БІШІМБАЕВ КІМДІ АҚЫМАҚ ЕТІП ОТЫР?

/uploads/thumbnail/20170709074656391_small.jpg

Кешегі Үкімет жиыны онлайн режимде көрсетілді. Елдегі азық-түлік бағасының өсіміне қатысты Ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаевтың баяндамасы жұрттың назарын аударды. Аударатын себебі күн сайын байқалып отырған бағаның өсуі ғана емес, сол өсімге себеп болды деп министр атаған факторлар.

Министр әлеуметтік маңызы бар делінген 33 түрлі тауар барын айтып, олардың бағасының өсуіне әсер еткен себептерді атады. Ресми статистика мәліметтері бойынша жыл басынан бастап тұтыну бағасының өсу индексі 5,4, оның ішінде азық-түлік тауарлары 5,2 пайызға өсті. 2016 жылғы 30 тамыздағы жағдай бойынша жыл басына әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсім индексі 9 пайызды құраған.

«Дүниежүзілік нарықта баға конъюнктурасының өзгеруі және ұлттық валютаның әлсіреуі импорттық жеткізілімге тәуелді тауарларға әсерін тигізді. Олар бойынша отандық тауарлармен тұтынудың қамтамасыз етілуі 60 пайызға кеміді.  Ірімшік 16,7, сүзбе, тауық еті және саны, сұлы жармасы, құмшекер 56,4 пайызды құрады», - деді ол.

Бішімбаевтың пайымдауынша, азық-түлік бағасының өсуіне әлемдік нарықтағы баға конъюктурасының өзгеруі мен ұлттық валютаның әлсіреуі, табиғи монополия қызметтері (электр энергиясы, жанар-жағар май, су, газ, т.б.) тарифінің қымбаттауы, маусымдық өзгерістер (егін, көкөніс жинау, егу науқанындағы) және ішкі нарықтағы тауардың экспортқа шығарылуы әсер еткен.

Сондай-ақ, Үкімет отырысында жергілікті әкімдіктер тарапынан да баға саясатына қатысты кемшіліктердің бары айтылды.

Министр баяндамасын тыңдаған премьер-министр Б. Сағынтаев бірқатар кемшіліктерді атап өтті. Атап айтқанда, Бішімбаевтің «әлемдік нарықтағы баға конъюктурасының өзгеруі» туралы айтқанын «күлкілі естіледі» деп сынап тастады. Сондай-ақ, премьер-министр жанар-жағар май бағасының өсуі биыл емес былтыр болғанын, оның биылғы баға өсуіне әсері болмайтынын да ескертті.

«Егер сіз электр энергиясының бағасының өсуін айтсаңыз, оның белгілі бір тауар бағасына қаншалықты әсер еткенін көрсетіңіздер. Реттеуіштер бар. Жанар, жағар май бағасын біз биыл емес, былтыр көтердік. Ал, қазір келіп тағы да жанар май бағасын сылтауратамыз. Бұл бәрінен басын алып қашу боп саналады», - деген Б. Сағынтаев Ұлттық экономика министрі Қуандық Бішімбаева Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлесіп, бір ай ішінде нақты шаралар қабылдауды, ол шаралардың нақты нәтижелерін ұсынуды тапсырды. 

Сонымен тікелей эфирде көрсетілген жиында, Қуандық Бішімбаев тек Үкімет мүшелерінің ғана емес, оны көріп отырған былайғы жұрттың да ақылына қонымсыз жағдайларды айтып, сынға ұшырады.

Мәселен, экономист Мұхтар Тайжан Қуандық Бішімбаевтің бұл баяндамасынан көңілі қалғанын айтады.

«Бұл (Бішімбаевтің баяндамасы – ред.) КСРО кезіндегі мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының баяндамасы ғой. «Ұсынылатын бағалар» деп қандай баға ұсынғалы отыр? Әкімдіктердің бағаға жауапкершілігі дегенді қайдан шығарған? Бағаның өсуінің басты себебі теңгенің құнсыздануы, яғни, түгелдей импортқа тәуелді екеніміз ашық айтылмады! Біз қазір тұтынып жүргеннің бәрі, «өзіміздікі» делінген пияз бен картоп та, импорттық азық-түлік. Оны дәлелдей де аламын. Теңге бағамы екі есе құлдырап кетіп отырса әкімдіктер не істей алады? Мыналар нарықтық экономикаға көшкенімізге 25 жыл толса да бағаны әкімшілік жолмен реттемек және мұны «Болашақ» бағдарламасының түлегі айтып отыр! Бұл айтылғандардан пайда жоқ. Түсінгенім, үкімет әлі экономиканы құтқаратын қажетті құралдарды қолдарына алмаған екен», - дейді экономист.

Шынымен де, нарықтық экономикада жеке кәсіпкерлерге «Ана тауарыңды мынадай бағамен сат» деген әмір жүрмейді. Әлеуметтік топтағы кей тауарлардың әкім базарды аралап өткенше бір бағамен, кеткен соң басқа бағамен сатылып жататынын Б. Сағынтаевтың өзі де мойындап отыр. Сондықтан да, бағаның тым қымбаттауына әкімдерді кінәлағанша, проблеманың себебін девальвация мен ішкі нарықтағы азық-түліктің көршілес елдерге еркін ағылуына жол ашқан Еуразиялық экономикалық одақтан іздеген дұрыс сияқты.

Дайындаған: Дархан Мұқантегі

Қатысты Мақалалар