Жаңа оқу жылында Алматы қаласының Алатау ауданында оқушылар саны артып, бірінші сыныптан 17-19 сынып ашылды.
Бұл ауданда халық санының тығыздығын көрсетсе керек. Халықтың демографиялық өсімін көбейтіп отырған Алатау ауданында пәтер жалдап тұрушылар да, базарлар саны да көп. Базары көп аймаққа мигранттардың да көптеп келуі заңдылық. Осы орайда ауданның әлеуметтік жағдайы, экономикасы туралы білгіміз келген еді. Біз бұл сауалымызды Алатау ауданының әкімі Бағдат Мәнізоровқа қойдық.
– Бағдат мырза, Алатау ауданының құрылғанына сегіз жылдай уақыт өтіпті. Алатау ауданында білуімізше, 220 мыңға жуық халық тұрады. Халық өте тығыз қоныстанған аймақ. Әрі жаңа ауданды басқару сізге оңай соқпаған болар. Сегіз жылда бұл ауданда не өзгерді?
– Өздеріңіз де білесіздер, Алматы қаласындағы Алатау ауданы 2008 жылдың 2 шілдесінде Алматы қаласы Мәслихатының шешімімен құрылды. Көлемі 10,5 мың гектар аумақты алып жатыр. Аудан құрылған сегіз жылдың ішінде мұндағы халық саны 1,4 есеге көбейіп, 220 мың адамға өсіпті. Осы сегіз жыл ішінде ауданның дамып, көркеюі үшін 274,2 млрд теңге инвестиция бөлінді.
Сегіз жылда аудан түрлі жаңа нысандармен толықты. Аудан әкімшілігі, прокуратура, сот, мемлекеттік кірістер басқармасы, ішкі істер басқармасы, арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы, қалалық архив сияқты ғимараттар қосылды.
Аудан ашылған уақытта білім саласы сын көтермеген еді. Оның да себебі бар: өйткені 1000 оқушы оқитын мектептерде 1,5-2 есе бала саны артық болған. Мұның да шешімін табуға тырыстық. Ауданда соңғы жылдары 9 800 орындық тоғыз жаңа мектеп салынды, халықтың әл-ауқаты көтерілді. Соның нәтижесінде, білім сапасы көтеріліп, ауыз толтырып айтатындай жетістіктерге қол жеткіздік. Соңғы 3 жыл қатарынан ауданымыз Ұлттық бірыңғай тестілеуден Алматы қаласының аудандары арасында және Республика бойынша бірінші орынды иемденіп келеді. Бұл үлкен жетістік емес пе? Атап айтар болсақ, 2013-2014 оқу жылында 97,3 балмен, 2014-2015 оқу жылында 97,7 балл және былтырғы оқу жылында 103,5 балмен жоғары көрсеткіш көрсеттік. Сонымен қатар «Алтын белгі» төсбелгісін өткен оқу жылында 46 оқушы қорғаса, биылғы оқу жылында 58 оқушы қорғап шықты.
Ауданымызда сондай-ақ Республикалық дарынды балаларға арналған спорт мектеп-колледжі, 320 орындық «Абылай-Т» және 70 орындық «Қайнар» атты жекеменшік мектептер жұмыс істейді. Аудандағы 1 физика-математикалық лицей, 1 мектеп-лицей, 1 мектеп-гимназия және 22 жалпы білім беретін мектептерде 35 817 оқушы білім алуда.
Балалардың білім көрсеткіштерінің жоғары деңгейде екені қуантады. Сондай-ақ ауданымызда 2700 орындық 12 мемлекеттік балабақша ашылды. Аудандағы 3470 орындық 16 мемлекеттік балабақшада 3543 бала тәрбиеленуде. Ал 50 жекеменшік балабақшада 2192 бала тәрбиеленуде, соның 20 балабақша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы бойынша ашылды.
Екіншіден, бір ауысымда 1400 адам қабылдай алатын заманауи талапқа сай жабдықталған 4 қалалық емханамыз бар. Қазіргі таңда бір ауысымда 1600 адам қабылдай алатын 5 қалалық емхана халыққа қызмет көрсетуде. Ауданда халық санының көбеюіне байланысты, көп функционалды аурухана қажет. Оны да болашақта шешеміз деген ойдамыз.
Соңғы уақытта 51 шақырым жол салынып, 20 шақырым жол жөнделді. 158 983 шақырымға арық салынып, 3,7 шақырым арық жөндеуден өтті және 100 шақырымдық электр желілері салынып, 78 шақырымды қайта жөндеуден өткіздік. Ауданның электрлендірілуі жоғары деңгейде.
Ең үлкен мәселенің бірі – жарықтандыру. Мұның да шешімін тапқан сияқтымыз. Қазір 331 шақырым көшеге жарық жүргізілді. Газ жүргізу мәселесінде де қиындықтар артта қалды. Қоршаған ортаны ластанудан қорғау мақсатында аудан аумағының 95 пайызын газбен қамтамасыз еттік. 74 шақырым су жүйесі, 24 шақырым кәріз жүйесі жүргізілді. «Ақбұлақ», «Алғабас-6», «Саялы» ықшамаудандары және «Нұркент», «Ақкент» тұрғын үй кешендері мемлекеттік бағдарлама аясында салынды. Қазір 268 үй пайдалануға берілді. 20 аулада балалардың 20 ойын және спорттық алаңы ашылды. Алатау ауданының тарихи жаңа парақшасында жаңа нысандар бой көтерді. Олар: 12 мың орындық «Алматы Арена» мұз айдыны, атлетикалық ауыл, «Алатау» дәстүрлі өнер театры, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы.
Момышұлы даңғылының бойынан жаңа мешіттің де менмұндалайтын күні алыс емес.
Ауданның өнеркәсіп саласы күннен-күнге даму үстінде, кәсіпорындар 1,9 есеге өсіп, саны 3167-ге жетті. Салық төлемдері 6,5 млрд теңгеден 20 млрд теңгеге өсті. Орташа жалақы 63 мыңнан 129 585 мың теңгеге көтерілді.
Осы атқарылған игілікті істердің бәрі халықтың мемлекетке, Елбасына деген сенімділігін арттырды. Алатау ауданының дамуы үнемі Елбасының, қала әкімінің басты назарында.
– Бір кездері бұл аймақта көпшілік баратын орындар көп бола қойған жоқ. Сауда нүктелерін, ойын-сауық орталықтарын ашу мәселесі қалай шешімін тапты?
– Алатау ауданы ашылған уақытта, аудан аумағында 18 базар бар болатын. 2013 жылы қала аумағындағы базарларды қазіргі заман талаптарына сәйкестендіру бойынша бағдарлама қабылданып, осы бағдарламаға Солтүстік айналым көшесіндегі «қызыл сызық» үстінде орналасқан 14 базар кірді.
«Қызыл сызық» үстінде орналасқан 14 базардың тоғызы толығымен, бес базар «қызыл сызыққа» дейін жартылай бұзылды. Бүгінде жартылай босатылған 5 базардың орнында төрт жаңа сауда орталығы салынды. Олар: «Алатау-2», «Ақбұлақ», «Еуразия» және «Саяхат» базарлары.
Айта кететін тағы бір дүние: тазарған базарлардағы жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында, аудан аумағында жеке инвесторлардың қолдауымен заманауи 4 жаңа базар ашылды («Өжет», «Арлан», «Қазына», «Кенжехан-2»).
Сондай-ақ Алатау ауданы жаңадан дамып келе жатқан аудан болғандықтан, сегіз жылдың ішінде жеке кәсіпкерлердің ниет білдіруімен «Алатау», «Домиллион», «Магнум», «Арзан» ірі сауда орталықтары ашылып, қала тұрғындарының игілігіне айналған.
2010 жылы «Халық» саябақ спорт кешені ашылған еді. 2010-2015 жылдар аралығында 15 спорт алаңы, 1 стадион және биылғы жылы 4 спорт алаңы іске қосылды. 2014 жылы «Алатау» киноконцерт залы ашылған, биылдан бастап оны «Алатау дәстүрлі өнер театры» деп өзгерттік. Театр үш үлкен залды қамтиды.
– Ауданда бірнеше базар болған соң, сырттан келушілер де көбейетіні заңдылық. Ішкі және сыртқы миграцияны реттеу оңай емес шығар. Бұл орайда қандай нақты шаралар атқарылуда?
– 2016 жылдың 8 айында Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімі бойынша Алматы қалалық ІІД уақытша ұстау орталығына 243 шетел азаматын алып келдік. Мақсат – олардың тұлғасын анықтау. Сондай-ақ ҚР аумағынан үш жүзден астам шетел азаматы шығарылды.
