Ұзындығы 7 жарым метр болатын әмбебап әуе көлігі «Арай» деп аталады. Ұшаққа кәнігі мамандардың өзі жоғары баға беріп отыр. Әсірісе техникалық ерекшеліктері мен басқару жүйесіне. Көпшілікке таныстырыла салысымен “Арай”-ды сатып алуға ниет қылған шетелдіктер де табылды.
Шетелдің әуе көліктеріне күні қараған қазақ жұртының бұл бүгінгі мақтанышы. Күн астындағы “Арайға” бұл күні тамсанбаған жан жоқ. Бүйірінде Қазақстанда жасалған деп жазылған. Қызықтауға келгендер үшін қозғалтқышы таң атысы, кеш батысы тоқтаусыз оталып тұр. Өз салмағы 546 келі, соған қарамастан 590 келілік жүкті көтеріп кете береді екен. Енді аты мәшһүр АН-2 ұшағын нарықтан сырып тастайды деді білетіндер. Қарапайым мысал, АН-2 сағатына 300 литр жанармайды жұтса, бұл бар-жоғы 35 литр бензин жағады.
Думан Ақтаев, бас инженер:
-Қазіргі жасалған ұшақ авиахим жұмыстарға арналған. Универсалдық самолетті жарты сағаттың ішінде қайтадан пассажирлікке қайтаруға болады. Бактарында бәрін алып тастауға болады, бір ұшақтың бағасы 200 мың доллар.
Егістікті дәрілеуге, шекараны күзетуге, кез келген аумақты әуеден бақылауға таптырмас техниканың ұшуына 70 метр, қонуына 90 метр қашықтық жетіп жатыр. Жер түзу болса болды. Бұл осымен біздің мамандар құрастырған төртінші ұшақ. Үшеуі қазір Солтүстік Қазақстанда қызметте көрінеді. 4200 метр биіктікке дейін көтерілетін “Арайдың” қабілетіне ұшқыш та дән риза.
Владимир Ансупов, ұшқыш:
- Бұл ұшақтың қанаттары ұзарған, жерден неғұрлым биіктеген. Алдыңғы үш ұшақтан гөрі әлдеқайда сенімді әрі жылдам. Әуеде кез келген бұйрықты техникалық тұрғыда кедергісіз орындайды. Бұл өзі тектес әуе көліктерінің ішінде ең мықтысы, мұны маман ретінде айта алам.
Елімізде қазір егін салумен айналысатын мыңдаған шаруашылық бар. Соларға таптырмас құрал болмақ. Өйткені 25 пайыз ақысын төлеп қалғанын несиеге алса болады.
-Қазақ елі ұшақ шығарады дегенді естігенде алыс-жақын шетелдің таңданып таңдай қаққаны айтпаса да түсінікті. Содан болар бүгінгі сынақтық ұшу алаңына өзіміздің және өзге елдің тісқаққан мамандарының төрт көзі түгел жиналыпты. Егер аузы-мұрнынан шығарып жанармай құйсаңыз 1200 шақырымды тоқтаусыз бағындыратын бұл отандық әуе көлігі қазір тапсырыс берушілерін күтіп тұр. Егер нақты тапсырыс түссе мамандар бұл ұшақты 3 айдың ішінде құрастырып беруге мүдделі.
"Ктк" арнасы