Гүлзия Пірәлі. Көркем прозамыз, жаңа әдебиетіміз бар

/uploads/thumbnail/20170708152748923_small.jpg

 Қазақ әдебиеттануында соңғы жылдары  арнайы тақырыпқа айналып, жиі-жиі әдеби пікірталас тудырып жүрген қазіргі прозадағы қаламгер қыздар қолтаңбасы қайта құру кезеңімен бірге келген жаңа көркемдік кеңістік пен уақыттың лебін танытады. Бұрындары да өмірдің құндылықтарына қатты көңіл бөлетін қыздар прозасы бүгінде махаббат, отбасы, ұлт пен ұрпақ қамы, әке мен бала, ер мен әйел, ана мен бала, қыз бен жігіт, т.б сынды дәстүрлі тақырыптардан биіктеп,  олардың мәнін психологиялық тұрғыдан тереңдетіп, философиялық  мазмұнын арттырып, кейіпкерлерінің ішкі жан әлеміне, санадағы сапалық өзгерістерге өзгеше өң беруге  әуес. Қазіргі әдеби кеңістікте көрініп жүрген сан алуан бағыт пен тақырып төңірегінде талпыныс жасап жүрген жас прозашылар кәдімгі дәстүрлі көркем прозадан гөрі мистикалық сарындағы туындыларымен оқырмандарын баурауға бейімделіпті. Айталық, Роза Мұқанова,  Айгүл Кемелбаева, Мәдина Омарова, Лира Қоныс, Ділдәр Мамырбаева, Гүлзат Шойбекова,  Әсем Қозыбағарова ,т.б сынды жастардың осы жанрға жандары жақын. Оқушысының санасын  сескендіріп, үнемі үрейде ұстап отыруды саналы түрде таңдаған туындыгерлердің табысы мен тосын ерекшелігінің өзі де осы тұста жатқандай.

А.Кемелбаеваның «Мұнара» романының «Бала бағушы» деген бөліміндегі бас кейіпкердің: «Асылы, мистикаға сенбейтін адамдар дүниеде ештеңеге де иланбас меңіреу, надан жандар. Өмір расында  адамзатқа жұмбақ жасыра беруден жалықпайды, оның шешуі жарықтың арғы бетіндегі жарықта ғана» деген сөзіне  кейде дау да айта алмасың анық ( Роман.-Алматы.-2003.-149б. 18 бет). Шынында да табиғаттың тылсым сырлары, жаратылыстың жұмбақ қырлары көп-ақ. Бала кезде ертегілер арқылы естіп, санаға сіңген үрейлі оқиғалар, мистикалық кейіпкерлер, жаратылыстың сенбесіңе қоймас құпия жұмбақтары заманның осындай бір өтпелі, ауыспалы шақтарында өріс алуы да әдебиет тарихынан  таныс жәйттер. Белгілі кезең аралығындағы бос рухани кеңістікті толтыруға , халықтың рухани жүдеуіне жол бермеуге талпынған, мифологиялық логикаға негізделген мистикалық сарынды кие тұтқан көркем шығармалар да осы тәуелсіздік жылдары  көптеп көріне бастады. Бұған, бәлкім батыс әдебиетінің де әсері мол болар.

