», - дейді Әлнұр.

Қай елде жүрсе де  жүрегі қазақ деп соққан қандастарымыздың беделі биік, абыройы асқақ бола бергей. Өнері мен рухы өр осындай жігерлі қандастарымызды қазақтың көк байрағын желбіретуге мүмкіндік жасасақ нұр үстіне нұр болар еді.

Нүсіпбек Ризабек

ҚазАқпарат

Қатысты Мақалалар