Жыл сайын адамдар әр түрлі себептерге байланысты жоғалып жатады. Ондай оқиғаларға туыстарымен араздасу, маусымдық жұмысқа кету, құмар ойындары, денсаулық жағдайы, қылмыс белгілері бар жағдайлар себеп болып жатады, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
Статистика бойынша Қазақстанда 2014 жылы - 5 600 адам, ал 2015 жылы 3000 адам жоғалған.
2016 жылдың 6 айында еліміз бойынша Сотқа дейінгі тергеп тексеруді тіркеу тізіліміне 1806 адамның хабар-ошарсыз кеткені туралы 1776 хабарлама тіркелген, оның 747-сі ерлер болса, 1059-ы - әйелдер, оның 160-ы кәмелет жасқа толмағандарға қатысты материалдар десек, оның 102-сі қыз бала, 58-і ұл балаға қатысты болып отыр.
Еліміздегі соңы қылмысты өліммен аяқталған шулы адам жоғалу оқиғалары:

Ерасыл Әубәкіров, 1992 жылы туған.
Астана қаласындағы Медицина Университетінің студенті. Із-түссіз жоғалған астаналық студент азаптап өлтірілген. 23 жастағы Ерасыл Әубәкіровті бір апта бойы іздеген полицейлер оның мүрдесін көмілген жерінен тапты. Медицина университетінің 6-шы курс студентін қаскөйлер өлтірмес бұрын әбден қинаған екен. Кейін марқұмның денесінен құтылу үшін аяқ-қолын байлап, көміп тастаған.

Сафар Шакеев, 1991-жылы туған.
Сафар Шакеевтің өлі денесі Алматының Есентай өзенінің бойынан табылған. Сафардың қазасын әкесі кездейсоқтық деп мәлімдеді. Оны іздеуге тікұшақ және 200-ге жуық ерікті адам жұмылдырылған.

19 маусым күні түнгі клубқа барып, содан қайта үйіне оралмаған 33 жастағы Балдырған Сыбанбаеваның да өлі денесі табылған.
Оның денесінде зорлықтың белгілері болған. Тексеру барысында марқұмның туыстары оны таныған.
Алматы қаласы тұрғыны, Нұршат Розиевтің денесі өзеннен табылғаны хабарланған болатын. Соталды тергеу барысында 25 жастағы Алматы тұрғыны банкирмен жанжалдасып қалғаннан кейін осындай қылмысқа барғаны анықталды. Ол қылмыс ізін жасыру үшін Розиевтің үйін өртеп, мәйітін өзенге лақтырып жіберген. 28 жастағы банк қызметкерін соңғы рет достары 3 қыркүйекте көріп, оған іздеу салған болатын.



Долданұлы Жарқынбек (1979 ж.т), Зарлыханұлы Мұқият (1973ж.т), Әлімхан Қадылбек (1973ж.т)
Алматы облысы Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш елді мекеніне мал сатуға келіп жоғалған үш азаматтың денелері табылған. Қылмыскерлер азаматтарды Ұзынағаштан 200 шақырымдай жерге апарып, құмға көміп кеткен.
Статистика
Биыл өткен жылдары іздеу жарияланған адамдарды қоса есептегенде, 1642 хабар-ошарсыз кеткен адам анықталған (ерлер -998, әйелдер -644).
Хабар-ошарсыз кеткендерге қатысты жарияланған іздеуді тоқтатуға көп жағдайларда, яғни 1 418 жағдайда, олардың жүрген орындары анықталуы негіз болған, мәйіттің жеке басының анықталуы – 157, олардың 16-сының күш қолданып өлтіру белгілері болған мәйіттер, 27-сі сотпен қайтыс болған деп танылғандар және 40-ы мерзімі өтуіне (10 жыл) байланысты есептен алынғандар.
2016 жылдың шілде айының басына 2 661 адамға хабар-ошарсыз кеткен іздеуде болса, оның 181-і кәмелет жасқа толмағандар еді.
Олардың қатарында көбісі 2 031-і немесе 76% ерлер және 630-ы немесе 24% әйелдер.
Олардың азаматтықтарын сараласақ: 2575-і Қазақстан азаматтары,61-і - ТМД азаматтары, 16-сы алыс жатқан шет елдіктер және 9-ының азаматтығы жоқ адамдар.
Жас ерекшеліктеріне қарасақ: хабар-ошарсыз кеткен адамдардың 407-сі 18-ден 25-ке дейінгі жастар, 653-і - 26 мен 35, 561-і - 36 мен 45, 481-і - 46 мен 55, 221-і - 56 мен 65, 157-і - 66 мен 89 жастағылар.
Осы мәліметтер негізінде хабар-ошарсыз кеткен адамның орта статистикалық бейнесі мынандай болып шығады.
Басым жағдайларда ол 30 бен 45 жас аралығындағы Қазақстан республикасының азаматы, орта жастағы ер адам. Дерекқор мәліметтеріне сәйкес, жоғалудың басты себебі үйден кетіп қалу болып табылады. Бұл отбасылық ұрыс-керіс, алкоголь ішімдіктерін ішу, түрлі табыс табу жолдарымен қатар, қылмыс белгілері бар жағдайларда жоғалу болуы мүмкін.