ШЕНЕУНІК ЖӘНЕ ЖҰМА НАМАЗЫ: ӘКІМ НЕ АЙТТЫ, БІЗ НЕ ТҮСІНДІК?

/uploads/thumbnail/20170709092101489_small.jpg

Кешелі бері ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі қолданушылары жарысып жазып жатқан тақырып – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың «Мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытында жұма намазға баруды доғарсын» деген ескертпесі. Ә дегенде елдің өре түрегелгені, әкімнің бұл сөзі үшін дін дұшпаны етіп көрсету байқалады. Ол енді, жұмсартып айтқанда,  артық айыптау.

Әрине, Даниял Ахметовтың бұл сөзін мемлекеттік қызметшіге, билік басында біраздан бері жүрген әккі саясаткерге жараспайтын тактикалық қателік деп түсінуге болар. Бірақ, шенеуніктер жұма намазға бармасын дегенді Ахметов аспаннан алып айта салған жоқ. Белгілі бір себебі, ауыр салдары бар жағдайларды ескеріп айтқан болар. Алдымен әкімнің жиында сөйлеген сол сөзін тағы бір еске түсірейік.

«Әр жұма сайын ондаған мемлекеттік қызметшінің жұмыс уақытында қайда баратынын білемін. Қысқартыңыздар! Құрбайн айт және Рождество деген екі мейрам бар. Сол кезде, мархаббат, барыңыздар! Жалпы сіздер өздеріңіз таңдау керексіздер – не конституциялық алаңда жұмыс істейсіздер, немесе басқа жақта. Сіздер барлығыңыз осыны анықтап алыңыздар, өйткені, біздің ондаған жұмыскеріміз жұма күндері белсенді түрде мешітке барады. Мен оған қарсы емеспін, бірақ, Конституция барын, онда Қазақстанның зайырлы мемлекет деп жазылғанын ұмытпаңыздар. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілер осының басын ашып алсын. Ал, осындағы басшылар сағат он екіде кейбір қызметшілердің жұма күні жұмыс орнында неге болмайтынын бақылауға алсын», - деген болатын Даниал Ахметов.

Алайда, жұмысты тастап, жұмаға кететіндерге сын айтқан облыс басшысы өзінің діни мейрамдарды қуана атап өтетінін де жеткізген.

«Мен де Құрбан айтта мешітке барамын. Православтық христиандардың Рождество мерекесінде де елді қуанышпен құттықтаймын. Бұл – қалыпты жағдай. Мұны біздің ұлы замандасымыз, президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев та істейді. Бірақ, кешіріңіздер, жұмыс уақытында... Бұл енді жұмыс тәртібінің мәселесі», - деген Д. Ахметов.

Бар болғаны – осы. Облыс әкімін дін дұшпаны ететіндей еш сөз байқамады. Мемлекет ресми түрде мереке деп белгілеген Құрбан айт пен Рождествоға қарсы еместігін, ел қуанышымен бірге бөлісетінін, мешітке де баратынын айтып отыр. Ал, әкім айтқан жұмыс уақытында діни рәсімдерге қатысуға қатысты кейбір шектеулер мемлекеттік органдарда бұрыннан бар. Мәселен, полиция мен әскерилердің арнайы киім үлгісімен мешітке, шіркеуге, тағы басқа діни орындарға барып, рәсімдерге қатысуына кей басшылар тыйым салған. Бұл және басшылардың ойдан құрап алғаны емес, заңдық негізі бар талап.

Ал, енді жұмаға келсек. Мәселен, ШҚО орталығы Өскемен қаласында бесін намазының уақыты сағат 12.30-ға келеді екен.  Семей жамағаты жұма намазын 12.40-тан бастап оқиды. Мемлекеттік мекемелерде түскі асқа үзіліс ерте дегенде сағат бірде басталады. Демек, Даниалдың қол астындағы қызметшілерінен талап етіп отырғаны – қызмет уақытының регламентінің сақталуы. Қызметшілері жұмыс уақытында мешітке емес, басқа жақтарға кетіп жатса да әкімнің айтары – осы.

Мұндай түсінбеушілік Даниалдан бөлек, Сенат комитетінің төрағасы Дариға Назарбаеваның діни балабақшаларға қатысты пікіріне байланысты да туғанын білеміз. Орыс тілінде айтқан ол пікірінде Дариға Нұрсұлтанқызы «Халал балабақшалар туралы естідім. Бұған мен қарсымын» дегенде ол қандай балабақшаны айтты? Ол жерде мектепке дейінгі тәрбие берудің мемлекеттік стандарттарын қолданбайтын, тиісті талаптарға сай емес, шағын орталық типінде әр аулада ашылып жатқан, көбіне баласына манту салғызып, екпе жасатқанды харам санайтын кей ағымдарда жүрген азаматтардың балалары баратын балабақшалар туралы әңгіме болған. Сондықтан, онсыз да шиеленісіп тұрған діни ахуалды одан әрі күрделендірмеген дұрыс сияқты. Бұл ретте ресми діни басқарма да мемлекеттік қызметшілердің жұма намазы, басқа да діни рәсімдерге қатысуына қатысты түсінік бергені дұрыс сияқты. Әйтпесе, мешіт айналасындағы уағыз, пәтуалардың дені тек сақал мен балақ төңірегінен ұзамай, қоғамдағы күнделікті бетпе-бет келетін жағдайлардан дін қызметшілерінің сыртқары қалатыны да жасырын емес.

Жомарт Абдоллаұлы

Қатысты Мақалалар