Оның есімі Айжан. Жасы отыздан асса да өмірлік серігін әлі кездестірмеген ол қазіргі қоғамда кәрі қыздарға деген сынның көбейіп кетуіне байланысты өз ойын жайып салды.
"Иә, бәлкім мені де біреулер кәрі қыз дейтін шығар. Бірақ өзімді кәрі қыз деп есептемеймін. Жалпы тұрмысқа шықпаған қыздарды бұлай атап кемсітудің керегі жоқ. Қай бойжеткен өмірлік жолдасын тауып, балалы-шағалы болып, бір үйдің келіні атанғысы келмейді дейсіз? Біреулер "қыздар күйеуге тимей қалса өздері кінәлі. Жақсы жігіттерді менсінбей жүріп алады" деп, жазғырып жатады. Бұл да дұрыс емес. Менде мысалы, біреуді менсінбеу деген болған емес.
Студент кезімде бар уақытымды оқуға арнадым. Басқа қыздар жігіт іздеп, 4-курстың соңында күнде "жасымыз өтіп барады, біреуді тауып кетейік" деп, неше түрлі жігіттермен танысып, қыдырып жүрді. Ал мен болсам оларға ермейтінмін. Оларды бұзылған қыз деп ойлайтынмын. Бүгін қарасам солар төрт-бес баланың анасы атанып, жап-жақсы әйел болып отыр.
Қазір енді бар ниетімді жұмысқа аударғандықтан ба, күйеуге шығу қажеттігіне аса мән бермеймін. Жалпы күйеуге шығу жөнінде неге қыз ойлауы керек? Бұл тағдырдың жазуымен болатын іс емес пе? Біреу ерте, біреу кеш дегендей, бойдақ қыз әйтеуір күндердің бір күнінде серігін кездестірер. Ал кездеспесе, ол да маңдайға жазылған іс болар.
Әрине, менің күйеуге шыққым келеді. Біреулер "Әлі күнге күйеуге шықпай неғып жүрсің? деп жатады. Ол менің қолымдағы іс емес. Мүмкін уақыты әлі келмеген шығар. Берер жауабым осы.
Айналамда жақсы азаматтар көп. Мен жасым өскен сайын адамдарды барынша жақсы көретін болдым. Бұрын мейлінше тұйық, кісілерден алшақ жүретін едім. Қазір ортам үйретті ме, адамдарсыз тұра алмаймын. Маған мейірім шуағын төгіп тұратын жігіттерді көрген сайын солардың бойынан өзімнің болашақ жарыма тән қасиеттерді іздеймін. "Күйеуім осындай болса екен" деп ойлаймын. Бірақ біреуді отбасынан бұзып, әйелі бар еркекке жабысу ойымда жоқ. Айналамдағы мені сыйлайтын ер азаматтарға менің де сый-құрметім ерекше. Ал, өмірлік жолдас табу ол қыздың қолындағы нәрсе емес, тағдырдың ісі.
Айғаным Біртуар