Тағдыр жолы

/uploads/thumbnail/20170709093754894_small.jpg

Әгір апай 40 жылдан астам ұстаз болып талай шәкірттерді өмірге қанат қақтырған ұлағатты ұстаз. Зейнетке шықса да жас ұстаздарға тәлім беріп, ауыл-аймақ қадір тұтқан адам. Әттең, адам өмірі уақыт құзырында ғой, сырқаттанып қалса, жанынан табылып медеу боламын. Көненің көзі апайым бірде өмірінің бір қилы кезеңін баяндағанда көкірегімді ащы өкініш буғаны бар.

«Мен 1932 жылы елімізде ұжымшар ұйымдастырылып жатқан алас-күлес кезеңде туыппын», - деп бастаған еді әңгімесін апай,- Сол себеппен ата-анам менің есімімді Әбігер деп атап, артынан еркелетіп Әгір деп атап кеткен екен. Әкем аудан орталығында жауапты қызметте істеді. Сол кезде тәтті балғын шақтың қызығына тоймаған ерке қызбын. Бірақ осындай жайма шуақ өмірімнің бір сәтте тас-талқан болады деп кім ойлаған

1937 жылы. Жаздың тамылжыған бір күні әскери адамдар үйге сау ете түсті, олар әй-шайға қарамай атам мен әкемнің қолына кісен салып сүйрелей жөнелді, бұны көріп шырылдап жылаған маған «жылама құлыным, әлі-ақ келемін» деп жұбатып, әкем тұлымшағымнан иіскегені есте. Кетіп бара жатып «Мен міндетті түрде ораламын, сен түрменің табалдырығын тоздырма. Балаларды күт» деп анама айтқан әкемнің соңғы сөзі де есте қалыпты.

Әкем мен атамды әкеткен күні үйде анам, емшектегі сіңлім және мен қалдым. Еңбек етіп ақша табатын Анам дімкәс. Әкемді ұстап әкеткеннен кейін анамның денсаулығы күрт түсіп кетті. Үйде азық - түлік қоры таусылуға айналды. Анам өз бетімен жүре де алмайтын жағдайға жетті, әйтеуір менің жәрдеміммен далаға кіріп - шығып жүретін болды. Көрші - қолаң бізге көмекке келуге «үндеместен» қорқады.

Осындай қиыншылықпен күндеріміз өтіп жатты, әйтеуір түнде есік тақылдаса табалдырыққа қайырымды жандар нан, сүт, айран, қаймақ тастап кететінін білеміз. Соны талғажу қыламыз. Анама дәрігерлік көмек көрсетілмеген соң, анамның да ауруы күн санап меңдей берді.

Анам менің есімде қалсын деді ме, атам, әкем туралы көп айтатын. «Әкең араб, парсы, орыс, неміс тілдерін жетік білген білікті де, білімді адам болды, атаң Меккеге екі рет қажылыққа барып келген, оқыған діндар кісі,- деген ана сөзі есте. Таңата есік алдына шығып әкемнің жолын тосамын «келемін деп еді ғой, неге келмейді, өтірікші»,- деп жылаушы едім. Сонда анам менің үмітімді үзгісі келді ме «әкең халық жауы, ол енді келмейді» деп көз жасына ырық бергені де есімде.

Иә, қазір баспа сөзде жазып жүргендей, аталмыш азаматтардың «халық жауы» деп, адамгершіліктерінің тапталуына Сталинің және оның жендеттері ғана кінәлі емес, ең алдымен қанқұйлы басшылардың ниетін орындаған «Ә» десе «Иә» деген жер-жердегі шолақ белсенділер еді. Егер олар өз қазағын, өз туысқандарын, тіпті дәмдес-тұздас жүрген жолдастарын өздері тізіп бермегенде осынша ма адал ниетті азаматтар, саяси қуғын-сүргінге ұшырап, абақтыға қойша тоғытылмас та еді. Есейгенде әкем мен атамның жазықсыз өліміне себепкер болған адамның кім екенін білгім келмеді, өйткені кек сақтап өмір сүру өзіме ауыр болатынын білдім. Әр адамның істеген жамандығы өзіне қайтып келеді деген ана сөзіне имандай сенемін...

Бір күні таңертең тұрсам, анам қимылсыз жатыр, қолы, денесі мұздай, оятсам оянбайды, қойнында жылап жатқан сіңлімді қолыма алдым, сонда ғана анамның о дүниелік болғанын білдім. Емшектегі сіңлім тамақ сұрап жылайды, оған қосылып мен де жылаймын, не берерімді білмей тілімді сорғызамын. Өзімнің де, өзегім талып қарным ашты, содан жылай-жылай әлі кеткен сіңлімді амалсыз өліп жатқан анамның қойнына салып емшегін бердім.

