«Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы А.Есімов, Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы В.Лоссерталес, ҚР Энергетика министрі Қ.Бозымбаев елордада өткен «Болашақ энергиясы» форумында баяндама жасады, - деп хабарлайды Qamshy.kz aikyn.kz - ке сілтеме жасап.
Форумды «Назарбаев университеті» АБҰ президенті Ш.Катсу жүргізді. Ол халықаралық жиын осымен үшінші рет ұйымдастырылып отырғанын атап көрсетіп: «Бұл басқосу пікір алмасуды, тәжірибе бөлісуді және нақты ұсыныс жасауды көздейді. Болашақтағы қиындықтарды қалай еңсеретіндігіміз де осы жерде талқыланады», – деді.
Ш.Катсудың сөзінше, қазір дүниежүзі баламалы қуат көздерін игілікке айналдыру бағытында түрлі тәжірибелер мен ізденістерге қадам жасап жатыр. Осы арқылы күн, жел, су сияқты табиғи қуат көздерін пайдаға жаратуда.
«Біз табиғи қуат көздері жалпыға ортақ энергияға балама болуы тиіс деген ұстанымды қолдаймыз. Себебі, жасанды энергия сарқылады, ал табиғи қуат көзі ешқашан таусылмайды және қоршаған ортаға кері әсерін тигізбейді», – деді «Назарбаев университеті» АБҰ президенті.
Бұдан кейін мінберге «Астана ЭКСПО – 2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы А.Есімов көтерілді. Ол күні бүгінге дейін атқарылған шараларға шолу жасап, халықаралық көрме кешені ғимараттарының құрылысы қарқынды жүріп жатқанын, көрме билеттерінің сатылымға шығарылғанын, «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесінің 74 мың билетін сатып алу бойынша 5 ірі келісімшарт жасалғанын, 4-11 қыркүйек аралығында Қазақстан бойынша шет мемлекеттің 100-ден астам туроператорына ақпараттық тур ұйымдастырылғанын, шетелдік туристерді қызықтыру үшін халықаралық көрме кезінде тақырыптық және мәдени-сауықтық 4 мың іс-шара өткізілетінін және көрме кезінде энтотуризмге басымдық берілетінін баяндады. Сөз арасында А.Есімов «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысуға ниет білдірген мемлекеттердің саны жоспарланғаннан асып кеткенін атап көрсетті.
«ЭКСПО – 2017» xалықаралық мамандандырылған көрмесінің құрылысына келетін болсақ, ол мерзімге сай жүргізілуде. Қазіргі уақытта құрылыстың 85 пайызы аяқталды. Құрылыс жұмыстарына 13 700 адам мен 560 теxника жұмылдырылған. Біздің көрмеге әлем қауымдастығы қатты қызығып жатыр. Қазірге дейін 103 мемлекет пен 17 xалықаралық ұйым көрмеге қатысатындықтарын растап үлгерді», – деді ол.
Басқарма төрағасының баяндауынша, ЭКСПО көрмесінің танымалдылығын арттыру мақсатындағы xалықаралық шараларды насихаттауға әлемдік кәсіпорындардың ірі алаңдары мен әлемдік БАҚ тартылуда.
«Масс-медиа бойынша аудиторияны қамту 221 млн адамды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 500 млн адамға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді А.Есімов.
Өз кезегінде Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы В.Лоссерталес Қазақстанның «ЭКСПО – 2017» көрмесін жоғары дәрежеде өткізуге деген талпынысы мен құлшынысы көңілге қуаныш ұялататынын тілге тиек етті.
«Маған сіздердің сапаға басымдық беріп жатқандықтарыңыз қатты әсер етіп жатыр. Мен бұған көрме кешенін бірнеше рет аралап көрген кезде көз жеткіздім. Құрылыс жұмыстары жоғары қарқынмен атқарылуда.
25 жылдық қызметімде нысандар құрылысының жедел жүргізіліп, өз деңгейінде өткізілгенін алғаш көріп отырғанымды жасырмаймын. Алдағы «ЭКСПО – 2017» көрмесінің жемісті өтетініне сенім мол», – деді Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы.
В.Лоссерталестің сөзінше, Астанада өтетін «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінің болашақтың энергиясы тақырыбына арналуы болашақтағы адамзаттың алдынан көлденең кездесетін қуат көздерінің тапшылығын шешіп, тұрақты дамуына серпін береді. Ал «Астана ЭКСПО – 2017» нысандары алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі адамзаттың мұрасына айналады.
Энергетика министрі Қ.Бозымбаев «ЭКСПО» көрмесі арқылы басқа мемлекеттер Қазақстанға ерекше назар аударатынын атап көрсетіп: «Бұл көрмені өткізу жауапкершілік әрі үлкен сын. Осы арқылы Астана мен ондағы инновациялық идеялар өзіне әлем назарын аударады. Аталмыш көрме адамзаттың күн тәртібіндегі мәселелерін шешуге үлес қосумен шектелмей, ұйымдастырушы елдің мәдени және саяси артықшылықтары мен жетістіктерін халықаралық қауымдастыққа танытуда таптырмас мүмкіндік болады», – деді ол.
Айта кетейік, «ЭКСПО – 2017» көрмесіне 9 ай қалды. Көрме 2017 жылы10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтеді. «ЭКСПО – 2017» көрмесі павильондарының теxникалық жабдықталуы биыл қазан айында аяқталады. «ЭКСПО – 2017» барысында 93 күн ішінде Астанада 4 мыңнан астам мәдени шара өтеді.
ЭКСПО кешені қаланың қақ ортасында орналасады және 175 гектар аумақты алады. Оған 5 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде.