«Тарихи арман – Тәуелсіздік»

/uploads/thumbnail/20170709090846945_small.jpg

Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында Қазақстан Композиторлар қауымдастығының ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына, 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысының 100 жылдығына, Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына арналған «Тарихи арман – Тәуелсіздік» атты салтанатты кеш өтті, - деп хабарлайды Qamshy.kz anatili.kazgazeta.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек кештің мән-мағынасына тоқталып, сан ғасыр бойы армандаған Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін дұрыс түсінуге, сол жолда бірлесе еңбек етуге шақырды.
Б.Қыдырбек «…Майқы бабамыздан бастап ел азаттығы тақырыбы әуез желі­сіне өз ықпалын берген. Әсі­ресе, бұл үрдіс аспаптық музыкадан аңғарылады. Қорқыт, Кетбұға күйлері жеке тұлға бостандығын дәріптесе, бері келе Қазтуғанның «Сағыныш» күйінен бастап тақырып шеңбері кеңейіп, ел тағды­рымен байланыстырылады. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама кезіндегі шығармалар мұңға, зарға толы шертпе тәсілін енгізді. ХІХ ғасырда ұлт-азаттық қозғалысы еліміздің шығысынан батысына ауды. Есет Көтібарұлы, Адай, Бөкей, Кенесары көтерілістері музыка шығармашылығына да арқау болды. Тәуелсіздікті аңсаған дүниелер Құрманғазы шығармашылығында ең биік шоқтығына жетті. Бүгінгі композиторлар шығармашылығы осы бағытты жалғастырып жүр» дей келе, кеш барысында орындалатын шығармалардың тарихына да тоқталды. «Владимир Стригоцкий-Пак шығармасына екі тақырып алған: Динаның күйі «1916 жыл» және Кенесары маршы. Менің «Бекболат» атты поэмам – Жетісуда болған көтеріліс жайында. Ал Бейбіт Дәлденбайдың «Желтоқсан толқуы» атты шығармасы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған. Қай шығарманы алсаңыз да тұнып тұрған тарих жатыр» деді Б.Балғабекқызы.
Кеш барысында Б.Қыдырбек, А.Аман­жол, Б.Дәлденбай, Е.Өміров, Х.Сетеков, В.Стригоцкий-Пак шығармалары орындалды. Мемлекеттік симфониялық оркестр (дирижерлары Ерболат Ахмедияров, Мәдияр Тілепов), Б.Байқадамов атындағы хор капелласы (көркемдік жетекшісі ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет Демеуов), солистер: халықаралық байқаулардың лауреаттары Жадыра Аманова, Асхат Мәдиев, Боранбай Қалибаев қатысып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Бағдагүл Балаубаева

Қатысты Мақалалар