СИРИЯ АҚШ пен РЕСЕЙДІҢ СОҒЫС АЛАҢЫНА АЙНАЛА МА?

/uploads/thumbnail/20170709094444630_small.jpg

Сирия мәселесіне қатысты АҚШ пен Ресейдің арасындағы келіссөздер сәтсіздікке ұшырады десе де болады. Екі ел арасындағы соңғы дипломатиялық пікір алмасулар оң нәтиже бермеді. Сарапшылар күн сайын АҚШ пен Ресей енді дипломатиялық даудан ашық әскери қақтығыстарға көшеді дегенді жиі айтуда.

РФ сыртқы істер министрі С. Лавров пен АҚШ мемхатшысы Дж. Керидің соңғы уақыттағы сансыз кездесулерінен оң нәтиже болмағанына қарап, ол сарапшылармен келіспеске шара жоқ. Өйткені, екі елдің дипломаттары, солар арқылы басшылығы Сириядағы қарсылаусушы тараптардың қайсысын бейбіт оппозиция, қайсысын қарулы содырлар деп атаймыз деген негізгі мәселенің басын аша алмады. Демек, әркім өз айтқанында қалып, аймақтағы қарулы қақтығыстардың бәсеңдеу мүмкіндігі азайып отыр.

Бұл текетіресте Қызыл жарты ай қайырылмыдық ұйымының гуманитарлық керуенінің шабуылға ұшырауы отқа май құйған оқиға болды. Онсыз да Ресейдің Сириядағы әскери операцияларын сынап отырған АҚШ Ресейді гуманитарлық қылмыс жасады деп айыптап, ендігі келіссөздерге ниетті еместігін танытты. Тіпті, қызды-қыздымен АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Джон Кирби «Бұдан былай Ресейдің Сирияда өлім құшатын сарбаздарының саны мен өзге де шығындары арта бермек» дегенді қойып қалды.

Кирбидің бұл сөзі Ресейде дипломатиялық қадамнан гөрі, ашық қоқан-лоққы деп түсінілгені анық. Бұған РФ сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарова АҚШ-тық әріптесіне қайтарған жауабы дәлел.

«Ол әрекеттерді (сарбаздарды өлтіру – ред.) іс жүзінде кім жүзеге асырады екен? Әлд Вашингтон эарты жыл бойы Жебхат ан-Нусрадан айыра алмай келе жатқан «қалыпты оппозиция» ма? Франциядағы, АҚШ-тағы, басқа елдердегі терактілер, ишимдіктердің Сириядағы бас кесулері басқа парадигма ма?», деп сұраққа сұрақпен жауап қатыпты ресейлік дипломат.

АҚШ тарапының мәлімдемесін ресейлік әскерилер де жауапсыз қалдырмаған.  

«Дж. Кирбидің мәлімдемесі – Сирияда азаматтық соғыс жүргізуде делінген оппозицияның АҚШ-қа бағынатын халықаралық террористік ұйым екенін ашық мойындау. Біз Сирияда, Алеппода содырлардың операциясын жоспарлау және басқарумен айналысатын қанша арнайы «мамандардың» барын нақты білеміз», - депті РФ қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь Конашенков.

Бұл пікірлер соғысынан екі алыптың ашық айқасқа баруының сценарийіне қатысты түрлі болжамдар жасауға болады. Сол болжамдардың ішіндегі бір анығы – екі түйе сүзіссе, арасында шыбын өледі дегендей, зардап шегетін Сирия халқы мен ресми билігі. Шынын айту керек, Ресейдің жасаған әуе соққылары нысанаға алдық деген содырларға дәл тиіп жатқанына күмән бар, ал, төбесіне бомба түсіп, қираған елді мекендер мен бейбіт тұрғындар туралы хабарларды күнде көріп жүрміз. АҚШ-та өз тарапынан Сирияның ресми билігі, Башар Асадқа, оның әскеріне қысымын арттыра түсері анық. Башардың басына тасталған бомба оның ресми одақтасы Ресей әскерилерінен де алысқа түспесі тағы белгілі. Бұдан бөлек, Reuters агенттігі бірқатар елдердің Сирия оппозициясына (ИШИМ содырларына емес, Б. Асад билігіне наразылық танытып жүрген саяси топтарға – ред.) қару жеткізуі мүмкін екенін хабарлады. Бұл да Шамдағы шатақта белгілі бір мүддесі бар Парсы шығанағы елдерінің бүйрегі бұратын лаңкестер мен наразы топтарды қымсынбай қаруландыруына жол ашылады деген сөз.

Қалай болғанда да Сириядағы соғыстың бірер күнде сап тыйылып, тараптардың тоқтай қоюы екіталай. АҚШ-тағы президент сайлауы жақындаған сайын бұл шеиеленіс үдемесе, басылмайды. Ал, американдық электораттың басым бөлігінің қазіргі көзқарасы сайлау нәтижелерінде де көрініс тауып, президент тағына Ресеймен достық қатынас орнатуды көздейтін Д. Трамп емес, Х. Клинтон жайғасса – Кремльдің қиын жағдайда қалғаны.

Дархан Мұқантегі

Қатысты Мақалалар