Кенже ЖҰМАНҰЛЫ, «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің ұйымдастырушысы:
– «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің биыл да жалғасын тапқаны барша әдебиетсүйер қауымды қуантып отыр, құтты болсын!
– Рақмет. Шілденің бірінен бастап жүлдеге қатысуға ниет білдірген азаматтардан шығармалар-ды қабылдап жатырмыз. Тамыздың біріндегі есеп бойынша, 80 автордан 176 жұмыс келіп түсті. Олардың бәрі байқаудың ресми сайты «akalam.kz» орналастырылды. Кез келген оқырманның осы сайтқа кіріп, көптің талқысына ұсынылған еңбектермен танысуына болады.
– Жүлденің ережесімен толығырақ таныстыра кетсеңіз. Кімдер қатыса алады, шығармалар қай уақытқа дейін қабылданады?
– Қаламгерлерден шығармаларды қазан айының 15-іне дейін қабылдаймыз. «Алтын қаламға» кез келген талапкер тегін қатыса алады. Байқауда бағымды сынаймын деген адамға барлық жағдай жасалған. Оның мамандығына, жасына шектеу қойылмайды. Тек жолдаған шығармалары байқау шарттарына сәйкес келсе жеткілікті. Барлық жұмыс электрондық нұсқада қабылданады. Яғни талапкер жазған дүниесін adebiet2014@gmail.com немесе kenze2002@mail.ru электрондық мекенжайына жөнелтуі керек. Келіп түскен шығармаларды сайт әкімшісі қарап шығып, akalam.kz әдеби порталына орналастырады. Сол сәттен шығармаға дауыс беру басталады.
– Қазір елімізде ақындар, журналистер арасында немесе балалар шығармашылығына арналған немесе түрлі тарихи оқиғаға орайластырылған әдеби конкурстар баршылық. «Алтын қалам» бұл сайыстардан несімен ерекшеленеді?
– Сіз бірнеше байқау түрін атап өттіңіз, ал «Алтын қалам» осының бәрін біріктіріп отыр. Сонысымен де ерекшеленеді. Мұнда балалар шығармасы да, проза, поэзия жанры да бәрі қамтылған. Негізі, Қазақстанда ұйымдастырылатын сайыстар проза, поэзия секілді санаулы жанрлармен шектеледі. Біз былтыр сатириктер үшін арнайы номинация енгіздік. Сонымен қатар қазақ әдебиетінде түрлі жанрдың дамуына үлес қосу үшін фантастика, детектив, драматургия, киносценарий саласында жазылған еңбектерге де байқау жарияладық. «Алтын қалам» – қазір бірнеше жанрдың басын қосып, тұрақты ұйымдастырылып отырған дара жүлде. Айтпақшы, биыл атаулы байқау бесінші рет өткізілгелі отыр. Бұл – біздің алғашқы мерейтойымыз. Осы датаға және Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай биыл конкурс аясында үздік қазақ романына байқау жарияладық. Жеңімпазға 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық тағайындадық. «Алтын қаламның» тағы бір ерекшелігі – талқылауға ұсынылған шығармалар түгел сайтта орналастырылады, онымен кез келген адам таныса алады. Алғашқы таңдауды біздің оқырмандарымыз жасайды. Яғни сайтты ашқан әрбір оқырман шығармалармен танысып, өз бағасын береді, пікірін қалдырады. Соның негізінде көптеген шығарма екшеленіп, іріктеудің келесі кезеңіне жолдама алады. Бір айта кетерлігі, сайтта шығарма авторлары көрсетілмейді. Оқырман тек өзіне ұнаған шығармаға дауыс береді. Бұл жерде автордың беделі, сіңірген еңбегі, лауазымы, жас ерекшелігі ескерілмейді. Тек қана үздік шығарма бағаланады. Бұл да жүлденің әділ өтуіне көп ықпал етіп отыр. Сондай-ақ конкурсқа ұсынылған материалдарды сайттан оқып қана қоймай, Қазақ радиосынан тыңдауға болады. «Алтын қалам» бәйгесіне ұсынылған үміткер-шығармалар биыл да Қазақ радиосының қолдауымен әуетолқыны арқылы таралады. Тыңдармандар радио арқылы да дауыс бере алады.
– Биыл жұмыстар қандай аталым бойынша қабылданып жатыр? Соған тоқтала кетсеңіз.
•ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПОЭЗИЯСЫ
•ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПРОЗАСЫ
•ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК КИНО-СЦЕНАРИІ ЖӘНЕ ДРАМАТУРГИЯСЫ
•ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР ӘДЕБИЕТІ
• ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК САТИРАСЫ
•ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ФАНТАСТИКА НЕМЕСЕ ДЕТЕКТИВ ШЫҒАРМАСЫ
•ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНЕ ҚОСҚАН ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕГІ ҮШІН
• ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК РОМАНЫ
• ДЕМЕУШІ ТАҢДАУЫ
Бір автор осы аталған аталымдардың барлығына қатыса алады. Байқау қорытындыланған соң, жүлде алған шығармаларды және оқырмандар тарапынан көп дауыс жинаған жұмыстарды біріктіріп, жинақ етіп шығарамыз, кітаптың аудио нұсқасын да дайындаймыз. Олардың бір бөлігі еліміздің кітапханаларына, мектептеріне тегін таратылса, басым бөлігі кітап дүкендеріне беріледі. «Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін» аталымы бойынша әр жылдары Қажығұмар Шабданұлы, Мұхтар Мағауин, Елубай Смағұлұлы, Есенғали Раушан, Тынымбай Нұрмағамбетов марапатталды. Биыл қай қаламгер әдебиетсүйер қауымның назарына ілігетінін уақыт көрсетеді. Егер ұсыныстар түсіп жатса, қарастыруға дайынбыз.
Сондай-ақ былтыр қатерлі ісік ауруына шалдыққан бүлдіршін Тахмина Жылқайдарова сырқатынан қиналғанына қарамастан, байқауға қатысқаны үшін арнаулы диплом және демеуші сыйлығымен марапатталды.
– Оқырмандар «Қазақ әдебиетіне қосқан елеулі еңбегі үшін» аталымына да дауыс бере ала ма?
– Осынау марапатқа лайық деп таныған қаламгерлердің есімдерін ұсына алады. Бірақ оларға дауыс бере алмайды. Бұл номинация бойынша таңдауды тек қазылар алқасы жасайды.
– Бүгінгі күнге дейін келіп түскен шығармалар арасында сізге ерекше ұнағандары бар ма?
– Нақты шығармаға тоқталмай-ақ қояйын. Өйткені бұл жайлы сыр ақтару конкурс ережесіне қайшы келеді. Бірақ авторлар жайлы бір-екі ауыз сөз айтсам деймін. Қатысушылардың жас ерекшелігіне шектеу қойылмайтынын ескерттік, сондықтан әр жастағы талапкерлер жұмыстарын ұсынды. Олардың ішіндегі ең жасы – Қапшағай қаласындағы мектептердің бірінде оқитын 10 жасар балақай, ал ең ересегі – Алматы тұрғыны, 87 жастағы қария. Олардың «Алтын қаламға» қатысуға ниет білдіргенінің өзі – біз үшін үлкен мәртебе. Ал 17 жасар бойжеткен өз шығармасын бірнеше тілде жазып жіберген. Өзі төрт тілде еркін сөйлей алады және сол тілдерде шығарма жаза алады. Осындай талантты жастарымыздың өсіп келе жатқаны қуантады. Сондай-ақ қатысушылар арасында елімізге әйгілі тұлғалар да бар.
– Сіз атап өткен авторлардың шығармаларын қазір-ақ оқығым келіп отыр. Олардың жазған дүниесін сайттан таба аламын ба?
– Таба аласыз. Бірақ шығармаларды нақты қай автор жазғанын, 87 жастағы қарияның не жазғанын, 10 жастағы жасөспірімнің жолдаған еңбегін ажырата алмайсыз. Сондықтан бәрін оқып шығуға, өз бетіңізбен болжам жасауға тура келеді.
– Қызық екен. Осынау жүлдеге тек Қазақстан азаматтары қатыса ма?
– Иә. 2011 жылы «Шетел авторларының үздік шығармасы» аталымын енгізгенбіз. Мұндай қадамға ойламаған жерден бардық. Өйткені шетелде тұратын қаламгерлер де «Алтын қаламға» қатысуға ниет танытып, шығармаларын жіберді. Оларды ескерусіз қалдырмау үшін арнайы аталым енгізгенбіз. Сол жылы «Шетел авторларының үздік шығармасы» аталымы бойынша молдовалық Вика Чембарцеева және ресейлік Роман Рубанов марапатталды. Мұнан кейін өзге елден келген жұмыстардан бас тарттық. Мақсат – қазақ әдебиетіне жұрт назарын аудару, заманауи шығармаларды, жаңа авторларды оқырманға таныстыру. Бірақ биыл шетелдерден тағы жұмыстар түсіп жатыр. Мысалы, бүгінгі күнге дейін Ресей, Украина, Малайзия, Израиль, АҚШ, Қырғызстан, Қытай мемлекеттерінің азаматтарынан шығармалар келді. Бірақ бұл шығармаларды конкурсқа қатыстырамыз ба, оларға сыйлық береміз бе, жоқ па, ол жағын әлі шешкен жоқпыз. Шетелдік авторлар біздің әдеби жүлде туралы ғаламтордан оқып-білгендерін жазып жіберіпті.
– Шетелден келген шығармалар қай тілде жазылған?