ҚР ІІМ «Еңбекші көшіп келушіге рұқсатты беру, ұзарту және кері қайтарып алу, сондай-ақ еңбекші көшіп келушілерді тіркеу, дакто, фото есепке алуды қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, екі жарым мыңнан астам азаматқа ҚР аумағында еңбек етуге рұқсат берілген, оның ішінде мың үш жүзге жуық азаматтың ҚР аумағында еңбек ету мерзімі ұзартылды.
Алатау аудандық ІІБ-на КПБ-не уақытша он мыңға жуық шетел азаматы тіркелген. Аудан аумағында, оның ішінде базарларда қандай да бір рұқсат ету құжаттарынсыз жүрген азаматтарды анықтау мақсатында аудандық ІІБ-ның КПБ-мен 2016 жылдың 20-24 сәуірі аралығында «Нелегал», 18-22 мамыры аралығында «Мигрант» атты рейдтік іс-шаралар өткізілді. Сонымен бірге, ай сайын жоспарлы рейдтер жүргізіліп отырады. Мұның бәрі елдің қауіпсіздігі үшін жасалып отыр.
– «Барахолка» деп аталатын базарлардың ретке келгені қуантады. Жан-жақтан ағылған мигранттардың денсаулығын үнемі қадағалап отыру мүмкін емес. Дегенмен жұқпалы аурулардың, оның ішінде туберкулез ауруларының алдын алу үшін арнайы тексеріс жасала ма?
– Әрине, аудан аумағында жұқпалы аурулардың, оның ішінде, туберкулез, А гепатиті, қан ауруларының алдын алу мақсатында арнайы жұмыстар атқарылып отырады. Жыл сайын аудандағы 14 базарға қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансерімен бірлесіп, флюромашина қойылып, азаматтарды флюрографиялық тексеруден тегін өткізуге жағдай жасаймыз. Сондай-ақ ауданда пәтер жалдаушылардың көп орналасуына байланысты ықшамаудандардағы мектептердің аумағына жаз айларында флюромашина қойылып, аудан тұрғындарын да бірге өткіземіз.
Биылғы жылы «Забота» дағдарыс орталығымен бірлесіп, аудандығы «Болашақ», «Қазына», «Алатау», «Еуразия» базарларына медициналық тексеріс жүргізіліп, 810 мигрант қамтылды. Оның ішінде, 475 азамат – сыртқы мигранттар, 335 азамат – ішкі мигранттар. Сыртқы мигранттардың басым бөлігі – Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен келгендер. Тексеріс барысында флюромашина қойылып, мигранттарға флюрографиялық тексеру жүргізіліп, тегін медициналық кеңестер берілді.
Сонымен қатар шілде айында «Денсаулық жолы – 2016» акциясының негізінде аудандағы «Кенжехан», «Қазына», «Болашақ», «Арлан» базарларына туберкулез, қан ауруларына тексеріс жүргізілді. Медициналық тексеру барысында 392 адам қамтылып, аурудың белгілері байқалған азаматтар тиісті орындарға жіберілді.
Халық денсаулығы – біздің денсаулығымыз. Сондықтан мұндай шараларды жиі өткізіп отыруымыз керек.
– Биыл «Шаңырақ-2» ықшамауданында бірінші сыныпта 17 сынып ашылды. Бұл – қуанарлық жағдай. Дегенмен, барлық баланы бір мектепке қабылдау қиындау тиетін сияқты. Одан бөлек Дархан ауылындағылар да Өжет пен Ұлжан ықшамаудандарындағы мектептерге баруға мәжбүр. Мектеп салу қаланың бас жоспарына енгізілген бе?
– Аудандағы білім мекемелерінде бас-аяғы 35 817 оқушы бар. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда, 3596 балаға өсті. Былтырғы оқу жылында 1-сыныпқа 4717 бала қабылданса, биылғы оқу жылында 5 367 бала мектеп табалдырығын аттады.
«Шаңырақ-2» ықшамауданында орналасқан №26 жалпы білім беретін мектеп 2076 балаға арналған. Мұнда қазір 3066 бала білім алуда. Биылғы жылы мектепте он жеті бірінші сынып ашылып, 466 бала мектепке қабылданды. Осындай жағдай Өжет ықшамауданындағы №156 мектепте (19 – 1-сынып), Ұлжан ықшамауданындағы №152 мектеп-гимназияда (17 – 1-сынып), Алғабас ықшамауданындағы №185 мектепте (10 – 1-сынып) орын алуда. Бала саны жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл – үлкен қуаныш.
