«Көкше жерінде бір қымызхана жоқ»

/uploads/thumbnail/20170708150727277_small.jpg

Қымызды дертке дауа, жанға шипа десек те, бүгінгі қазақ осы бір ежелден келе жатқан ұлттық сусынымыз­дың мәні мен маңызы, һәм қасиетін қажет етпеуге айнал­ған ба деген ой мазалайды. Себебі сонау замандарда халқымыздың негізгі сусыны болған ұлық дәмнің елімізде қасқалдақтың қанындай қат болғаны көңілімізді қынжылтпай қоймады...  Қазір қала түгіл, ауылдағы дастарқан мәзірінде қымыз көзден бұл-бұл  ұшқалы қашан. Басқа шетелдердің өзі қымызды медицинада кеңінен қолданып, өзінше атаулар қойып жатқанда, Алашымыз аузын ашып отыр. Тіпті немістердің өзі қымызға ат қойып айдар тағып, күнделікті ас мәзірі­не қосуды шығарды. Тіпті патентін де иеле­ніп жатқанын есітіп, біліп жатырмыз. Түптің түбінде біреулер «Қымыздың отаны – біздің жер, иесі бізбіз!» десе не демек­піз? Жалпы, төрткіл дүниеге паш етілген төрт түліктің төресі – жылқының тұқымы дәл қазір азайып  бара жатқаны алпыс екі тамыры ел деп бүлкілдеген қазақтың кө­кіре­гін ашытпағанда қайтеді?!. Бір кездері үйір-үйір жылқы айдап, бие сауып, құлы­нын желіге байлаған қазақтың ұрпақтан-ұрпаққа мұра болған дәстүрі ұмыт бола бастағандай. Жаздың қазіргідей аптап ыстығында шөліңді қандыратын сап-сары бал қымызды ішуге аңсары ауған әлеумет жазда болмаса, қалған мезгілде оны түсін­де ғана көретіндей деңгейге жеткелі қа­шан?.. Жомарт НҮРКЕНОВА, Ақмола облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы: – Бүгінде облысымызда 110 155 жыл­қы бар. Оның жартысынан астамы, яғни 72 432-сі жекеменшік иелігінде. Жыл­дан-жылға мал басының артуы бай­­қалғанымен, мал тұқымын асыл­дан­дыру, сонымен қатар оның қымыз өндіру жағы кенжелеп қалғаны рас. Мемлекет тарапынан асылтұқымды жыл­қы басымен қатар, оның еті мен сүті­не субсидиялық  көмектер бөлінгені­мен, істі жүзеге асыруда елеулі қиын­дықтар жетіп-артылады. Қыл құйрықты Қамбарата түлегін ар­дақтап, жылқыны ер қанаты деп өскен қа­зақ елі қымызды сақтау технологиясын сонау заманда-ақ ойлап тапқан. Зерт­теу­шілердің пікірінше, жер бетінде алғаш асау жылқыға жүген салып үйретіп мінген де бабаларымыз көрінеді. Бұл Көкшетаудың іргесіндегі әйгілі «Ботай қонысынан» да анық байқалады.  Археологтер мен тарих­шы­лардың айтуынша, дәл осы жерде жыл­қыға алғаш рет ауыздық салынып, үйре­тіл­ген. Сонымен қатар ыдыстарда қымыздың да қалдығы қалғаны белгілі болды.  «Жылқы малы – мінсең көлік, жесең ет, ішсең қы­мыз»  деген қазекеңнің «қымызды кім іш­пейді?» дейтіні тағы бар. Тіпті бабаларымыз алғаш бие байлаған кезде туыс-туған, көрші-қолаңын шақырып, «қымызмұрын­дық» жасағаны келешек ұрпаққа ертегідей естілетіні сөзсіз. «Қымызмұрындық» жасап, көлдей қымызды күбіде піскені былай тұрсын, «кола» шынысына құйылған кере­мет қымыздың өзін табу бұл күні оңайға соқпайды. Олай дейтін себебіміз басқа жерде «қы­­мыз­хана» ондап саналса, бүгінде Құла­гердей жүйрікті баптаған Көкше жерінде бір қымызхана жоқ дегенге ешкім сене қоймас. Бірақ жағдай осылай. Осыдан жеті жыл бұрын үлкен бастама көтеріліп, қала орталығынан ашылған «Қымызхана» ара­да екі жыл өтпей