– Түгелге жуық орыс тілінде жазылған. Авторлардың барлығы Кеңес Одағы тұсында, одан кейін Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары көшіп барғандар. Алды – 1971 жылы қоныс аударса, кейінгілері – 10 жыл бұрын шетелдің азаматтығын алғандар. Тек Қытайдан келген шығарма қазақша. Оның өзі төте жазумен жазылыпты. Сондықтан оны оқи алмадық. Әңгімеміздің басында бір ай ішінде 176 жұмыстың түскенін атап өттім. Бірақ соның 112 орыс тілінде, 64-і ғана қазақ тілінде жазылған. Мұның да себебі бар, орыс тілінде қазақтар да, орыстар да, өзге ұлт өкілдері де жазады. Сондықтан олардың үлесі артып отыр. Бір жағынан қандастарымыз «әдеби туындылар қазанның 15-іне дейін қабылданады, әлі уақыт бар екен» деп арқаны кеңге салып, асықпай жүрген секілді. Қалған екі жарым ай уақыт ішінде қазақ тіліндегі шығармалар қатары артатын шығар деп үміттенемін.
– Қазір бүкіл әлем қаржы дағдарысын бастан кешіп отыр. Қиын-қыстау сәтте осындай үлкен байқау ұйымдастыру оңай тимеген шығар?
– Әрине. Қазақ әдебиетіне жұрт назарын аударайық деп ынталанған 4-5 тұлғаның талабы аздық етеді. Мұндай іске міндетті түрде қаржылай қолдау көрсетілуі тиіс. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, «Алтын қалам» байқауының серіктестерін атап өткім келеді. Ол: «Казкоммерцбанк», ақпараттық демеушілеріміз: Қазақстан баспасөз орталығы, Қазақ радиосы. Былтыр меценат, «Қазақ барысы» күресін ұйымдастырушы Арман Шораев бізге қолдау көрсетсе, биыл елімізге танымал тұлғалар «Казкоммерцбанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Кеңес Рақышев пен ZHERSU инвестициялық-өндірістік корпорациясының төрағасы Бауыржан Оспанов әдеби жүлденің жоғары деңгейде өтуіне атсалысып отыр. Қазақ әдебиетін, өнерін сүйетін, онысын нақты ісімен дәлелдеген осынау азаматтарға ризашылығымды білдіремін, ісіне табыс, отбасына береке тілеймін. Құдай қаласа осы әдеби жүлденің 20, 30 жылдық мерейтойын, қазақ әдебиетінің шырқау шыңына көтерілгенін көргім келеді. Қазақ қаламгерінің жаңа кітабы сауда сөресіне түскенде жұрттың жапа- тармағай таласып алғанын көргім келеді. Тамыздың басында Джоан Роулингтің Гарри Потер туралы жаңа кітабы саудаға шығарылғанда бүкіл әлем бойынша қандай жаңалық болды?! Біздің жазушыларымыз Джоаннан асырып жазбаса, кем түспейді. Тек бізде насихатталуы кемшін. Келешекте осы олқылықтардың орны толатынына сенгім келеді. Жалпы, осындай байқаулар көбірек ұйымдастырылуы керек. Мысалы, Ресейде В.В.Бианки атындағы әдеби конкурс бар. Онда табиғат туралы, жануарлар туралы сапалы жазылған үздік әдеби туындылар марапатталады. «Отбасы тарихы» атты отбасылық әдеби байқау бар. Жалпы, теріскейдегі көршіміз жыл сайын тек прозаға арналған 30 шақты конкурс өткізеді. Бұлардың қатарында шетелде жүріп орыс тілінің, әдебиетінің дамуына үлес қосқандар арасында ұйымдастырылатын әдеби жүлделер де бар.
– «Алтын қалам – 2016» жүлдесін қашан қорытындылайсыздар?
– Қазанның 15-іне дейін шығармаларды қабылдаймыз, оқырмандар осы күнге дейін дауыс бере алады. Содан кейін ең көп дауыс жинаған шығармалар іріктеліп, қазылар талқысына ұсынылады. Ескерте кететін жайт, қазылар мүшелеріне де танысатын шығармалардың авторлары көрсетілмейді. Олар тек өзіне ұнаған еңбекке дауыс береді. Қазылар құрамына байқау ұйымдастырушылары Досым Сәтпаев, Расул Жұмалы, Қуат Домбай, Айдос Сарым еніп отыр. Жеңімпаздардың есімі марапаттау рәсімінде ғана жарияланады. Осынау салтанатты шараны қараша айына жоспарлап отырмыз. Бұл шара Алматы қаласында өтеді, келем деушілерге есігіміз айқара ашық. Қай күні және қай жерде өтетінін жақындағанда жұртқа жариялаймыз. Күзде ел дихандары еккен егінінің жемісін жинаған шақта біз де үздік әдеби туындыларды таңдауға кірісеміз.
– Еңбектеріңіз жемісті болсын! Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