Астанадағы Есіл аудандық №2 сотында ҚР Журналистер одағы төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, «ҚазТАГ» ХАА-ның басшысы Әсет Матаевтың ісі бойынша үкім оқылды, - деп хабарлайды Qamshy.kz.
«С. Матаев ҚР Қылмыстық кодексінің 245-бабы, 3-тармағы, 190-бабы 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, жиынтығы 6 жылға бас бостандығынан айырылсын. Ә. Матаев ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылсын», - деді үкімді оқыған судья Ақболат Құрмантаев.
Сондай-ақ, екі сотталушының да мүлкі тәркіленіп, екеуі де өмір бойы басшылық лауазымдар иелену құқығынан айырылды.
Сот үкімі оқылғанға дейін С. Матаевтың өзі «Ешқандай «ғажайып» күтпейміз. Бірақ, біз өзімізді кінәлі деп санамаймыз. Біз бұл шешімге де шағымданамыз. Қолдау білдіріп келгендерге алғыс айтамын. Осынша қиындыққа төзген Әсетке, менің отбасыма, адвокатыма алғыс айту керекпіз», - деген болатын.
Бұған дейін соттағы жарыссөз кезеңінде прокурор Ержан Құрақбаев судьядан Сейітқазы Матаевты 6 жыл 8 айға, Әсет Матаевты 6 жылға соттауды сұраған еді.
Үкім оқылған соң Матаевтардың адвокаты Мадина Бакиева үкімге қарсы шағым беретінін хабарлады.
Прокурор сонымен қатар Сейітқазы Матаевтың кәсіпкерлікпен айналысуына 3 жылға дейін тыйым салуды, ақпараттандыру және байланыс комитеті мен «Қазақтелеком» компаниясына олардың шағымы бойынша 169 миллион теңге өндіріп беруді және «төленбеген салық» ретінде 216 миллион теңге өндіруді сұрады.
Биыл 22 ақпанда «мемлекет қаржысын жымқырған» және «салықтан жалтарған» деген күдікпен ұсталған Сейітқазы Матаев 24 ақпанда үйқамаққа алынған. 28 наурызда Әсет Матаев та үйқамаққа алынды.
Әкелі-балалы Матаевтарға қатысты сот процесі Астанада 23 тамызда басталған.