Режиссер Әділхан Ержанов ( «Қаратас ауылындағы чума», «Қожайындар») «Қазақфильм» президенті Серік Жұбандықовты бюджеттен ақша жымқырды деп айыптады,- деп хабарлайды Qamshy.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Ол бұл мәлімдемені «Еуразия» кинофестивалінде үздік режиссура марапатын алып жатқан кезде айтты. Ержанов ҚР спорт және мәдениет министрі оның жаңа жобасына 100 миллион теңге бөлгенін, бірақ «Қазақфильм» вице-президенті оған тек 20 миллион қалдырғанын жайып салды.
«Олар біз осы жылы 20 миллионға фильм түсіргенімізді қалайды, бірақ та министрлік бізге 100 миллион бөлген. Осы мәселе мені мазалайды. Басшылық «Қазақфильм» ішінде министрлікке көрсетпейтін 20 миллиондық смета жасап қойды. Мен олармен дауласудан шаршадым, мен бұл жайлы бүгін сахнада айтуға шешім қабылдадым. Олар бәрін заң аясында жасасын немесе жобаны жауып тастасын. Ақша бермей ме, ештеңе етпейді, мен өзім түсіремін. Бастысы, менің фильмім арқылы ұрлық жасамаса болған»,- деді Ержанов.
Өз кезегінде, Серік Жұбандықов ешкімнің ақша ұрлап жатпағанын және оны иемдену ойларында да жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, әзірше бұл мәселе шешілмеген. «Оған әлі 100 миллион бөлінбеген, бұл тек жоспарланып жатыр. Шамамен 20 миллионды бастапқы сома ретінде бөлген. Біз келісімшартқа заңды түрде отырдық. Бұл өндірістік процесс,- деп мәлімдеді Жұбанов.