Дәл қазіргі рухани құндылықтар қадірі құлдыраған заман бейнесін берерлік қатыгездікті осындай әфсаналық сипаттағы мораль кодекстері, ойлы дүниеге опасыздық танытқандарға ой саларлық оқшау  оқиғалы, оғаштау ойлау жүйелері, жаңаша жазу стилдері бүгінгі көркемдік танымдағы өзгеше өрнекті, тың талпыныстарды танытады. Қазіргі прозадан біз көбіне өзіне де өміріне де, қоғамға да көңілі толмайтын өздерін әлеуметтік ортадан шеттетілген, керексіз дүниедей сезінетін кейіпкерлерге кез боламыз.Олардың сорақы сандыраққа толы, қауіп-қатерге толы тағдырлары  авторларының бүгінгі өмірге деген көзқарастарын танытады.Таптық идеологияға тән, не жақсы не жаман болып бір жақты бейнеленетін кешегі прозадағыдай қаһармандық қасиет жоқ десек те болады. Идеал деген жоқ. Қаһармансыз кейіпкерлердің романдағы көрінісі жалпы қазіргі қоғамға тән кемшіліктерді өрнектейді. Осы ретте ұлы жазушы Л.Н.Толстойдың: «Көркем өнер дегеніміз суреткердің өз жанына терең үңілу арқылы көпке ортақ құпия сырларды ашып, көрсетіп беретін микроскоп сияқты» ,-деген сөзін еске алсақ, қазіргі қазақ прозасының көркемдік  міндеті де бүгінгі  болмысты, өмір құбылыстарын зерделеп, соны халыққа таныту болып табылса керек  (О литературе.М.,1955,стр.310).

Аталған қаламгерлер өз заманының рухани қажетіне сай  ықшам жазылған, тез қабылданып, жедел оқылатын аз көлемді шағын жанрдағы психологиялық мәтіндерді жазуға мәжбүр. Көркем өнердің мәңгілік құндылығынан гөрі бүгінгі өмір ырғағына көшкен , көңіл көтеруге бейімделген, барлық жастағы оқырманға бағышталған  көпшілік әдебиеттің -  детектив, триллер, мелодрама, фантастика, бестселлер ,т.б сынды жанрлық түрлерінің дәурені де бүгінгі дәуір. Жазылу мәнері жағынан түрлік ізденістерге толы  көркемдік танымдағы тәмсіл-толғаныстар, эссе-суреттер бүгінгінің болмыс бейнесін бедерлейді.

Мәселен, Мадина Омарованың «Қадір түні» (Алматы: «Жалын».ЖШС.2012.-320 бет) атты жинағына жарты беттен аспайтын эссе-этюдтары, әдебиеттану ғылымында қалыптасқан теориялық қағидаға қисыны келіңкіремейтін әңгімелері (егер соған келсе) енген. Шағын мәтіндердегі автор мақсат тұтқан идея екі ауыз сөзбен шешіліп жатады.  Қаламгердің тек өзіне тән жазу өрнегі, бейнелеу дағдысы оның дүниені танудағы тосын танымын танытады. Өмірдің өзінен ойып алған бір ғана сәттік суреттер кейіпкер тағдырындағы ұзақ жылғы шердің шешуші сәтіндей сезіледі. «Ақша іздеген бала» деген әңгімесінде аты жоқ ағасы мен жеңгесі, аты аталмайтын анасы, өзінің де есімі белгісіз кейіпкер баланың тағдыры бір ғана жиырма теңге іздеу аясында баяндалып, бүткіл бір әулеттің тағдыры, бүгінгі ауылдағы ана мен қаладағы бала отбасында кездесетін кәдімгі көпшілікке аян тағдырлар, тіршіліктер сөз болады. Бүгінгі өмірдің еш жасандылығы жоқ шындығы, шынайы өмірі осы азғантай абзацтарға сыйып кеткен. «Қысқалық таланттылықтың белгісі» деген А.П. Чеховтың атақты сөзін еске алсақ, шынында да бір повестке жүк боларлық сюжеттің сөлін сығымдап бірер сөзбен қайыру әрі өте дәлдікпен, кәсіби шеберлікпен берілуі қуантарлық. Бүгінгі уақыты жоқ, ынтасы жоқ оқырмандардың талабы мен заман зәрулігіне сай ықшам да қысқа жазудың жетік жолын тапқан қаламгердің даралығын танытар тәсілі құрғақ баяндап отырып-ақ жаныңды жауратар ауыр жағдайды, сүйек сырқыратар сезімді сыйлайды. Мәдина дәстүрлі ұлттық ойлау, жазу машығынан мүлдем ажырап кетпесе де  бүгінгі дәуір мен адамның тынысын, тіршілігін, табиғатын танытарлық таптаурын емес өзіндік тілді, өрісті, тәсілді тауып алған.Титтей туындымен де талай тарихи оқиғаларды ойға алып, талай тағдырлар тауқіметін тұспалдап, тастай түйін жасап, тап-тұйнақтай етіп  әңгіме шертуге болады екен.Оқып көрелік: «...Байғұс мамасын жеңгесі бір күн де қондырмай, келген күні қайтарған. «Орын жоқ. Онсыз да ауа тар.Маржанға зиян» деді жеңгесі.Ал ағасы «Онда кешкі автобусқа үлгеріп кет» деген. Мамасы қайтып кетті. Жол бойы армандаған суына да түскен жоқ, туған кезінде бір көріп жете алмай жүрген Маржанды да мауқын басып көтермеді. Баланың көзіне жас үйірілген ...»(132 б).

