2014 жылдың 29 мамырында Астанада Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің Президенттері Еуразиялық Экономикалық Одақтың құрылғандығын растайтын құжатқа қол қоймақ. Алайда көпшілік көңілін алаңдатқан көптеген мәселелер жауапсыз қалып отыр. Қазақ халқының тікелей болашағына қатысты осы бір ауқымды келісім шарт неге халықтың пікірімен санаспай еш талқылаусыз жүзеге аспақ?! Осы істің басы-қасында жүрген бірен-саран сарапшылар болмаса, былайғы жұрт ЕЭО-ның не екенін де білмейді. Мәселен көпшілік үшін бұл «Одақ» таза экономикалық деп жиі айтылып жүр. Егер шынымен солай болса, онда біз неге тек «Кедендік одақпен» шектелмейміз?! Әлде одақтың аясында қол қойған құжаттар үш елдің экономикалық ара қатынасына жеткіліксіз бе?! Оған да қол қойғанымыз кеше ғана емес пе?! Ол одақ өз мүмкіндігін әлі толық ашып көрсете де қойған жоқ қой. Оның аясында атқарылатын істер неге аяқсыз қалды?!
Шынтуайтына келгенде «Кедендік одақ» Қазақстан үшін ешбір экономикалық игілік әкелген жоқ. Егер 2011 жылы Кедендік Одақтағы Қазақстанның экономикалық үлесі 20% болса, қазір 12 %-ға түсіп, күн өткен сайын одан да әрі азаю үстінде екендігі айқындалып отыр. Оның үстіне біздің тауарларымыздың саны да кеміп барады. Мамандардың пайымдауынша тек соңғы бір жылда біздің Ресейге және Беларусияға экспортымыз (яғни тауар сатуымыз) 3,7 %-ға кеміген, ал керісінше Ресей мен Беларусь бұл көрсеткіштерін 12 %-ға арттырған. Шындығына келгенде «кедендік одақ» Қазақстан халқының тұрмысын қымбаттатып жіберді, Ресейдегі қымбатшылық бізге де келді. Тіпті Беларусь Президенті бір сөзінде еш тайсалмастан: «Ресей Қазақстан мен Беларусьті өз нарығына жібергісі жоқ, тіпті кедергілер жасауда» деп дөп басып айтты. Қысқасы «Кедендік Одақ» Қазақстанға шығыннан басқа ештеңе әкелген жоқ. Бұл одақтан тек Ресей ғана пайда көруде. Бұндай теңсіз жағдайда ЕЭО-ға қол қоюға ынталы жақтардың шамадан тыс асығуы бізді қатты алаңдатып отыр. Әсіресе Ресей басылымдарының мемлекеттердің үстінен қарайтын құрылымдардың пайда болатындығы жөнінде жиі және батыл айтып жүргендері көңілге кірбің ұялатады.
Ресей шенеуніктерінің ортақ валюта, ортақ парламент, ортақ экономикалық реттегіш органдар туралы мәселе көтере бастауы Еуразиялық Одақтың басқа мақсаттары бар екендігін айқын көрсетіп отыр. Басқа мақсат деп отырғандарымыз – бүгінгі Ресей билігінің империялық, шовинисттік пиғылы. Бұл пиғылдың түпкі мақсаты – КСРО-ны қайта жаңғырту екендігі айтпаса да түсінікті. Біз бұндай жағдаймен ешқашан келіспейміз. Себебі асығыс жасалған шешімнің ертеңгі салдарын бүгінгі Украинаның мүшкіл жағдайынан көруге болады. Қырымның қолды болуы Кремльдің империялық саясатының айқын көрінісі. Бұл жағдай Ресейдің қол қойған халықаралық құжаттары түкке тұрғысыз екендігін көрсетті. Өткен ғасыр соңында әлем алпауыттарының кепілдігімен Қазақстан ядролық қарудан бас тартты. Ендігі жағдайда сол кепілдіктерге сенім арта аламыз ба?! Біздіңше, Ресей үшін ол кепілдіктер мен халықаралық құжаттардың құны көк тиын.
Сол себепті біз «Евразиялық Экономикалық Одақ» тек Қазақстан экономикасы үшін ғана емес, Қазақ мемлекеттілігі үшін де қауіпті деген пікірдеміз!
Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, біз билікке төмендегідей талаптар қоямыз:
Тараптардың Еуразиялық Экономикалық Одаққа қол қоюы кейін шегеріліп, бұл мәселені жалпыхалықтық референдум арқылы шешу қолға алынсын;
Билік Қазақстанның «Кедендік одақ» аясында жеткен жетістіктері не болмаса салдары жөнінде толыққанды мағлұмат берсін.
Біз барша Қазақстан халқын бізге қолдау көрсетіп, ел, ұлт, тәуелсіздік үшін, ұлттық мүдде үшін бас қосуға шақырамыз.
«Қазақ Ұлттық Кеңесі» осы орайда құрылған Антиеуразиялық форумды қолдайтынын және бірлесіп қимылдайтынын хабарлайды.
26 мамыр 2014 жыл