ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев «Казахстанская правда» газеті, «Қазақстан» РТРК мен Орталық коммуникациялар қызметінің жаңа басшыларын таныстырды,-деп хабарлайды Qamshy.kz.
«Казахстанская правда» газетінің басқарма төрағасы болып Вячеслав Пащенко тағайындалды.
Министр бұрынғы басшы Александр Тараковқа жемісті еңбек еткені үшін алғыс білдіріп, оның «Казахстанская правда» жүйесінде төраға орынбасары болып қалатынын мәлімдеді.
«Сіздердің алдарыңызда үлкен міндет тұр. Сіздерді елдің экономикасы мен саясатына ықпал ететін аудиторияның оқығаны маңызды», - деп атап өтті Д.Абаев.
Ал, «Қазақстан» РТРК» АҚ ұжымына министр жаңа басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаевты таныстырды.
Министрдің хабарлауынша, корпорацияның бұрынғы басшысы Нұржан Мұхамеджанова төрағаның бірінші орынбасары лауазымын атқарады және компания және оның филиалдарының стратегиялық мәселелеріне қатысты жұмысын реттейтін болады. Дәурен Абаев корпорацияның жемісті жұмысын ерекше атап өтті және ұжымға сәттілік тіледі.
Өз кезегінде Кемелбек Ойшыбаев корпорация ұжымы қойылған жаңа міндеттер мен талаптарды ақтауға тырысатындығын атап өтті.
«Сіздің барлық тапсырмаларыңыз міндетті түрде орындалатын болады», - деді ол.
Сондай-ақ, бүгін «Орталық коммуникациялар қызметі» РМК-нің де басшысы ауысты. Министр мекеме ұжымына жаңа басшысы Евгений Кочетовті таныстырды.
«Бұл ол үшін үлкен сенім және үлкен мүмкіндік. Ол алдына қойылған міндеттерді сәтті атқарып шығатынына сенімдімін. Қазір Орталық коммуникациялар қызметінің алдында үлкен міндеттер тұр: бұл қарым-қатынасты одан әрі тереңдету, жаңа формат, Евгенийді жақсы танитындықтан, ол бұл міндетті толық атқарып шығатынына сенемін. Мұнда өте мықты ұжым қалыптасқан. Сондықтан бұны өте жақсы қолдап отыру қажет», - деді Д. Абаев.

Пащенко Вячеслав Валентинович 1978 жылы 15 шілдеде дүниеге келген. Алматы мемлекеттік университетін орыс филологиясы және Экономика және құқық академиясын қаржы және несие мамандығы бойынша бітірген. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасарының кеңесшісі, «Бизнес-Партнер» экономикалық мультимедиялық порталының бас редакторы, «Интерфакс-Қазақстан» порталының бас редакторы болған.

Ойшыбаев Кемелбек Бақтығұлұлы 1977 жылы 13 шілдеде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін Журналистика мамандығы бойынша, Қазақ Гуманитарлық-Заң университетін заңгер мамандығы бойынша, Халықаралық бизнес академиясын корпоративті менеджмент мамандығы бойынша тәмамдаған, сонымен қатар Geneva Business School - MBA мектебін бітірген. Орталық коммуникациялар қызметінің директоры қызметін атқарды. Сонымен бірге «Қазмедиа орталығы» бас директорының орынбасары, «Zaman Қазақстан» республикалық газеті бас редакторының орынбасары, «Қазақтелеком» АҚ корпоративтік сатылымдар дирекциясының бас директоры қызметтерін атқарған.

Кочетов Евгений Дмитриевич 1988 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. Қазақ гуманитарлық-заң университетін қаржы мамандығы бойынша тәмамдаған. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің экономика магистрі. «Қазконтент» АҚ-ның «Kaztube» порталына басшылық еткен. «Informburo», «Vlast» агенттіктерінің экономикалық шолушысы, «Kazakhstan real estate group» басқарушы директоры, «Цесна» Корпорациясы» АҚ девелопмент бөлімшесінің жетекшісі қызметтерін атқарды.