«Аңыз адамдағы» Гитлердің дауы әлі өршіп тұр. Осыдан әлдекімдер саясат жасамақшы...
Гитлердің аңыз адам екені рас, ал Жарылқап Қалыбай нағыз ұлтшыл!
Ия, Жарылқап Қалыбай нағыз ұлтшыл! Ұлтжанды емес, ұлтшыл және осындай ұлтшылдар нақ осы кезде бізге керек. Біздің ата-бабаларымызды да өткен ғасырдың 30 жылдары ұлтшылдар деп атып тастады емес пе. Олар нағыз ұлты үшін басын бәйгеге тіккен ұлтшылдар болғаны рас! Оларды неге атып тастады?Өйткені олар, өз ұлты үшін отқа түсетін адамдар - қызыл империя үшін аса қауіпті болды. Сондықтан да олардан тездетіп құтылу керек болды.
Ал, енді Жарылқап Қалыбайдың да басындағы жағдай осыған ұқсап келе жатыр. Ұлттың сөзін сөйлеу, ұлты үшін күресу екінің бірінің қолынан келе бермейді, екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Сондықтан, Жарайсың Жарылқап, осы бағытыңнан тайма, алға! Ал Жарылқапты жауапқа тартамыз деп жүргендердің өзін жауапқа тарту керек. Мәселенің байыбына бармай, жала жапқаны үшін!
«Аңыз адам», «Жұлдыздар отбасы» журналдарын шыққалы бері үзбей жаздырып алып, отбасымызбен оқимыз. Бұл басылымдар нағыз қазақы, ұлттық болмыстағы басылым. Бұл басылымдар халыққа университеттердің бере алмайтын білімін беріп келеді. Бұл басылымды оқыған сайын оқырманның дүниетанымы, білім көкжиегі кеңейіп, көкірек көзі ашылады. Сондықтан аталған басылымдарды жабуға ешқашан жол беруге болмайды!
Ал енді даудың тақырыбы Гитлерге келетін болсақ, Гитлердің аңыз адам екені рас. Бұл жерде мәселеге жан-жақты қарау керек. Соншама халықты соңынан ерте білу, өзінің болашақ мақсаттарына сендіру - аса қабілетті адамның ғана қолынан келеді. Сондықтан Гитлер де тегін адам емес. Егер Гитлер бойындағы қажыр-қайратын, керемет қабілетін неміс халқының жарқын болашағы үшін жұмсағанда ол сөз жоқ үлкен табыстарға жетер еді. Осы тұрғыдан келгенде де Гитлерді аңыз адам деуге болады.
Ал жауыздығына келсек сөз басқа, ол нағыз қанішер, қаншама адамның түбіне жетті. Қазақты қынадай қырған Голощекин де жауыз. Бұлар өздерінің жауыздығымен тарихта аңыз адам болып қалған жоқ па?! Журнал Гитлердің жауыздығын насихаттаған жоқ қой, керісінше Гитлердің жүргізген саясатының адамзат қоғамы үшін аса қауіптілігін көрсетті, ескертті. Оның жауыздығынан, тұтас бір халықты арандатып, орға жыққан әрекетінен болашақта сабақ алу үшін жазып отыр. Оны Жарылқап Қалыбай журналдың бірінші бетінде түсінікті тілмен жазды ғой. Сонда әлгі байбаламшыл, журналист-сымақтар, саясатшы-сымақтар теріс жағынан, аяғынан бастап оқитын болғаны ма? Егер басынан бастап оқыса Жарылқап Қалыбайдың ескертуін көрген болар еді ғой...
Сөздің түйіні мәселенің байыбына бармай ойбайлап, аттан салу топастық, надандық, көрсоқырлық деп білемін. Біз осы екі басылым, «Аңыз адам», «Жұлдыздар отбасы» журналдары үшін күресуге дайынбыз!
Фейсбук парақшасынан