Мұнай бағасы бірде төмендеп, бірде көтеріліп, ел дағдарып тұр. Дағдарыстан қайтсек жол табамыз? Қашаған кен қойнауы іске қосылады деп отырмыз.
Қашаған іске қосылса, елді тығырықтан шығара ала ма? Бұған Мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықов не дейді?
– Рашид мырза, жыл соңына дейін Қашаған кен орны іске асырылады деген еді. Жыл аяқталуға да екі-үш ай қалды. Іске қосып үлгере аламыз ба?
– Өздеріңізге белгілі, мемлекетіміз биыл жыл соңына дейін 76 миллион тонна мұнай өндіруді көздеп отыр. Әрине, бұл өткен жылдарға қарағанда 5-6 миллион тоннаға төмен көрсеткіш. Биыл Қашаған кен қойнауы іске қосылмаған жағдайда, еліміз 74-75 миллион тонна шамасында мұнай өндіреді. Қашағанның іске қосылуы жөнінде сарапшылар ойы да екіге бөлініп отыр: шетелдік сарапшылар қосылмауы мүмкін деген ойларын жасырмай айтып отырса, еліміздің сарапшылары Қашағанның іске қосылатынына сенімді. Осы тұрғыда шетелдік сарапшылар неге сенімсіздікпен қарап отыр деген заңды сұрақ туындайды. Оның нақты себептеріне көшсек, біздің мамандарымыз теңізден мұнай өндіру жұмысын атқармағанымызды және тәжірибеміздің жоқтығын алға тартады. Оның сыртында, Қашаған кен қойнауын 2013 жылы іске қосылады деп жария қылдық. Өкінішке қарай, мұнай тасымалдау құбырлары іске жарамсыз болып шықты. Сол себепті де, жоспарымыздың іске аспай қалғанын өзгелер бетке басуда. Қазір дүниежүзінде инвесторларды үлкен жобаларға тарту мәселесі күрделеніп кетті. Әрі үлкен бәсекеге айналған. Мұнайдың бағасы құбылмалы болып тұрған шақта инвесторларды мұнай өндіру жобаларына қаржы бөлуге көндіру де оңай шаруа емес. Шетелдік сарапшылардың негізгі айғақтары осылар. Отандық сарапшылар Қашаған кен қойнауының іске қосылатынына сенімді. Неге? Қашағанды іске қосу жұмысына мықты компаниялар тартылып отыр. Бәсекелестік заңының талаптарын ескере отырып, сарапшылар іріктеу арқылы әлемге танымал компаниялардың қызығушылығын оята білді. Елеуіштен өткізу арқылы ең мықты инвесторлармен келісімшарт жасалды. Инвесторлардың сыры белгілі. Олар қаржылай пайда тапқысы келеді. Әрі шығынсыз-ақ қомақты қаржы табуды көздейді. Бәсекенің сырын білетін кіл мықтылар. Қашаған кен қойнауының жұмысын жандандыру үшін инвесторлар тарапынан өте ауқымды қаржы жұмсалып отыр. Енді бізге шегінерге жер жоқ. Сондықтан инвесторлар шыққан шығынын ақтау үшін білімі мен мол тәжірибелерін аямайтын болады. Осындай негізге сүйене отырып, Қашағанның ірі табыс көзіне айналатынына сенім мол. Өз басым бұған сенемін!
–Қашаған кен орны іске асса, артық қаржы таба аламыз ба?
– Әрине. Қашаған кен орны елімізге келетін сыртқы табысты ұлғайтады. NCOC компаниясының басшылары биыл жыл аяғына дейін 500 мың тонна өндіріп, оны тиімді сатуды көздеп отыр. Келер жылы өндірілген мұнай көлемі бұдан да арта түспек. Яғни, 5-6 миллион тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Қашағанның елімізге құятын қаржылай үлесін анықтау үшін данышпан экономист болудың қажеті шамалы. Мәселен, 5 миллион тонна өндірілген өнім мөлшері болса, 1 тоннада 7 баррель бар десек, қазіргі мұнайға баға тұрақсыз кездегі бір баррельдің құны 40$ деп алсақ, 5000000*7*40$, міне нақты табыс.
