Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Сайрам ауданында болып, бірқатар шаруашылықтардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды облыс әкімдігінгің баспасөз қызметі.
Ең алдымен, әкім ауданның Қайнарбұлақ ауылдық округіндегі «Қайып-Ата» ЖШС-не барып, ет комбинатын аралады. Ет өндіріп, оны буып-түюмен айналысатын серіктестікте 30 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 320 тонна ет өңдеуге қауқарлы комбинатта тәулігіне 300 бас ірі қара сойылады. Қожалық басшылығы келесі жылы кәсіпорынды кеңейтіп, ет өңдейтін құрал-жабдықтар қою арқылы шұжық өнімдерін шығаруды жоспарлап отыр. Шаруашылықтың мән-жайына қанық болған Түймебаев Сайрамға жақын аудандарда бордақыланған төрт түлікті аталған ет комбинатында сойып, жұмысты орталықтандыру туралы тапсырма берді. Айта кетейік, «Қайып ата» ЖШС-і мал бордақылау алаңы ретінде 2011 жылы Қазығұрт ауданынан ашылған шаруашылық. Бастапқыда 1 мың бас ірі қараны бордақылаған қожалықта бүгінгі таңда 3 мың бастан астам мал бар. Қыс мезгіліне дейін мұндағы ірі қараның басын 5 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Мұнан соң, өңір басшысы Айтеке би ауылындағы «Dala-frut.kz» ЖШС-нің (Green Land) жеміс бауын тамашалады. 100 гектардан астам жерге үш жылдан бері алма және қара өрік жемістерінің көшеттері егілген. Баққа заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған тамшылатып суғару әдісі және шпалерлі жүйе қолданылуда. Кәсіпорын бүгінгі таңда 1 га жер телімінде «Заманауи технологиялы сыйымдылығы 10 мың тоннаға дейін көкөніс және жеміс-жидек сақтайтын қойма» жобасының құрылысын бастады.