Анасының исін сезді ме, сіңлім емшегін еміп жатып үнсіз ғана өмірден өтіп кетті. Менің де аштықтан көзім қарауытып, шешемнің бауырына тығылып талықсып жатқан жерімнен үйдің есігін бұзып кірген көршілерім мені өлімнен құтқарды. Мүмкін бұл менің соңғы түнім болар ма еді, әйтеуір көретін жарығым болғаны ғой.

Көршілер анам мен сіңлімді жер қойнына беріп, мені балалар үйіне өткізді. Өздерінің басына қауіп төніп тұрса да, өмірімді алып қалған көршілеріме шексіз ризамын.

Сырымбеттің балалар үйінде тәрбиелендім. Шота Уәлиханов, Кәкімбек Салықовпен бір мектепте, бір сыныпта, бір партада отырдым. Оқуды тек беске оқыдым алтын медаль алуға үміткер едім, бірақ алтын белгі маған бұйырмады. Тегі артымнан қуынатын адам жоқ деп басынды ма, әлде халық жауының қызына алтын белгі лайық деп таппады ма, оны білмедім. Мектепті бітіргеннен кейін Алматы қаласына оқуға түсуге жиналдым. Бірақ қаржы мәселесіне қатты қиналдым сүйтіп жүргенде сенің анаң кездесе кетті. Мектепте мұғалім болып істейтін. Ол да балалар үйінің түлегі менің жағдайымды түсініп оқуыма жетерлік қаражат берді. Алматыға келіп мединститутқа құжаттарымды бердім, бірақ жарты балым жетпей оқуға өтпей қалдым. Ел жаққа барайын десем басымды кім сипай қояр дейсің деп амалсыз Алматыда қалып баспаға жұмысшы болып қабылдандым. Жатаханаға орналастым. Азын-аулақ еңбекақы төлейді, соған жанымды бағып бергендерін алып жүре бердім, әйтеуір жолым болып келесі жылы КазПИ оқуға түстім. Алған степендия бірде жетеді, бірде жетпейді, бірақ ешкімге қолымды созған жоқпын. Анамның шұлық тоқып үйреткені кәдеге асты сол кәсібіммен нәпәқа тауып жүрдім. Бір мақтанарым Мұқтар Әуезовтің дәрісін тыңдау бақытына ие болғандығым еді.

Оқуымды аяқтаған соң тұрмысқа шықтым. Аллаға шүкір бала сүйдім. Бәрі аяқтанып өмірде өз жолдарын тапты. Енді немере-шөберелерімді бағып отырған жайым бар. Әкем мен атам тәуелсіздік жылдары ақталды. Олардың сүйегі қай жерде жерленгенін де білмеймін. Әйтеуір жұма сайын мешітке барып құран бағышылатамын. Әкемнен ұрпақ қалмай ошағы өшкеніне қатты өкінемін,- деп үндемей отырды да, - міне жер ортасынан астым әлі де, анам мен әкемнің жылы алақандарын сағынамын, бірақ сағынышым о дүниеде олармен кездескенде басылар, тек артымда қалар ұрпақтарымның заманы түзу болсын. Ал, тағдыр жолымның осындай шырғалаң болғанына заманды жаман қылған қарау адамдар кінәлі деп ойлаймын,- деп Әгір апай терең күрсінген-ді.

Р/s. Бір отырыста Әгір апайдың замандастары апаңды жазсаң, біздің айтқанымызды да қағазыңа түрте сал, апаң жас кезінде бойшаң, аққұба, ботакөз, ботатірсек сұлу қыз болды. Оған бозбалалар көп қырындаушы еді, бірақ Әгір білім қуды, оның арманы әкемнің «халық жауы» емес екенін дәлелдеймін дейтіндігі еді. Мектепте оқып жүрген кезде Әгір, анамның көзі еді деп анасының бархыт қызыл ішігін киіп жүретін. Бертін Кәкімбектің «Жез киік» әні шыққанда, осы әннің кейіпкері Әгір емес пе деп ойладық. Мүмкін Кәкімбек жүрегінде қалған сұлу бейнені өлең арқылы өрді ме екен, кім білсін. Енді бұл біздің жорамал ғана, бірақ апаңның жас кезінде көркіне ақылы сай еді деген-ді замандастары.

Ерсін Ерғалиев

Қатысты Мақалалар