– Соңғы кездері әлемдік мұнай бағасы біресе төмендеп, біресе көтеріліп отырғанын жақсы білесіз. Болашақта баға тұрақтануы мүмкін бе?
– Нақтырақ айтсам, мұнай бағасы болашақтағы 3-4 жыл ішінде тұрақтана қоймасы анық. Оған себеп, мұнай өндіруші елдердің өзара өндіру мөлшерлерін нақтылап алу мәселесі мүмкін болмай отыр. Өндірген өнімді шектеу мәселесі бойынша ауызбірлік болмағандықтан, шикі мұнайға күнделікті нақты сұраныс 110 миллион баррель болса, 3 миллион баррельге жуық артық өндіріліп отыр. Бұл дегеніңіз – мұнай бағасының құлдырауына басты себеп. Дүниежүзілік нарыққа мұнай шығарып сатып отырған мемлекет саны да жыл сайын ұлғайып келеді. Бұл тұрғыда, ең күрделі мәселе, мұнай өндіріп отырған әр мемлекет өндірген өнімін мұнай нарығындағы сұранысқа байланыстырып отыр. Әрбір мемлекет өндіретін өнімін шектейтін келісім құжаты дүниеге келгенше мұнай бағасы құбылуын және құлдырауын тоқтатпайды. Ал шектеу құжатын дайындау және келісімге келу үшін кемінде 3-4 жыл уақыт керек.
– Мұнай бағасының төмендеуі экономиканың дамуына да кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Мұнайға ғана үміт артуға болмайтынын соңғы дағдарыс дәлелдеп берді. Дегенмен жаңа кен орындарының көптеп ашылуы бұл пікірімізді өзгерте ала ма?
– Сұрағыңыз өте орынды. Қазір еліміздің экономикасындағы олқы тұстарын реттеу өте маңызды болып тұр. Біздің өндіріп отырған мұнайымыз неге күрт төмендеп кетті? Оны жандандыру шаралары қандай болмақ? Бұл жанымызға батып отырған күрделі мәселе. Біздің кен қойнауларымыз ескірді, оны мойындауымыз керек. Тек қана Қызылорда облысы бір жылдың ішінде 3 миллион тонна мұнайды кем берді. Бұл олқылықтың негізгі себебі неде? Еліміздегі ескіден келе жатқан кен қойнауларының тозуы. Қазіргі таңда жаңа кен қойнауларын ашу маңыздырақ. Бұл тұрғыда мемлекет бос қарап отырған жоқ. Соңғы 3-4 жылдың арасында геолог мамандарға үлкен қолдау көрсетіп келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында Англияға барған сапарында ағылшын мемлекетіндегі ірі геология компанияларымен кездесіп, елімізге жұмысқа шақырғанын бәріміз жақсы білеміз. Бұл жерде айта кететін мәселе, елге келетін компанияларға да қойылатын нақты талаптар бар. Ең бастысы, шетелдік компаниялар отандық компаниялармен 50 де 50 бірлескен кәсіпорын құру, сол арқылы өз мамандарымыздың әлеуетін күшейтіп алу мақсаты тұр.
– «Еліміздің экономикасын дербестендіріп алу керек» дейсіз. Қай тұрғыда?