Ұлжан ықшамауданындағы 1200 балаға арналған №152 мектеп-гимназияда 2554 бала білім алуда. Осы мектепке Дархан ықшамауданынан 293 бала, Байбесік ықшамауданынан 34 бала қатынап оқиды.
Сонымен қатар Өжет ықшамауданындағы 1470 балаға арналған №156 мектепте 3227 бала білім алуда, Дархан ықшамауданынан 115 бала, Байбесік ықшамауданынан 535 бала қатынап оқиды. Қазіргі таңда аталған мектепке 648 оқушыға арналған қосымша ғимарат салынуда. Аталған құрылыс 2017 жылдың сәуір айында толық аяқталады деп жоспарлап отырмыз.
Мектептердегі орын тапшылығы жөнінде Алматы қалалық Білім және Құрылыс басқармаларының назарында тұр.
Дархан ықшамауданында 2019-2020 жылдарға 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп салу қаланың бас жоспарына енгізілді.
– Өткен жылы «Алматының Алатау ауданы болашақта қала орталығына айналады. Өйткені бұл жер кең және жазық. Ал қала орталығында жаяу жүргіншілер жүретін көшелер көптеп салынатын болады. Мен кезінде Қазақстанның жаңа астанасына лайық орын іздеген кезде, мына Іле өзеніне қарай, жел соғатын жерге Алматыны көшіру туралы ой болды. Енді мына Алатау ауданы қазір сол бағытта дамып жатыр. Сондықтан болашақта Алатау ауданы Алматының орталығына айналып кетуі әбден ықтимал. Өйткені қанша айтқанмен қала орталығындағы ғимараттар ескіреді. Ал бұл жерге қаладағы барлық өндіріс орындары көшіріледі. Сәйкесінше, аудан бұдан әрі қарқынды дамитын болады. Жұмыс орындары ашылады» деген еді Елбасы. Осы орайда, жаңадан ашылатын өндіріс орындары туралы айта кетсеңіз.
– Қазір ғана өзіңіз айтып өткендей, Алматы қаласының Алатау ауданы – бүгінгі күні қарқынды дамып келе жатқан Елбасының бастамасымен ашылған Алматының жаңа аудандарының бірі.
Аудан аумағында ашылған «Индустриалдық аумақты» жеке дара бөліп айтуымызға болады.
«Индустриалдық аумақ» салуға 490 гектар жер бөлініп, бұл жерде 20 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жүзден астам кәсіпорынды орналастыру жоспарда тұр.
«Индустриалдық аумақтағы» инфрақұрылымды дамытуға бюджеттен 20,3 млрд теңге қаражат бөлініп, жол, газ желісі, ауызсу және кәріз жүйесі салынды. Қазіргі таңда «Индустриалды аумаққа» орналасуға ниет білдірген кәсіпорындар ішінен 33 жоба тандалып алынды.
Аталған 33 жоба іске қосылған жағдайда, өндіріс орындарында 4 989 жаңа жұмыс орындары ашылмақ. Бұл дегеніміз – экономиканың дамуы мен халықтың әл-ауқатының жақсаруына үлкен үлесін қосады деген сөз.
Бүгінгі күні «Индустриалдық аумақта» республика бойынша ең үлкен жылыжай салынды. Оның жалпы аумағы – 17 гектар. Жобаның құны –7,8 млрд теңге, өндіріс қуаты – жылына 7000 тонна, ашылатын жұмыс орнының саны – 150.
Бұл жоба «Индустриалдық аумақтағы» салынып жатқан объектілердің алғашқысы қана. Ал жылыжай өз өнімін осы қараша айында бере бастайды.
– Көпшілікті «Алғабастағы» үйлердің жайы алаңдатып тұр. Жаңа салынған үйлердің қисаюына не себеп?
– «Алғабас-6» ықшамауданындағы 2016 жылғы көктем айларындағы жауын-шашынның көп түсуі салдарынан және жерасты суларының көтерілуіне байланысты №136, 148 тұрғын үйлердің астындағы жер қыртысы ылғалданып үйлер қисайған. Қазіргі таңда аталған үйлердің тұрғындары басқа үйлерге көшірілді. Алматы қаласы құрылыс басқармасының тапсырыс беруімен арнайы «Гидроспецстрой» ЖШС мекемесі тұрғын үйлерді қалпына келтіру мақсатында тиісті жұмыстарды жүргізуде. Жалпы, екі үйді салған екі құрылыс компаниясы. Олар: №136 «Астана Құрылыс» ЖШС-на, №148 тұрғын үй «Дания констракшн» ЖШС-на тиесілі.
