Жыртық джинсы тарихын білесіз бе?

/uploads/thumbnail/20170709094116456_small.jpg

Шыққыр көзіміз үйренбеген көрініс қалды ма? Бұдан сұмдық не болуы мүмкін дегізетін жәйттардың өзі үйреншікті боп бара жатқаны көп ешкімді алаңдатпайтын секілді. Бұл жолғы әңгіме де сол турасында. Монтиып құр қарап отырмай мәселе тұмсығын тағы да жастарға әкеп тірейміз. Қай жағынан тиіссек? Әәәәә, таптым, әлгі батыстың байғұс бейнесіне болмаса да ұқсап бағудың классикасын көресткен көше, һәм сахна сәнқойларының жыртық шалбарларына соқтығысайықшы бір. Бағасы қымбат тұратын жыртық джинсыйға қолым жетпей амалсыз бүтін шалбар сатып алуыма тура келген соң туындаған көреалмаушылықтан емес, бұл келеңсіздіктің өміріміздің бір бөлшегіне айналып бара жатқандығына наразы болғандықтан. Жарты әлем жапырақ жамылып жүргенде бабамыз алтыннан сауыт кигесін бе, бала күнімізде ойнап жүріп оқыста киіміміз жыртылып қалса үйге жеткенше ұяттан өртеніп кете жаздаушы ек. Әсілі, атқа қонып, малдас құрып, жорыққа шыққанға ыңғайлы болғаны үшін шалбар дегенді ел әлемге үйреткен де біздің бабаларымыз еді. Бірақ көрдіңіз ғой, біз үйреткен сол мәдениетті жыртып-жыртып өзімізге қайта кигізіп қойды. Неге бұлай болды? Бұл «сандырақ сәннің» тарихы қандай? Үңіліп көрейік те...

Джинсы матасы алғаш пайда болған тұста оған қара жұмысшылардан сұраныс көп түсті. Теңізші, көмірші, бағбан, ковбойларға джинсыдан тігілген шалбарлар өте тиімді болатын. Келе-келе ол жұмысшылардың сүйікті киіміне айналған. Дегенімен джинсы шалбарлары жыртылған сайын жаңасын сатып алуға олардың қалтасы көтермеген. Сөйтіп еңбекке бір шалбарды әбден тозып, істен шыққанша киген. Бұл сондай тауарих. Ал одан кейін...

Одан кейін жыртық шалбарлар 1960 жылдардың аяғы мен 1970 жылдардың басында пайда болған субмәдениет  өкілдері, панктардың киім қорына қосылған. Ал оны алғаш сахна төріне киіп шыққан да осы панк-рокерлер.

Осыдан кейін-ақ жыртық джынсыйлар не болса соған еліктегіш жасөспірім мен жастар арасында үлкен жаңалыққа айналып, сұранысқа ие бола бастады. Бұл олардың қоғам мен саясат, жалпы мәдениетке қарама қайшы көзқарасының көзге көрінер дәлеліне айналды. Тек жыртық шалбар ғана емес киімге түскен түрлі дақтармен де жұрт көзіне түсуден еш қымсынбайтын. Ал бүгін...

Ал бүгін тізеден жыртылған джинсы сән әлеміне қайта оралып отыр. Оралып қана қоймай жастар арасында күннен күнгесәнге айналып бара жатыр. Тіпті көптеген дизайнерлер жаңа джинсыйды жыртқаннан кейін тиісті әсер беру үшін әрі қарай қалай өңдеу керектігін үйретіп, түрлі сән журналдары да оларды жарыса жариялап жатыр. Оның біздің елде де етек жайып бара жатқаны сонша, көшеде жыртық джинсыйлы адам көрсек таң қалмайтын болдық. Ең сорақысы балалардың жыртық джинсыйлары өндіріліп, соны қызық көріп бөбектерге жаппай кигізіп жатырмыз. Сірә, баланы жасынан бұлай тәрбиелеуге болмайтын шығар. Өйткені баланың мінез-құлық пен болмысының қалыптасуына киген киімі де тікелей қатысты. Неге демеңіз, тіпті ересек адамның көңіл күйі де сондай, классикалық үлгіде киініп алып өзіңмізді неғұрлым салмақты да әдепті ұстауға тырысамыз, спорттық я кэжуал стилінде керісінше, барынша ойнақы әрі еркін жүресіз. Ал енді ұлттық киім киіп алыңызшы, сізден асқан ұлтжанды жоқ. Бұл да осы мәселе. Иә, адам көркі шүберек, бірақне болса соған еліктеудің керегі жоқ. Сіз қазақ ұлттық киімінің әлем бойынша ең әдемі киімдердің ондығына кіретінін білетін шығарсыз? Онда болашақ аналарға, әкелерге жыртық киім киіп, болашақ ұрпаққа жыртық өнеге көрсетпеуі үшін тарихы енді ғана мәлім болған жыртық шалбарлардан бас тартуға кеңес берер ем. Ал заман көшінен қалмау тек сол жыртық джинсы киюіңізге қарап қалған жоқ. Ойланарсыз, иә?!

P.S: Санада жыртық болмаса, шалбарда да болмайды.

Айдана Қайсарбекқызы

Қатысты Мақалалар