– «Қара алтынның заманы өтіп бара жатыр» деген пікірлері жиі естиміз. Иә, ол ащы шындық. Дүниежүзіндегі ешқандай сарапшы мұнай дәуірінің аяқталуына қанша жыл қалғанын нақты айта алмай отыр. «Мұнай дәуірі аяқталды» деп ойлауға не себеп болып отыр? Ең бірінші, жанар-жағармайды ең көп қолданатын жүк және адам тасымалдайтын көліктер екенін бәріміз жақсы білеміз. Күн санап көпшілік тарапынан электромабильдерге сұраныс күшейіп келеді. Мұнай ең арзан энергия қуаты болғанымен экологияға әкеліп жатқан кесапаты да аз емес. Мәселен, сүйікті Алматының көліктен шығатын көк түтінге қақалып тұрғаны әрқайсысымыздың жанымызға батады. Жер-Анамыз адам баласына аянбай қызмет етіп жатыр. Ғарышқа ракета ұшыруға ақылы жеткен адамның қолынан табиғатқа зиянсыз көлік ойлап табу келеді. Тек оған зиянсыз көлік отынын ойлап шығаратын бір ғалым туылар деген ойдамыз. Ғылымды осындай революция боларын біліп отырып, ертең мұнайға сұраныс болмай қалған жағдайда еліміздің экономикасының күре тамыры қай сала болмақ? Ол – ауылшаруашылық саласы. Олай деуімізге негіз көп: біріншіден, мал өсіру ата-бабамыздан қалған мұра. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр жерді қалдырды. Кең байтақ жерімізде не өспейді десеңізші. Сол кең жерімізді ел игілігіне пайдалануымыз керек. Диқаншылықты қолға алғанымыз дұрыс. «Еңбек еткен ерінбей» тоятынын білсе дейміз, әрбір қазақ баласы.
– Энергетика министрі «Биылғы жылы 76 млн тонна мұнай береміз» деген екен. Министр неге бұлай болжам жасады деп ойлайсыз?
– Энергетика министрінің биылғы жылы тура 76 миллион көлемінде мұнай өндіреміз деп сенімді түрде жария қылуы Қашаған кен қойнауының биылғы жылдан кешікпей, межелеген уақытында іске қосылатынына тағы да нақты бір дәлел деп қабылдауымызға болады.
– Қара алтынның құны қазір елді қуантпай тұр. Баға теңселіп тұрған шақта мұнай сервистік компаниялар қалай күй кешіп жүр?
– Соңғы екі жыл мұнай саласында қызмет көрсетіп отырған компанияларға да өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Дегенмен экономикамызда мұндай турбуленттік кезеңдерді бірінші рет бастан кешіп отырған жоқ. Бұдан да қиын кездер бастан өтті. Сондықтан тығырықтан шығу иммунитетіміз өте мықты десем де болады. Ірі кен қойнауын игеруші ТШО, КПО сияқты компаниялардың қасында жүріп, дүниежүзілік компаниялармен де бәсекелестікке түсіп, ысылып алдық. Бұл кезеңді шыңдалу уақыты деп қабылдаймыз. Арты тоқшылық боларына сеніміміз күшті.
– Мұнайлы өңірлердің жай-күйіне алаңдаушылар көп. Мұнай шарықтап тұрған уақытта да, маңдайы шылқымағаны белгілі. Қазір елдегі ағайынның жайы қалай?
– Ірі кен қойнаулары тегісімен елді мекендерге жақын орналасқан. Қай қаланың ішінен мұнай құбырларын көрдіңіздер? Кен қойнауларындағы негізгі қара жұмыстарды атқарушылар ауыл азаматтары. Еліміздің қамбасына қаржыны елден ерек төгіп жатқанда сол мұнай саласы. Мұнайдан түскен табыстан тек қана қалалар гүлденген жоқ. Қаншама зауыттар салынды. Қаншама жастарымыз «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқып келді. Әскери күшіміз жаңарып, жаңғыртылды. Мектеп, ауруханалар, бала-бақшалар, әлеуметтік әлсіз топтар, осылай айта берсең, таусылмайтын қыруар шаруаның іске қосылуының қайнар бұлағына айналған мұнай саласы, ел естіп көріп білмейтін ауыл азаматтарының арқасында жүзеге асып жатқаны рас. Сол азаматтар тұрып жатқан ауылдарда ауызсу белгілі уақытпен беріледі. Жол мәселесі өз алдына, экология зардабы да жоқ емес. Қазір кен қойнауын игерушілермен ауылды жерді ормандандыру жұмыстарын ұйымдастырып отырмыз. Құдай бұйыртса, бұл жобалар да іске асатын күн алыс емес.
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС, Айқын газеті