– Шаңырақтағы үйлер заңдастырылып берілгенін білеміз. Одан бөлек, алаяқтарға алданып, заңсыз жерлерді иемденген ағайындар да жетерлік. Заңсыз жерлерді заңдастыру мәселесі қалай жүзеге асуда?
– 2008 жылы Алатау ауданы ашылған уақыттан бастап 5 400 заңсыз, өз бетімен басып алынған жер телімдері заңдастырылғанынан көпшілік хабардар. Одан бөлек, магистралдық газ құбырының (73 үй), жоғарғы электр желісінің аумағында орналасқан (121 үй) заңсыз жер телімдеріне бір бөлмелік пәтер мен басқа жер телімдері берілді. Су қорғау аумағы (сайлы қауіпті аумақта), қызыл сызықта (жаңа жол құрылысы үстінде) орналасқан жер телімдеріне басқа ықшамаудандардан жер телімдерін ұсындық.
Бүгінгі күні жер мәселесі 95 пайызға шешілді деп айтуға болады.
– Универсиада өтетін уақыт таяп келеді. «Мұзды арена» мен атлетикалық ауыл «Алатау» ауданында бой көтеруде. Жалпы, ауданның Универсиадаға дайындығы қалай?
– Алматы қаласы Алатау ауданында орналасқан Универсиада нысандарының қазіргі таңда құрылысы толығымен аяқталды. Оның ішінде 12000 көрерменге арналған «Мұз аренасы», 5000 көрерменге арналған атлетикалық ауыл Алматы қаласы Алатау ауданының солтүстік-батыс бөлігінің Момышұлы даңғылы бойында орналасқан.
12 000 көрерменге арналған «Мұз аренасы» – көпфункционалды құрылыстың бірі. Қаланың әрбір тұрғынына бірегей қолжетімді әртүрлі қызмет түрлері көрсетіледі. Бұл заманауи әмбебап құрылыс нысаны концерттік бағдарламалар мен халықаралық түрлі спорт түрлерінен жарыстарды өткізу үшін пайдаланылады.
«Мұз аренасы» жыл сайын 600 мыңға жуық адам қабылдай алады. Осыған орай, Мұз айдынына келетін қонақтарды қабылдау үшін 3 қабатты кешенде 5 бар, 2 буфет, 3 кафе орналасқан. Мұз сарайы мұз айдынымен ғана емес, 7 түрлі спорт жаттығуларына арналған залдар, үлкендер мен балаларға арналған 2 бассейн бар. Мұз сарайымен көршілес орналасқан 5000 орындық атлетикалық ауыл тұрғылықты және әлеуметтік-коммерциялық бағытқа арналған. Күні кеше Алматы қаласының 1000 жылдығына орай, «Мұз аренасының» ашылу салтанаты өтті. Мерекелік шараға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келді.
«Алматының 1000 жылдығын алматылықтармен бірге Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемдік қауымдастық та атап өтуде. Бұл тарихи дата ЮНЕСКО-ның мерейтойлық даталар тізбесіне енді. Осы шешімнен Алматының аймақтық, жаһандық дамудағы айрықша рөлі көрініп отыр. Алатау бөктеріндегі қасиетті мекен өзінің үлкен тарихында талай оқиғаларға куә болды. Бұл жермен Ұлы Жібек жолы өтті. Ол Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті, ұлан-ғайыр Еуразияны жалғаған алғашқы бүкіл адамзаттық сауда жолы еді. Бұдан 550 жыл бұрын бүкіл Жетісу жері Қазақ хандығының алтын бесігі болды. ХХ ғасырда да Алматы ерекше рөл атқарды. 1929 жылы ол Қазақстан астанасы болды. Біртіндеп миллион тұрғыны бар мегаполиске айналды. Алматы егемен, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы астанасы мәртебесіне ие болды. Сол себепті де, қаланың 1000 жылдығын ел болып Отанымыз тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен қатар тойлап жатқанымыз символдық мәні бар нәрсе», – деді Елбасы.
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС