Ресей президенті Владимир Путин Ресей қарулы күштері қолбасшылығының әскери жаттығуларын аралап көруі барысында «Украинадағы өзгерістер жауапкершіліксіз саясаттардың соңы неге ұластыратынын көрсетті» деп қуаттап, Ресей армиясына жаттығу үшін дайындалған нысанаға шабуыл жасауға жарлық берді. Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Ресейдің ядролық әлеуетін жауынгерлік дайындық жағдайда деп мәлімдеді. Сондай- ақ, бірқатар Ресей қайраткерлері Ресейдің бірнеше баллистикалық зымырандарды сынақтан өткізгенін мәлімдеді. Ресей мен Американың қырғи қабақ соғыстан кейінгі кезеңде бұрын- соңды болмаған теке тірес туғызған Украина мәселесінде бетпе- бет келуі барысында Ресей өзінің стратегиялық ұтыс карточкасымен, яғни стратегиялық ядролық күші, әсіресе құрлықаралық ядролық зымырандарымен өзінің әскери әлеуетін Америка мен оның өзге батыстық одақтастарына көрсеткісі келіп отыр. Шын мәнінде Америка мен НАТО тарапынан соңғы айларда Ресейге қарсы талқыланған түрлі қоқан-лоққылар мен НАТО- ның Шығыс Еуропада әскери сап түзеуі бұрынғыдан көбірек Ресейді алаңдатып отыр. Ресей мен Америка арасындағы Украина дағдарысы бойынша теке тірестердің ұлғаюы соңғы жылдарда бұрын-соңды болмаған жағдай. Осы мәселе екі тараптың бір-біріне күш көрсетуіне себеп болып отыр. Ресейдің өзінің ядролық күшіне иек артуы және ықтималдық нысандарға жаттығу ретінде ядролық шабуыл жасауы сол елдің шынайы қауіп-қатер туған кезде ядролық әлеуетін қолданудағы әзірлігін көрсетіп отыр. Екінші жағынан Ресей стратегиялық әуе күшін пайдалану арқылы өзінің стратегиялық бомбалаушылары мен алыс қашықтыққа ұшатын қырғи ұшақтарын Американың шекараларына таяу жерде ұшырып, өзінің шама- шарқын көрсетіп отыр. Бұған қоса Ресейдің жауынгерлік кемелері де Тынық мұхитының батыс аймағындағы құзырын арттырып, теңіз қимылдарына кірісіп отыр. Ресейдің шараларын НАТО мен Американың Украинамен іргелес және Ресеймен шекаралас елдерге өз күштері мен әскери жабдықтарын орналастыруы, атап айтқанда америкалық қырғи ұшақтарды Польша мен Балтық республикаларына орналастыруын едәуір көбейтуінің қарымтасы деп есептеуге болады. Ресейдің Украина дағдарысын шешу мәселесінде Батыспен келіспеушілігінің ұлғаюының нәтижесінде Ресей де өзінің мыңдаған әскери күші мен едәуір әскери жабдығын өзінің батыс шекараларына, яғни Украинаның іргесіне орналастырды. Соңғы кезде ондаған ресейлік ұшақтың, атап айтқанда қырғи ұшақтардың Қырым түбегінің аспанында шарықтап ұшып жүргені туралы мәліметтер таратылды. Кейбір мамандардың пікірінше, осы мәселе Мәскеу әуе бөлімшелерінің осы аймаққа жаппай көшірілуін аңғартады. Қарсы тарапта америкалықтар өздерінің Шығыс Еуропадағы әскери стратегияларын қайтадан қараумен НАТО- ға мүше болып табылатын осы аймақтағы елдермен әскери ынтымақтастықтары деңгейін жоғарылату арқылы өздерінің әскери құзырын да елеулі түрде арттыруды мақсат тұтып отыр. Орналастыру деңгейін арттыру шын мәнінде Украинаға килігуден бас тартумен бірге Балтық өңірі елдері, Қара теңіз өңірі елдері және Польшаға тікелей әрі жанама түрде қоқан-лоққы жасаудан бас тартсын деген Мәскеуге ескерту болып табылады. Қарсы тарапта Ресей де НАТО, әсіресе Американың Шығыс Еуропадағы шаралары аймақта тек теке тірес туғызу бағытында болып, Ресейдің ұлттық қауіпіздігіне қатер төндіреді деп күмәнденеді. Сонымен бірге Америка Батыстың Ресеймен әскери және қарау- жарақ байланыстарына шектеу қоюын шынымен талап етіп отыр. Осы орайда бейсенбі күні АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Виктория Ноланд «Вашингтон француздық тікұшақ тасушы «Мистраль» кемелерін алдын ала жоспар бойынша Ресейге сату жөнінде Украина дағдарысына байланысты алаңдап отыр» деді. Франция Ресейге сатпақ болып отырған осы кемелердің құны бір миллиард 200 миллион евро деп бағаланып отыр.
Мақала Иран қазақ радиосы сайтынан алынды.http://kazakh.irib.ir/
(Түпнұсқадағы тақырып: Ресей ядролық әлеуетін көрсетуде)