Өзекті мәселелер талқыланды

/uploads/thumbnail/20170709090826257_small.jpg

Жаңадан тағайындалған ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, жұмыспен қамту, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, алдағы жылыту маусымына дайындық және егін жинау науқаны мәселелері талқыланып, аталған Үкімет отырысы алғаш рет онлайн-режімде тікелей көрсетілгендігін атап өту маңызды, - хабарлайды Qamshy.kz anatili.kazgazeta.kz сайтына сілтеме жасап.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі бойынша ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев есеп беріп, жыл басынан бері тұтыну бағасының индексі 5,4, оның ішінде азық-түлік тауарлары 5,2 пайызға өскендігіне тоқталып, азық-түлік тауарларының қымбаттау себептерін атап көрсетті. Бағаны реттеу үшін жұмыс жүргізіліп жатқандығын, осы ретте әлеуметтік мәні бар тауарлар бағасының өсуіне жол бермеу үшін нормативтік-құқықтық базаны жаңартуды ұсынды.
Еңбек нарығындағы жағдайды, жұмыспен қамту мәселесін тілге тиек еткен Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының жұмысына тоқталды. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша үстіміздегі жылы елді мекендерде шамамен 39,4 мың жұмыс орнын құру үшін 5096 жобаны жүзеге асыру көзделіп отырғандығын, екінші бағыт аясында 794 адам кәсіпкерлік негіздерін үйренуге мүмкіндік алса, 5384 адам шағын несие алып, 2975 адам жеке кәсібін ашқандығын, үшінші бағыт бойынша 5210 адам кәсібін арттыру үшін тегін оқуға мүмкіндік алғандығын жеткізді.
Мемлекеттік қызметтердің жетілдірілуіне қатысты шаралар жөнінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев сөз алып, Қазақстанда мемлекеттік қызметті алудың үш негізгі арнасы: «Электронды үкімет» порталы, «Азаматтар үшін үкімет» мемлекет­тік корпорациясы, Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша бірыңғай байланыс орнату орталығы жөнінде баяндады. «Бүгінде мемлекеттік қызмет тізілімінде 739 қызмет бар, оның 530-ын «Электронды үкімет» және мемлекеттік корпорация арқылы алуға болады. Жыл соңына дейін көрсетілетін қызметтер саны 80 пайызға артып, 583 мемлекеттік қызметті құрайтын болады» деді Д.Абаев.
Егін жинау науқаны туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Қайрат Айтуғанов баяндап, елімізде та­мыздың үшінші онкүндігінен бастап егін жинау науқаны басталғандығын, қазір жұмыс қарқынды жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
Өз кезегінде ҚР Премьер-ми­нистрі Б.Сағынтаев әр салаға қатысты мәселелерді атап өтіп, тиісті орындарға тапсырмалар жүктеді.

Қатысты Мақалалар