жатып сыраханаға айна­лып шыға келгені бар. Көршілес жатқан орысы көптеу Қызылжар қаласының өзінде қымыз өндірісі қолға алынып, аз да болса қымызханалар бой көрсетіп келеді. Қазір ұлық дәмді тек той-томалақта ғана тататын­дар баршылық. Оның өзінде өлшеп әкелген қымыз жетіп жатса... Себебі арақ-шарапты тыюдың бір жолы болған бұл әдемі дәстүр­ге бие сүті де қымбаттап, көлдей көңіліңді құрғатып кететіні тағы бар. Қалай десек те, бұл күні қай қазақ болсын сары қымыз сапырған, сарықарын бәйбішенің күбі толы қымызын аңсайтыны хақ. Қымызхана болмағанымен,  ала жаз­дай ақша тапқысы келгендер қымыздың арқасында табыс кілтін тауып жатқандар да жоқ емес. Себебі қымызға аңсары ау­ған­дар бұл сусынды ішуден ақшасын да аямайды. Ондай жолаушылар жол жие­гінде қымыздың литрі 800-1000 теңгеге  де­йін көтерілсе де  сатып алады. Сұраныс­тың ұсыныстан әлдеқайда жоғары екенін біліп алған саудагерлер тек қымыз ғана емес, сонымен қатар құрт-майын қоса саудалап, әжептәуір пайда таба бастаған. Олардың орташа табысы бір маусымда 1 миллион теңгеге дейін барады. Айгүл ОМАРОВА, қымыз сатушы: – Ауылда екі қолға бір күрек табу қиын. Азын-аулақ мектептегі мұғалім­дер мен  зейнеткерлер болмаса, тұрақ­ты жалақы алатындар саусақпен санар­лық.  Басында жол жиегінде қымыз сату­­ға намыстанған болатынмын, кейін бала-шаға қалаға оқуға кеткен соң, осы кәсіпті еріксіз бастауға мәжбүр болдым. Күре жолдың бойында күннің ыстығында, желдің өтінде отырғанымыз ақталып, бүгінде жағдайымыз жақса­рып келеді.  Иә, қалауын тапса қар жанар. Бірақ екінің бірі  мұндай батыл қадамға бара  алма­сы тағы анық. Кәсіптің шынымен өр­кен­деуі үшін қымыз өндіретін кәсіпорындар ашып, мемлекет тарапынан арнайы бағ­дар­лама болуы тиіс. Осыны ескерген Елбасы өзінің биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімде­рінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәсе­лесін көтерген болатын. Осы мақсатта «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы  бүгінде дәл осы сала бойынша да арнайы бағдарлама енгізгенін айта кеткен жөн болар. Бұл өзгерістің біршама жүрекке жы­лы­лық нұрын сыйлағаны сөзсіз. Аталмыш бағдарламаның екінші бағыты бойынша өз кәсібін ашпақ болғандарға пайызы төмен мөлшерде несие беріле бастады. ҚАЙРАТ, «Көкше-Құлагер» жауапкершілігі  шектеулі серіктестігінің  директоры, қымыз өндіруші:  – Қымызға сұраныс көбейгендіктен, қыл құйрықтың санын көбейтіп,  Қам­барата түлегін өсіруді мықтап қолға алдық. Қазір жүзге тарта жылқымыз бар. Биылғы жылы мал өнімдеріне бөлінген субсидияның көбеюі шаруа­лардың үмітін ақтады. Алдағы уақытта қымыз өндіруді молайтсақ деген жоспар бар.  «Жылқыдан  асқан мал бар ма, қымыз­дан асқан ас бар ма» дегендей, бүгінгі  таң­да қазақы брэнд, таптырмас емдік қасиеті мол ұлық тағамның әлі де болса өз орнын табатынына сенгіміз келеді. Ол үшін тек іскерлер жағынан ниет, тиісті орындар тара­пынан қолдау жан-жақты көрсетілсе болғаны.

Автор: Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Көкшетау

«Алаш айнасы»

 тақырып өзгертіліп алынды

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар