Соңғы уақытта ел ішінде болған лаңкестік оқиғалар мен полиция имиджіне қатысты ой қорытқан журналист Мирас Нұрмұханбетов Сamonitor.kz сайтындағы мақаласында осындай уәж айтады.
Журналист биліктің ауысар сәті жақындаған сайын полицияға ерекше рөл жүктелетінін және ол рөлдің Ақорда көзқарасы тұрғысынан дұрыс саналғанымен, полицияның өзі үшін ауырға соғатынын ескертеді. Журналистің ойынша құқықтық тәртіп органы министрімен қоса тағы да наразы көңіл күйдегі топтың нысанасына айналып, жексұрын органның кейпіне түсуі мүмкін. Полицияны қазірдің өзінде астыртын да, ашық та кемсіту ресми деңгейге көшкен. Автор бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың Қостанайғы сапары кезінде өзін асыра мақтап жіберген полиция подполковнигі, ІІМ оқу орталығы бастығының орынбасары Амантай Жүнісовке жасаған ескертуін мысал ретінде келтіреді. Сол жолы президент:
«Сендер болашақ полицейлерді оқытасыздар, сондықтан, оларға негізгі қағидаларды жеткізу керек. Қазір полицияның табысы жақсы емес пе?» деп сұраған президент «Табысымыз жақсы» деген жауап алған соң: «Онда неге жол торып, елдің қалтасын қағып жүрсіңдер?» деген болатын. Президенттің бұл айтқандары қысқа болса да, нысанаға дәл тиген, құқыққорғау органдарының жұмысына жасалған зерттеулердің нәтижесінде қойылған баға.
Ал, бұдан сәл бұрын Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы «Формалы адам мемлекет қорғауында болуы керек» деп, күштік құрылымдарды біршама көтермелегендей болатын. соған қарамастан қоғамда полиция қызметкерлерінің беделі күннен-күнге түсіп барады.
Журналист соңғы уақытта аудандық ІІБ-лер ғимараттарының таскірпішпен қоршалып жатқанына назар аударта отырып, елде бірнеше жыл бұрын полиция мекемелеріне шабуыл жасау түріндегі жаттығулардың сценарийі болғанын, мұндай әрекеттерден соң ішкі істер органдарының бюджетін ұлғайту, оларға қосымша өкілеттіктер беру, түзеу мекемелеріндегі тәртіпті күшейту шаралары қолға алынуы көзделгенін айтады.
«Қазір біз сондай оқиғалардың болып жатқанын көріп отырмыз. Соңғы бес жылда терактілердің, соған ұқсайтын әрекеттердің барлығы дерлік күштік құрылымдарға қарсы жасалуда. 2011 жылдың жазындағы Шұбаршы шуы кезінде екі бердей полиция қызметкері қызмет орнында атып өлтірілді. Алматылық «атқыш» та ресми мәліметтерге сенсек, нысанаға бірінші полиция басқармасын алды. Йә, қаза болғандар арасында бейбіт азаматтар да болды. бірақ, олар ол жерге кездейсоқ барып қалған кісілер еді», - дейді Мирас Нұрмұханбетов.
Осындай бірнеше белгілерін тізе келе отандық терактілердің «ұлттық ерекшелігі» ретінде шабуылдардың нақты құқыққорғау органдарына бағытталғанына назар аудартады. Мұны сол органдардың өздері дә әр жолы айтып жүр. Автор осы ретте лаңкестердің шабуылдары шенді басшыларға, полицияның жоғарғы басқару органдарына емес, қатардағы полицейлер – сержанттар мен старшиналарға, кіші офицерлерге бағытталғанын атап өтеді. Өзге елдердегі (Мексика, Колумбия, Шри-Ланка, Пәкістандағы кейбір оқиғалар мен революцияға дейінгі Ресейде) терактілерге шолу жасаған журналист онда лаңкестер негізінен полицияның элиталық бөлімшелері мен басшылық құрамын нысанаға алғанын айтады. Осыған қарап автор полиция елдегі саяси жүйенің бір бөлігі ғана емес, оның құрбаны да болып кеткен деген қорытындыға келеді.
Мақала соңында автор билік ауысатын уақыт жақындаған сайын ішкі істер органдарына қосымша өкілеттер мен жаңа басшы, үйлестірушілерге ие болған басқа мекемелерге қарағанда салмақты міндеттер артылатынын айтады. Ол сценарий бойынша ІІМ екі міндет арқалайды. Біріншісі – арнайы операциялар өткізу арқылы «құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету». Мысалы, ҰҚК мен Жемқорлыққа қарсы бюроға биліктегі элита мен қаржылық топтардың кейбір өкілдерін құрықтау, экономикалық қиыншылықтар кезінде болмай тұрмайтын әлеуметтік наразылықтар мен стихиялық митингілерді «үйлестіру». Астанадағы дереккөздердің хабарлауынша, полиция бұл бағыттағы жұмыста кейбір диалогтар мен компромистерге де баруы мүмкін екен.
Полицияға артылатын екінші міндет – ішкі, сыртқы күштердің соққыларын өзіне қабылдау арқылы «сенімді ақтау», антына адал болу.
Журналист ІІМ Қ. Қасымовтың қоғамдағы наразылықтар мен сыни пікірлерге, тіпті министрдің өзінің де отставкаға кетуге оқталғанына қарамастан кешегі үкіметтік ауыс-түйістер кезінде орнында қалуын осы міндеттердің жүктелуімен байланыстырады.