Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған бес институттық реформасының орындалу барысын насихаттау және түсіндіру мақсатында Алматы қалалық Демократиялық күштер коалициясының кезекті отырысы өтті, - деп хабарлайды Qamshy.kz aikyn.kz - ке сілтеме жасап.
Басқосуда «Индустриализация және экономикалық өсу» бағытының алғашқы нәтижелері талқыланды.
Жиынды ашқан Алматы қаласы Демократиялық күштер коалициясы төрағасының орынбасары Ахметжан Шардинов:
– Қазіргі уақытта Алматы қаласында мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму, 2020 жылдарға дейінгі қаланы өркендету бағдарламасы сияқты бірқатар нақты құжаттар қабылданды. Соның нәтижесінде оңтүстік мегаполисте қарқынды өсу бар, өркендеу бар. Шағын және орта бизнес те дамып келеді. Осының бәрі ең бастысы – қарапайым тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған, – деп атап өтті.
«Ауыл», «Ақжол» демократиялық партиясы, Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы, «Бірлік» партиясы мен жергілікті мемлекеттік органдарының өкілдері, ғалым сарапшылар ел өмірінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жетістіктер мен елеулі нәтижелердің аз емес екенін жеткізді.
– «100 нақты қадам» Ұлт жоспары еліміздегі индустриалды-инновациялық дамуды қамтамасыз ете отырып, Қазақстандағы бастау алған экономикалық реформаларды тереңдету арқылы әлемдік қуатты экономикалық жүйеге қосылуға бет алған ерекшелігімен құнды, – деп баға берді ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынов.
Жібек жолы бойында орналасқан Алматы шаһарының Орта Азиядағы қаржылық, экономикалық, өнеркәсіптік ірі орталық екенін айта келіп, қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ғанибек Әубәкіров өз сөзінде сол артықшылықтың арқасында бәсекелестікке лайықты өндіріс орындары мен кәсіпкерлік нысандарының көптеп ашылып жатқандығына кеңінен тоқталды.
«Осыған байланысты шағын және орта бизнесті дамыту, инвесторларды тарту мақсатында мемлекет Өңірлік кәсіпкерлер палатасы арқылы жаңа кәсіп игерушілерге айрықша жағдай туғызып, қолдау көрсетіп отыр»деп пікір қосты Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Тимур Хакимов.
Жиын қорытындысында қалалық Демократиялық күштер коалициясының мүшелері Ұлт жоспарының «Индустриализация және экономикалық өсу» бағытының қазірге дейінгі нәтижелерін оң бағалай отырып, бұл саладағы жұмыстардың табысты жүргізілуіне барлық жағынан қолдау көрсететіндеріне сенім білдірді.