«ҚАМШЫ» ПОРТАЛЫ АРҚЫЛЫ БАУЫРЛАРЫМЫЗҒА ЖОҚТАУ, АҒАЙЫНҒА ТОҚТАУ АЙТАМЫЗ!

/uploads/thumbnail/20170709085023852_small.jpg

Құрметті «Қамшы» порталы! Өткен аптада қапыда кеткен үш бірдей  азаматымыздан көз жазып қалған күннен бастап, күні кешеге дейін оларға амандық тілеп, алаңдаған жұрттың алдында болдыңыздар. Ол үшін барша оқырмандарыңыздың атынан  алғыс білдіреміз.

Кешегі күн қабырғамызға батты, шарасыз күйге түстік. Сіздер арқылы бауырларымызға жоқтау, ағайын-туысқа тоқтау айтайын деп отырмыз.  Үш жігіт те қазақ еліне қайратымен келген, махаббатымен келген, еңбегімен келген, ел - жұртымен келген азаматтар еді. Үшеуі де азат Отанға өсіп-өнуді, ұрпағын мәңгілік елдің, мәңгілік халқы етуді мақсұт етіп келген  еңбек  адамдары еді.  Қысқа өмірінің соңғы күніне дейін сол мақсұттан тайған жоқ. Басқа қазақты айтпағанда, қазақ еліне Шыңжаңның өзінен-ақ осындай жігіттер он мыңдап оралды. Олар бос қалған жайлауға жан бітірген, базарға мал толтырған еңбеқор ер жігіттер екенін көріп жүрдік.

Бүгін үш бірдей азаматымыз арманда кетті... Алданып кетті... Оларда сенім болды, сезік болмады. Олар адалдығына алданды, олар аңғалдығынан алданды, олар ағайын кейпіндегі  албастыларға алданды.

Осы қанқұйлы оқиғаға байланысты әлеуметтік желі өртеніп тұр. Менің парақшама да оңды-солды хаттар түсіп жатыр. Мұндайда кісі шамшыл болады ғой. Кейбірі бетіңе батпақ шашқандай пиғыл танытады. Оларға айтарымыз: Қандықолдардың қандай деңгейлі қылығы, қандай қанқұйлы қылмысы Қазақ Елінің биік қасиетіне, қазақ біткеннің Қазақстанға деген  өлшеусіз махаббатына кедергі бола алмайды, Қазақ біткеннің топтасу жолындағы қайсар рухы мен қажырлы күресін, қасиетті көшін тоқтата алмайды.

   Осы және осындай оқиғаларды пайдаланып алыстағы қазақты Қазақстанға қарсы қойғысы келетін пиғыл болса, ондайлардың орны осы қандықолдардың қатарында. Айырмасы қандықолдар жазасын алады, олардың қылмысын пайдаланып үрей таратқандар, Қазақ деген  шексіз қасиетті ұғымға қара күйе жаққысы келетіндер қалтарыста қалады. .

Мезгілімен келген қаза – жұбаныш, мезгілсіз келген қаза –  күйініш! Күн ашық, жер жазықта жазым болған, қыршындарынан қиылған боздақтарымыздың   күйігі көмейге кептеліп тұр. Отанымызға келдік, осында өсіп-өнеміз деп келдік, Алла берген ырыздықты осы топырақта  татамыз деп келдік, мезгілі келгенде осы топырақта жатамыз деп келдік. Тіпті, мезгілсіз кетсек те осы топыраққа батамыз деп келдік.  Қыршын кеткен азаматтарымызды да осы топыраққа тапсырамыз.  Доланұлы Жарқынбекті, Зарлыханұлы Мұқиятты, Әлімхан Қарлыбекті өздері  отауын көтеріп, ошағын тұтатқан  Жетісу топырағына тапсырамыз.

Жігіттердің жұбайларына, балаларына, туыстарына, ел-жұртына көңіл айтамыз!  Ұрпақ өседі, Уақыт көшеді, Қайғы өшеді, Қазақстанға қазақ толады, Қазақстан ұлы ел болады!

Шейіттердің иманы жолдас болсын!  

Алмас Ахметбекұлы

Қатысты Мақалалар