Төлеген ТЕЛҒАРАЕВ, Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданының әкімі:
– Ауданға әкім болып тағайындалғаныңызға да 100 күннің жүзі болды. Ауданмен толық танысып үлгердіңіз бе?
– Қазығұрт ауданының ауқымы кең, жүз мыңнан астам халық мекендейтінін осында келгеннен соң қанықтым. Қызметке кіріскен алғашқы күннен танысуды ардагерлер алқасымен танысудан бастадым. Ондағы мақсатым, ауданның зиялы қауымына сәлем беріп, бүкіл саналы ғұмырын ауданның өсіп-өркендеп дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлердің ақыл-қеңесін тыңдап, олардың ақ батасын алу болатын. Меніңше, бұл сапарым сәтті болғанға ұқсайды. Өйткені, ауданның төбе биі, екі майдан ардагері, партия-кеңес органдарында ұзақ жыл қызмет еткен Иса Телікбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров, алқа мүшелері Құттыбек Жұмашов, Камал Шаймерденов, Өмірзақ Мұстафаев, Мейірбек Нәмешов көптен көкейінде жүрген ой-пікірлерімен бөлісіп, аудан көлемінде орын алып жатқан олқылықтарды жою жөніндегі ақыл-кеңестерін де жеткізді. Аудандағы бірқатар ауыл әкімшіліктерімен бөлімдерді аралап, ауыл тұрғындары мен кездесіп, олардың ой-пікірлерін тыңдадым. Елді мекендерде әлі де орындалуға тиіс түйткілдер бар екенін бағамдадым. Ауыз, ағын су, жайылым мәселесі, сондай-ақ, жол салу, табиғи газ жүйесін жүргізу секілді мәселелер тиянақты түрде мықтап кірісуді талап етіп отыр.
– Аймақ басшысы Бейбіт Атамқұлов қызметке кірісерде нендей мәселеге назар аударуды тапсырды?
– Облыс әкімі кадр тағайындауда оның білімділігі мен біліктілігіне, адалдығымен ар-ождан, моральдық тазалығы мен ұстамдылығына, бөгде, жат әдеттерден мейлінше аулақ жастардан іріктеуді, бұл іске асқан жауапкершілікпен қарауымды талап етті. Екіншісі, ауданға ауқымды инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, жұмыссыздықты азайту, бюджетке түсетін түсім көздерін молайту қажеттігін ескертті. Қазіргі кезде бұл іс жүйелі түрде зерделеніп, алғашқы кадр жөніндегі резервтер даярланып, олардың біліктілігін арттыру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Ал, ауданға инвестиция тарту мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың өткен алты айының қорытындысы бойынша 2 млрд 497 млн 300 мың теңге инвестиция тартылды. Бұл жылдық жоспардың 49,9 пайызын құрап отыр. Сондай-ақ облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына да үлкен жанашырлық танытып келеді. Облыс әкімі Б.Атамқұлов іссапармен ауданда үш-төрт рет болып, қордаланып қалған проблемалардың шешу жолдарын көрсетіп қана қоймай, оның орындалуына ықпал етуде. Шілденің шыжыған ыстығына қарамастан, облыс әкімі Бейбіт Бәкірұлы аудан орталығын жаяу жүріп аралап, ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажына құлақ асты. Өтініштерін ескеріп, аудан әкімдігінің назарын тұрғындар өтінішіне аударуды ескерткені үлкен жанашырлық әрі қолдау деп білеміз. Аудан тұрғындары облыс әкімі
Б.Атамқұловтың ел аралап, халыққа жақын жүргенін жақсылыққа балап, оған ілтипатпен қарап отыр.
– Қазығұрттық диқандар республика бойынша алғашқылардың бірі болып егінге орақ салды. Биылғы түсім көңілдегідей ме?
– Үстіміздегі жылы аудан көлемінде 33784 гектарға бидай, 3164 гектарға арпа, 10008 гектарға мақсары, жалпы 83100 гектарға жоғарыдағыдай дақыл егілген болатын. Ауа райының қолайлығынан биылғы жылы жауын-шашын көп болып, ылғал мол түсті. Егіннің шығымдылығы мен өнімділігі де өте жақсы. Әзірге гектар түсімі 25 центнерден айналуда. Астық түсімі бұдан да жоғары болады деп күтілуде. Оған нақты айғақ, диқандарымыз дер кезінде Үкімет тарапынан қарастырылған жеңілдетілген бағада жанар-жағармай, минералды тыңайтқыш алып, оны тиімді пайдалана білді. Орақ науқанын да сақадай-сай дайындықпен бастап та жіберді. «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары сәтті жүзеге асуда. Мал басын өз төлі есебінен көбейту, мол тұқымын асылдандыру жұмыстары көңілге қонымды. Жеке шаруашылықтарды ірілендіру ісі де өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңға 8 өндірістік кооператив, 7 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 10 шаруа қожалығы, 4 жеке кәсіпкер өзара бірігіп, 22813 гектар егін алқабын, 20 гектар көпжылдық екпені, 708 мүшесімен бірге игеретін болып шешті. Аудан көлемінде жылыжай көлемі мен тамшылатып суғару әдісімен суды үнемдей отырып, өнім көлемін барынша арттыруға көңіл бөлінуде. Өндірілген бау-бақша өнімін сақтау мақсатында Қызылқия елді мекенінен «Амангелді» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құны 276,2 млн теңгеге заманауи 2 мың тонналық жеміс-жидек пен көкөніс сақтау қоймасын іске қосты.
