Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Тұрбеков өңiрлiк коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте Тәуелсiздiктiң 25 жылы iшiнде салада жеткен жетiстiктер туралы айтып өттi.
Басқарма басшысы баяндағандай, тоқсаныншы жылдардың басында колхоз-совхоздар таратылып, оның орнына кооперативтер құрылды. Алайда, кооператив мүлкi банктердiң қарызын жабуға жұмсалды. Соның салдарынан оның мүшелерiне пай үлесiн төлеу қиындай түстi. Бұл тығырықтан құтылу үшiн кооператив мүшелерiне ұжымнан бөлiнiп шығып, жеке шаруашылық құруға рұқсат етiлдi. Осы өзгерiстен кейiн облыста ауыл шаруашылығы жанданып, ауылдарда тiршiлiк қайнай бастады. 1999 жылы өңiрде 20 мыңнан астам жеке ауыл шаруашылығы құрылымы болған. Бүгiнде олардың саны 70 мыңнан асып-жығылады. Ендi қазiр, керiсiнше, шаруаларды кооперацияларға бiрiктiру үрдiсi жүруде.
Егiн шаруашылығы бойынша жүргiзiлген әртараптандыру жұмыстарының арқасында майлы дақылдардың егiс көлемi 1991 жылмен салыстырғанда 73 мыңнан 80 мың, бақша 49 мыңнан 59 мың, көкөнiс 27 мыңнан 40,4 мың, картоп 9 мыңнан 15,3 мың гектарға артқан. Егiс алқаптарымен бiрге өнiм көлемi де бiршама өскен. Мәселен, тәуелсiздiкке қол жеткiзген жылы облыста 163,4 мың тонна көкөнiс өндiрiлсе, биыл одан 866 мың тонна өнiм жиналып отыр.
С.Тұрбековтiң айтуынша, 2003 жылы ауыл шаруашылығындағы жалпы өнiмнiң 72 пайызын өсiмдiк шаруашылығы құрайтын. Яғни, төрт түлiктен алынатын өнiм көлемi өте төмен болды. Қазiр мемлекеттiк қолдау мен жергiлiктi атқарушы билiктiң жүйелi жұмыстар ұйымдастыра бiлуiнiң арқасында мал шаруашылығының үлесi 45 пайызға өстi.
– Ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң ұлғаюы шаруалардың иелiгiндегi жердi күтiп-баптауының және жер өңдеуде жаңа агротехнологияларды қолданудың арқасы деп бiлемiн. Ауылдың жағдайы жақсы болса, мемлекет те мықты болады. Биылғы көрсеткiштерге тоқталсам, 470 мың тонна астық жиналды. Орташа түсiмдiлiк гектарына 22 центнердi құрап, тәуелсiздiк кезеңiндегi ең жоғары өнiмдiлiкке қол жеткiздiк. Сонымен бiрге, биыл 295 мың тонна мақта жиналады деп күтiлуде, – дедi С.Тұрбеков.
Тәуелсiздiк жылдары iшiнде агросектор саласында жеткен өзге де жетiстiктер туралы баяндаған басқарма басшысы брифингтен соң журналистердiң сұрақтарына жауап бердi.
Ә.НҰРЖIГIТҰЛЫ.
«Оңтүстiк Қазақстан».