Ертең, яғни 11 мамыр күні сағат 10.00- де Марков көшесі, № 34 үйде орналасқан Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында «Жұлдыздар отбасы-Аңыз адам» журналының соты болатынын хабарлады заңгер Мақсат Ілиясұлы facebook парақшасында.
Оның жазуынша, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы «Жұлдыздар отбасы-Аңыз адам» журналы ҚР «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 15 бабының 1 тармағының 8 тармақшасын бұзған деп айыптап отыр. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның 350 бабының 1 тармағында ол заң бұзушылық үшін бұқаралық ақпарат құралына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айып салынады деп көрсетілген. Алайда, әкімшілік журналды шығарушы заңды тұлғаға да, бас редакторға да айып салмақшы. Ол заңға сай келмейді деп есептейтінін айта келе, ұлтшыл азаматтарды саяси астармен қудалауға түсіп жатқан қазақ тіліндегі журналды қолдауға шақырады.