– Қазығұрттағы өндіріс орындары бәсекеге қабілетті ме?
– Ауданда өнеркәсіп саласын дамыту басты назарда тұр. Осы бағытта Шарапхана ауыл округі, Майлыошақ елді мекенінен 40 гектар жерге 563,8 млн теңгеге инфрақұрылым (газ, су, электр энергиясы, асфальт жол, телефон байланысы) жүргізіліп, Индустриялық аймақ құрылды. Бүгінгі таңда жалпы құны 1627,4 млн теңгелік 6 жобаға 9,5 га жер телімі берілді. Оның ішінде: «Lotus Food Company L.L.C» ЖШС-ның құны 471,0 млн теңгелік «Тез әзірленетін тағамдар өндірісі» жобасының құрылысы толық аяқталып, іске қосу құжаттары рәсімделуде. Ал қалған кәсіпорындар құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Қосымша «Лотус Органикс» ЖШС-ның «Биохимиялық тыңайтқыш пен құрама жем шығару жобасын 3,5 гектар жерге жүзеге асыру көзделуде. Бұл жобаны өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысына қарауға құжаттар тапсырылды.
Жалпы, Индустриялық аймақтағы іске асырылып жатқан өндіріс орындары өздері маркетингтік талдау жүргізіп, өнімге қажетті сұраныстарды зерттеп іске асыруда. Бұл өндіріс орындарының шығарған өнімдері толық бәсекеге қабілетті болады деп сеніммен айта аламын.
– Қазығұрт туризм саласын дамыту үшін қолайлы жер, осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
– Оныңыз рас. Табиғаты тамылжыған тұнып тұрған сұлу өлке. Жорытып жүрген түрлі аң-құстары, көкпеңбек шалғыны мен оқтай бой түзеген шыршалар, сыңғырлап аққан мөп-мөлдір бұлақтар, кәусар, саф ауасы қандай, шіркін. Облыста түрлі аңызға арқау болған Қазығұрт тауы – бүгінде әлем саяхатшыларының назарын өзіне аудартқан қасиетті де, киелі тау.
«Қазығұрттың басында кеме қалған,
Ол әулие болмаса неге қалған» демекші жыл сайын Нұх пайғамбар кемесі қайырлап қалған Қазығұрт тауына, оның баурайындағы Ақбура әулие кесенелеріне зиярат етіп келуші туристердің қатары арта түсуде.Ауданда туризм саласын дамытуға сұранып тұрған тарихи орындар көп. Осы жағын ескере келе 4 бағытта туризм саласын дамытуды жүйелеп отырмыз. Бірінші бағыт – Тұрбат елді мекеніндегі Ысмайыл ата, Ысқақ ата кесенелері болса, екінші бағыт – «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі, үшінші бағыт – Ақбура әулие кесенесі мен төртінші бағыт – Қазығұрт баурайындағы кеме қалған. Нұх пайғамбар кемесінің наубайы. Міне, осы бағыттарда туристерге қажетті жағдайларды жасай отырып, олардың мүмкіндігінше қасиетті өңірдің табиғаты мен көрікті де, тарихи орындарымен тереңірек танысуға мүмкіндік жасауға ынталымыз. 2015 жылдың қорытындысы бойынша аталған туристік нысандарға 30194 адам келіп, тамашалаған. Биылғы жылы бұл одан да көп болады.
– Азаматтардың сізге кіруі қиын емес пе?
– Мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақыттағы жүріс-тұрысы, мінез-құлқы қоғамның мемлекеттік органдарға сенімін қалыптастырады. Сол үшін әрбір мемлекеттік қызметкер қай кезде болмасын, жоғары моральдық әдеп нормаларын сақтауы тиіс. Мен өзімді сол санаттамын деп есептеймін. Арнайы жұмыс кестесіне сәйкес аптасына бір күн аудан тұрғындарын қабылдаймын. Ал өзінің көкейде жүрген мұң-мұқтажымен ұсыныс-пікірлерін айтамын десе, есігім әркез айқара ашық.
– Сіздің қызметтегі және өмірдегі ұстанымыз қалай?
– Менің түсінігімде, қызмет – әрбір азаматқа көрсетілген сенім. Демек, сенім үдесінен шығып, еліңе, халқыңа қызмет ету – үлкен бақыт. Әрине, әріптестер арасында берік сенім, адалдық, мақсат-мүдде бір жерде тоғысып жатса, алынбайтын қамал жоқ. Бірлікте, ынтымақта болады. Менің қысқаша түйінім осы.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Еркін ҚАЛДАН