Меруерт Түсіпбаева неге шетелге көшіп кеткісі келеді? Өзін «Талғамсыз» деп айтқан сәнгерлерден есесін қалай қайтармақ? «Жібек-2» сериалындағы Меруерт неліктен жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған..? Осы сарындағы сан түрлі сауалдарға жауапты төменнен оқыңыз.
— Сіз туралы алып-қашпа әңгіме жазғыш «сары» сайттармен күресіп жүрген едіңіз. Соның соңы не болды?
— Менің инстаграмдағы парақшам жабық. Мен оларға неге ренжимін? Бір күні: «Бүгін менде демалыс. Сегодня у меня выходной…»-деп, кеудеме дейін көрпе жамылып жатқан суретімді инстаграмға салғанмын. Сөйтсем, екі күннен кейін «Түсіпбаева макияжсыз жалаңаш шықты…, анау-мынау» құдай сақтасын у да шу әңгіме… Енді не істеу керек екенін білмеймін. Инстаграмды жауып-ашып, ашып-шауып шаршадық. «Жібек» сериалына түскен кезде продюсерлер жарнама үшін қажет деп парақшаларымызды ашып қоюды талап еткен болатын. Баяғыда шетелдік арналардан Мадонналардың журналистерден бетін бүркіп, жауып, тығылып қашып жүретінін көретін едік қой. «Анау үйтіп қапты, мынау бүйтіп қапты» деп шулатып жататын. Сол заман бізге келді ме деп ойлаймын. Мен сайттарға тағы да айтамын: «Маған тимеңдерші, өз-өзіммен ғана тыныш өмір сүрейінші. Мен өзіме өзім жауап бере аламын. Мен туралы жазбай-ақ қойыңдар!»
— Сізбен қатар сахнаға келген, атақты қаншама әншілер бар. Неге сол сайттар тек сіз туралы жазуға құмар? Себебі неде деп ойлайсыз?
— Білмеймін…. Мен бір күні бір журналистке сұхбат берген едім. Ол: «Он жыл бұрын сіздің әндеріңіз хит болды. Неге қазіргі уақытта сізде хит ән жоқ?-дегенде , -«Өйткені ол кезде мен қатты ғашық едім. Ол кісінің басы бос емес еді. Менің сол кездегі күйзелісім, сәтсіз махаббатым сол әндердің шығуына себеп болды»- деп жауап бергенмін. Сөйтсем 4 күннен кейін «Ажырасқаннан кейін отбасылы адамды құлай сүйдім!» деп жазып қойыпты. Ал, мен ешқандай артық ойсыз, хит туралы сұрағанда шын көңілден ашық жауап бердім ғой. «Ой, білмеймін, қазір бәрі тойдың әнін орындағасын…» деп қысқа жауап бере салуыма да болар еді. Қайдан білейін, сайтқа кіріп қалсам қаншама пікір жазып, жұрт шулап жатыр. Кейбір ағаларды отбасынан айырып, күйеуге шығып алған әншілерге ел олай жабылмаған шығар. Бұл маған ауыр болды. Иә, мен барынша шынайы жауап беруге тырысамын. Бірақ, сайттардың осылай рейтинг қуып, бүйректен сирақ шығаратыны ашуыма тиеді. Тек сайттар емес, анау бір «Ел аузында», «Жұлдыздар жарқырайды» деген бағдарламалар да жоқтан бар шығарып кесіп-кесіп ана сөзді анда, мына сөзді мында қойып, жалғап-жалғап бірдеңелерді жасап қояды. Одан кейін қайтіп ренжімейсің? Айтқың да келмейді, сөйлегің де келмейді, тіпті басқа мемлекетке қашып кеткің келеді…
— Осыдан 5 жыл бұрын жағдай басқаша еді…
— Иә, келісемін. Бұрын мұндай емес еді!
— Бұрынғы кезді аңсайсыз ба?
— Әрине, бұрынғы кезді қатты аңсаймын. Ол кезде «инстаграм», «фейсбук» деген жоқ қой. Ол кезде әртісті көру деген арман. Тек концертке барғанда ғана көреді, болды! Бір концертімде адамдар мені көру үшін гримерканың есігін сындырып кіріп кете жаздаған. Қазір әртіс деген ойыншық боп қалды ғой. Әлде әртістің бағасы құлап қалды ма..? Осының барлығына осы әлеуметтік желілер кінәлі деп ойлаймын.
— Ал, адамдар мәдениеттен алшақтап бара жатыр деп ойламайсыз ба?
— Иә,мұның рас. Инстаграмда мені боқтайды. Тіпті бір қыз қатты боқтаған, оны тауып алып милицияға апарғанда жылаған. Осы келеңсіз оқиғадан кейін, жүрегім ауырып, инстаграмды жауып тастағанмын. Инстаграм мақұл, жастар отырады делік, ал фейсбукте көпті көрген, егде жастағы азаматтар, азаматшалар отыр. Олар да неше түрліні жазады.
— «Бір сөзіңізде шетелге көшіп кеткім келеді» дедіңіз. Көшіп кетуге не кедергі?
— Ешқандай да кедергі жоқ. Баламның оқуы бітсін деп отырмын. Баламды тоғызыншы сыныптан кейін Америкаға колледжге бергім келіп еді. Балам барса , мен де кетемін деп ойлағанмын. Бірақ айналамдағы жақындарым: «Бала тым кішкентай, ерте жіберме» деп кеңес берді. Бірде бір танысым: «Сіз ауылды тұрдыңыз ғой?»- деп сұрады. Мен: «-Иә, тұрдым» дедім. Ол «Сосын Алматыға келдіңіз ғой…» деді, мен тағы «-Иә!» дедім. Сосын ол: «Енді ауылға барасыз ба?» дегенінде «-Жоқ, бармаймын!» деп жауап бердім. Сол сияқты бір тал балам мемлекетке келмей қоя ма, қазақ болмай кете ма деген сұрақтар да ойландырды.
— Отандық дизайнерлермен неге ренжісіп жүрсіз?
— Мен анықтап сұрастырдым, бұл тапсырыс болған екен. Үш дизайнерге де «Меруерт Түсіпбаева талғамсыз киінеді!» деп айтқызған. Осы сіздердің сайттарыңыз арқылы айтайын, оқысын!
Егер мен ең талғамы төмен әртіс болсам, онда біздің эстрададағы әншілердің сахналық сәні (киімі) «өте жоғарғы деңгейде» екен. Өйткені сахнада семіріп кеткен, салпы етек біздің қыздарымыз, әпкелеріміз, сіңілілеріміз көп. Мен өзімді олардың қасында талғамсызбын деп санамаймын. Оның үстіне мен бүгінгі таңда қалаған киімімді сатып ала алатын жағдайдамын.
— Сіз тіпті олардың жұмысы сапасыз деп те сөктіңіз. Оны неге сүйеніп айттыңыз?
— Дубайда жүргенімде бір көйлегіме алқа керек болды. Ол алқаны ала сала мен Самараға ұшуым керек. Көйлегім қазақи стильде Қазақстанда тігілгендіктен оған сондай оюлары бар көкшіл алқа қажет еді. Көмекшіме «Тез арада мына көйлекке алқа тауып салып жіберші, Кауменоваға бара сал» дедім. Ол Аида Кауменованың бутигіне барған да 98 мыңға бір алқаны алған. Оны маған жедел жеткізді де біз бірден Самараға ұшып кеттік. Сонда барып әлгі алқаны көрейін деп ашып қалсам, Құдай сақтасын, Қытайдың 5 мың теңгелік сырғаларынан тіккен. Оның тігуі бар… Аиданың аты бар… жарайды, соның бәрі 50 мың теңге болсын, ал 98 мың деген екі мың теңгесі кем 100 мың теңге ғой. «Жарайды, құрысыншы ,таға берейінші» деп тақырыпты жаба салғам. Сосын Аида мені талғамсыз дегенде әлгі суретті фейсбукке шығардым. Әркім өзінің жанын қорғайды ғой. «Міне, бүгінде бізге не кию керек, қалай киіну керек, сән мен сымбатты үйретіп жүрген дизайнерлеріміздің дүниесі осындай болса, бізде қайдан талғам болсын»-деп жаздым. Әйтпесе ол алқаны алғаныма бір жарым жыл болған, жаңағы сапасыз сырғалары қайда түсіп қалғанын да білмеймін. Сонда да ешкімге айтпай, ешқайда жарияламай тып-тыныш жүргенмін. Мен ешкімге өздігімнен тиіспеймін, бірақ тиіссе оңдырмаймын. Сол постты жариялағаннан кейін өте көп адам маған хат жазды. Бәрі де сол Аидадан пәлен бағаға алған көйлектерінің сапасы сын көтермегенін жарыса жазды.
— Бұны естіген Аида Кауменова сізге хабарласпады ма?
— Майра Ілиясова хабарласып «Фейсбуктегі» сурет пен жазбаны алып тастап, айтыспай өзара келісімге келуге себепкер болды. Нәтижесінде әдемі шешімге келдік. Аида ақшамды қайтарып берді (күлді). Алқаны алып қалды. Енді ертең Португалияға ұшпақпын, сол жаққа барып 98 мыңға басқа жақсы бренд алқа сатып аламын.
— Ал, Жадоға қатысты не айтасыз?
— Енді ол кісі әуесқой дизайнер, әуесқой продюсер, әуесқой биші ғой. Бүгінгі күні әуесқой деген сөз мен үшін нағыз бағасыз… Мен оған әпке ретінде бір ғана ақыл айтар едім: «Біреуді сынамас бұрын адам өзінің деңгейін саралап, бағалап көру керек!». Мен де дизайнер бола аламын. Кішкентайымнан іс тігу мен тоқыма тоқуға қатты әуес болдым. Сенесіз бе, киім жоқ кездерде мен барлық туған-туыстарыма, өзіме керектің бәрін тоқып алатынмын. Мен өте жылдам әрі тыңғылықты тоқимын. Ендігі ойым бір дизайнермен, Ерлан Жолдасбекпен бе қосылып тоқымадан коллекция жасасам ба деп отырмын. Мені сынаған дизайнерлерге осылай жауап бермекпін. Біреуді жалдап тоқыта салуға де болар еді, бірақ мен қанша керек соның бәрін өзім тоқиын деп шештім. Қашан бастадым, қашан аяқтадым бәрін инстаграмға салып, онлайн көрсетіп отырамын.
— Сізді сынға алған дизайнерлер өздері сіз сияқты іс тігіп, тоқыма тоқи ала ма екен?
— Күмәнім бар…
— Сізге тегін алу мүмкіндігі туса, отандық дизайнерлердің қайсысының көйлегін киер едіңіз?
— Ерлан Жолдасбектің жұмыстары қатты ұнайды, іздеп жүріп көремін. Аида Кауменованың коллекциясы да жаман емес, бірақ бәрі бір сарынды. Ларияның , Салтаның, Берік Исмайыловтың киімдерін тегін берсе киер едім. Менде бұл дизайнерлердің бәрінің киімдері бар.
— Ал, Жадо ханым сізді сынамағанда, оның киімдерін киер ме едіңіз?
— Менде оның киімі жоқ. Қайбір жылы шетелге концертпен қазақша көйлек киіп бару керек болды. Жадоның салонына жүгіріп бардым. Ана қоймасын бір көрсетті, мына қоймасын бір көрсетті. Мен бұл жайлы айтқан емеспін, оны көмекшілері біледі, сенесіз бе сенбейсіз бе, сол сан түрлі киімдердің ішінен прокатқа өзіме бір көйлек те таппадым…
— Мүмкін сізді сынға алған дизайнерлерден киінсеңіз сізді мақтайтын ба еді?
— Мүмкін. Аида, кел саған көйлек тігіп береміз деп шақырды. Көре жатармыз, бұйырса киерміз, бұйырмаса өзімізде де, шетелде де киім көп.
— «Жібек 2» телехикаясы жайлы сіз фейсбук парақшаңызда : «Бугiн «Жiбек-2» сериалында жумысымды аяктаймын.(Кстати ,я самая высокооплачивамая актриса,в сериале )Казаншынын оз еркi бар го…Акша бiттi ме???Кiм бiлсiн?Айтеуip ,Жансаяны ,алыскааааа жиберип жатыр,,(сценаристте оз колында го)баласыда тусiнде кормейдi,корермен тугiлi….Не айтамыз??Казир артист продюсер -деген кудайдын кулы гой….Бipак,аз туссемде,эмоциональная нагрузка «Жiбек-2»-коп болды….Шаршап,ауырып,тiптi картайып кеттiм….Багасын беретiн сiздер!!!» — деп жаздыңыз. Шынымен де солай болды ма?
— Иә, бұл жолғы түсірілімдер қиын болды. Шетелде қалай екенін білмеймін, бірақ, бізде гонорар он екі сағат жұмысқа төленіп отырды. Он екі сағат бір түсірілім күні боп есептелді. Сол сериалға түскен 5 күнде 5 жылға қартайып, шаршап кеттім. Продюсерлер маған азырақ ақша төлеу үшін бүкіл ауыр эпизодтарды сол он екі сағаттың ішіне тыққан екен, «сыңбыруге» уақыт болмады. 5 күн қатарынан демалыссыз жұмыс істеп ауырып та қалдым. Бірақ біздің елде продюсер-Құдай. Актердің жағдайы не боп жатыр…, ол ауырып қалмады ма деген сияқтылар еш ескерілмейді. Продюсер не десе сол болады.Біздің елде отандық сериалдарды түсіру қолға алынды ғой. Қаншама қаражат бөлініп жатыр. Бірақ оның қайда кетіп жатқанын бір Құдай біледі, бір продюсер біледі. Ол актерлерге жұлмаланып жеткенше тиын боп қалады. Ол тиынға келіспейін десең сенің орныңа одан да төмен бағаға театрдан танымал болуды армандап жүрген кез келген актерді шақырып алып түсіре береді. Біздің сериалдарымыздың сапасының төмендігі де содан болар. Бізде не көп актриса көп, өнер академиясын оқымаған да актриса, оқыған да актриса, өзін-өзі актриса деп атап алғандар, тума-туыс, құда-жекжаттардың арқасында актриса болып жүргендер де көп. Бізде амал жоқ, атақтымын деп көп ақша сұрасаң анау, сұрамасаң мынау! Сериалдың продюсерінің айтуынша, мен осы сериалда гонорары ең жоғары актриса екенмін. Сценарий өздерінің қолында тұр ғой.(күліп алды) Сондықтан…менің кейіпкерім өте алысқа кетеді. Тіпті баласының да түсіне кірмейтін алысқа. Түске кіру үшін де мен ойнауым керек, оған да ақша төлену керек дегендей. Түс көру де қымбат боп отыр ғой…
— (Күліп) Меруерт ханым, сұқбаттасқаныңыз үшін рақмет! Сәттілік тілеймін!
Сұхбат Ikerim.kz сайтынан алынды.
Пікір қалдыру