Пирамидаға барғандар жауапқа тартылады

/uploads/thumbnail/20170708150727131_small.gif

Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қаржы пирамидасын ұйымдастырғандарға қылмыстық іс қозғау жөнінде заңға өзгерістер енгізу туралы ұсыныс жасады. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген жаңа заң бойынша қаржы пирамидасының қызметі алаяқтыққа жататын болады.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында елді дүрліктірген «Смағұлов К» компаниясының қаржы пирамидасы ресейлік Сергей Мавроди түрмеден шыққаннан кейін «МММ - 2011» деген атпен Қазақстанда қайта пайда болды. Бұрынғы «МММ долларлар» МАВРО деп өзгертіліп, Мавроди белгілеген бағамен, үнемі бағамы өсіп отыратын құнды қағаз ретінде сатылды. Ай сайын он пайызға бағамы өсіп отыратын МАВРО-ны пайда табу үшін сатып алушылар көбейді. МММ - 2011 жұмысын «аса ірі көлемде ұйымдасқан топпен жасалған алаяқтық» деп тапқан Мәскеу полициясы биылғы жылдың 7 маусымында белгісіз тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғаған. МММ - 2011 Қазақстанға келісімен қаржы полициясы оның жұмысы қаржы пирамидасына ұқсас екенін ескерте бастаған. Алайда осы кезге дейін МММ - 2011 үстінен қаржы полициясына ешкім шағым түсірмеген. Дегенмен сақ болған жөн, ресейліктер МММ - 2011-ді қаржы пирамидасы ретінде танып, қылмыстық іс қозғап жатса, оның арты былық деген сөз. Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбайдың мәлімдеуінше, соңғы үш жылдың ішінде республика бойынша 17 қаржы пирамидасы тоқтатылған. Осы уақыттың ішінде пирамиданы ұйымдастырушылар бес мыңға жуық қазақстандықты тақырға отырғызған. Қазақстан заңында қаржы пирамидасы туралы нақты анықтама жоқ және мұндай құрылымдардың қызметіне заңмен тікелей тыйым салынбаған. Сондықтан мұндай құ­рылымдардың қызметі алаяқтыққа жатқызылуы тиіс. Ол үшін қаржы полициясы қаржы пирамидасын ұйым­дастырушылардың әрекеттерін Қыл­мыстық кодекстегі 177-бапқа (алаяқ­тық) сәйкестендіруді ұсынып отыр. Бұдан бұрын Көкшетау, Петропавл қалаларында қаржы пирамидасына қатысты дау шығып, құқық қорғау органдарының араласуымен «Микрокредитная организация «КазРосИнвестпроект» ЖШС қызметі әрең тоқтатылған болатын. Сол кездерде Мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова Қазақстанда қаржы пирамидасына заң жүзінде тыйым салу жөнінде Премьер-министр Кәрім Мәсімовке депутаттық сауал жолдаған болатын. Енді қаржы полициясынан Үкіметке заңға өзгертулер енгізу туралы ұсыныс түседі. Қайыржан ТӨРЕЖАНОВ

"Айқын" газеті

Сурет: mobime.ru

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар