Алматының орталық аудандарының бірінде 27 жасар Арсен (аты-жөні кейіпкердің қауіпсіздігі үшін толық аталмайды) есімді жігіт тұрады. Пәтер жалдап тұрғанына үш жыл болды. Үш жыл бұрын әйелі оны екі баласымен тастап, басқа біреумен кетіп қалған.
Арсен 4 жасар Жанель мен 3 жасар Диананы бағу үшін жұмыс істеп жүр. "Екі қызымды асырау үшін істеймін жұмысты. Әйтпесе маған әйел де басқасы да керек емес. Жалпы әйел атаулыдан түңілдім" дейді ол.
Арсеннің айтуынша әйелі екінші баласын туа сала тастап кеткен. Екеуі некеде болған кезінде-ақ басқа жігіттермен жүрген әйелінің әрекетіне наразылық білдірген Арсен қайын жұртына жақпайды. Әйелінің туыстары оны "қызымызды қорлады" деп жамандайды. Ал әйелінің есіл-дерті Арсеннен тезірек құтылып, анағұрлым қалталы жігіттерге кету болатын.
Әйелі Диананы босанғаннан кейін көп ұзамай киім-кешегін алып кетіп қалады. Арсен оның артынан іздеп барып, балалар үшін кейін қайтуын өтінеді. "Мен оған бірнеше рет барып, үйге қайт деп жалындым. Бірақ ол жаңа бақытын тапқанын айтып, мені де, балаларын да көргісі келмейтінін білдірді. Мен еркектік намысымды таптап, кішірейіп бардым ғой оған. Әйелім міз бақпады. "Көздегені ақша, материалдық байлық екен, қала берсін" деп ақыл айтты достарым. Достарымның сөзіне құлақ асып, екі баланы жетімханаға өткізбей толыққанды асырауға көштім. Үш жылдан бері ол балаларын көруге келмеді де. Неткен қатыгез әйел еді?!
Болашақты балаларымды жақсы мектепте оқытып, тәрбиелі азаматша етіп өсіргім келеді. Қаражатымның тең жартысына жуығы пәтерақыға кетеді. Балаларым еш таршылық көрмесін деп екінші жұмысқа орналастым".
"Кішкентай баланы жалғыз бағу еркек үшін қиын ба?" деген сұрағымызға Арсен былай деп жауап берді:
— Қиналғанымды айналама көрсеткім келмейді. Бірақ менің әріптестерім, жақын достарым басымнан өткен жағдайды түсініп, маған қолұшын беруде. Әріптес қыз-келіншектер апта сайын келіп, пәтерді жуып-шайып, балаларға неше түрлі тамақ пісіріп береді. Баларымның да киім-кешегін достарым жуады. Солардың арқасында әйелімнің жоқтығы байқалмайды да. Бірақ таңертең балаларды тұрғызып, бақшаға апару оңай болмай тұр. Әсіресе Диана жылап, балалар бақшасына барғысы келмейтінін айтады. Үлкенім ес біліп қалды десем болады. Болашақта маған қолғанат болатын солар деп білемін.
Әзірлеген Айғаным Біртуар