Осы бес сөйлем біздің өміріздің қатыгездігін, ілуде біреу емес екінің басында болып жатқан қоғамдық, рухани қасіреттен хабар береді. Ағам деп алып-ұшып келген бауыры енді ауылға қайтуға ,шешесінен ақша алдыруға телефон шалатын 20 теңге таппай, табан астын түртініп, жер шұқылап жүр.

«Қария», «Кемпір», «Әже», «Менің ауылым» ,т.б туындыларда да жалғыз қалған қарттар тағдырын тілге тиек етеді. Жарты беттік шығармаларда шыңғырған шындық, шыжғырылған ақиқаттар бетті басады: «...Көзің шықсын. Көзің шыққыр, сорлы. Балалар жоқ. Өстіп жалғыз қалайын деп таптым ба бес баланы.Өлсем келіп көмуге жарар ма десеңші, шіріктер. Енді қайтейін. Ой, алла-ай. Аман болсын әйтеуір. Қайтейін...» деген шарасыз аналардың жан айғайы бүгінгі заманның зарындай ащы (134 б). Жалғызсыраған, қасіреттеніп қапаланған қарттар, ұмыт қалған ауылдар тағдыры, бүкіл ауылды жайлаған жұмыссыздық, соның салдарынан сандалып түрлі сорақылыққа жол берген жастар, ертеңге деген үміті жоғалған жас ұрпақтың  қатерге толы мағынасыз өмірлері, адамдар санасындағы бейберекетсіздіктің болуы, т.б мәселелер жазушының философиялық ой-пікірінен ,көркемдік-эстетикалық көзқарасынан хабар береді.

Туған бауыры түгілі әулет, елдегі жетім мен жесірін жеуге қара нан таппай отырғанда да қаңғыртпайтын қазақ «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» бүгінгі бейбіт, бақуат кезде неге туған бауырына осылай бейбүйректік танытады екен ? Сұрақ көп, жауап жоқ. Өйткені, ол бүгінгі өмірімізге тән жаппай құбылыс.Қоғамдық қасірет.

«Мысық» деген әңгімесі де адамнан , оның таза сезімінен гөрі жылы жерді, жан тыныштығын ғана ойлайтын тіршілік иесін артық көретін қала адамының қауіпті психологиясы сөз болады. Бала, отбасы секілді киелі ұғымдарды ит-мысыққа алмастырған қалалықтардың, әсіресе өзге ұлт өкілдерінен жұққан жаман әдеттің  ақыры қандай қасіретке соғады деген сауалға жауап іздейді жазушы,мұнда.

 «Күзгі бір кеште» мистикалық сарын билік алған. Бірақ, қазіргі қоғамдағы үрейдің үлкені. Аулаға шыққан көршілер әңгімесіне құлақ қойсақ : «- Титімтайы титімдай ғой. Кеше  Асхат екеуі  бұталардың арасына кіріп кеткен.Тіпті жоқ болып кеткеннен кейін ақырын арттарынан барсам, құшақтасып жатыр. Не істерімді білмей қалдым...» (138 б). Бес жасар ұл мен қыздың қылығы жаға ұстатады. Қазір бұрынғыдай «қызды қырық үйден тию»  дегенді бойжеткендерге бағыштаса, қазір қаршадайларға да қарата айтылатыны қандай қорқынышты. Бірақ мұндай оқиғалар орын алып жатқаны да шындық емес пе? Он жасар оқушылардың үйленуі , 5 жасар періштелерді зорлап, өлімге қию секілді адам шошырлық  ақпараттардың күн сайын теледидардан беріліп, санаға соққы беруінің өзі әлдекімдердің ұлттық рухты құлдыратудың қитұрқы саясатынан сыр беретіндей.

Ал, «Қатыгездік» деген әңгімесінде отбасы бар жігіт ағасына ғашық Сәуле есімді жас қыздың ұлы сезімге деген сәби адалдығы алданып,  ақыры ажал құштырады. Ересек ер  адам үшін Сәуле: «Нұрға толған жанары, күлкіге толы сөздері осындай мағынасыз сенбілерге мағына беру үшін жаратылған» болса, ал Сәуле үшін бұл сезім: «...Өмір-мен үшін үрей, құпия. Махабаттың да бақыттан гөрі қорқынышы, адалдығынан гөрі арамдығы басым...» (176 б). Және әпкесінің уланып өлгенін хабарлаған баланың үні тым жайбарақат болғаны да «Қатыгездіктің» үздік үлгісі. Әке атанған ер адамнан кішкентай балаға дейін жалғасып жатқан «Қатыгездікті» қаламгер   осылай бүгінгі күннің көкейкесті тақырыбы деңгейіне дейін көтеріп,  келелі мәселе ретінде ой толғайды.

   Өмірдің осындай  көріністерінен үлкен мәселе көтеретін Мәдина Омарованың жаңашылдығы кешегі кеңестік кезеңде қалыптасқан құрмалас сөйлемдер құрсауынан босап, бірер сөзбен де батпандай ой айтуға болатынын білдіру. Бұл- тәуелсіздіктен кейін қазақ әдебиетіне келген қаламгерлердің қолтаңбасы, дәуір даралығы, жаңа бағыттағы соны стилдік, тілдік ізденістер десек те қателеспеспіз. Уақыт талабына тез бейімделген жастар шығармашылықтары аз сөзге көп мағына сыйдырудың, шексіз кеңістік пен уақыт тынысын тым қысқа сөзбен бейнелесе де автордың тереңге жасырған мағыналарын ашудың   жаңа бір бағыттарына бет бұрғаны белгілі.

  ХХ ғасыр басында Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов,  Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров,    Міржақып Дулатов ,т.б сынды суреткерлердің  көркем  прозалары шағын болса да шымыр ойлы, шырынды сөйлемдерімен ерекшеленсе, қазіргі қаламгерлер де қысқалықпен құнарлы ой айтуға, шағын мәтінге бүкіл бір көлемді туындының мағынасын сыйдыруға, адам жанының арпалысын ашуға,т.б деген талпыныстар жетерлік. Оны әр қаламгер өмірмен бірге өзгеріп жататын дүние тану түйсігі мен кәсіби шеберлік мүмкіндіктері арқылы айшықтап келеді.Және олардың көпшілігінің көркемдік әлеміне  мистикалық сипат тән. Қазіргі заман прозасында тез құбылғаш адам жанының ішкі әлемі  эпикалық тұрғыда кең тыныспен баяндалмаса да оқиға түсінікті, ойлы.

М.Омарованы қызықтырған өз өресіндегі өнер , қиял әлемі, өз танымы мен өмірді тануындағы, қабылдауындағы өзгерістер мен дүниені бақылауындағы тосын тәсілдері таңба береді.Оның азғана жолдан тұратын туындылары   бүгінгі заманның талабы. Бұл бүгінгі ойлау формасының , көркемдік-эстетикалық талғамның бүтіндей өзгергенінің куәсі. Жастардың өз үнін шығарып, өз өрнегін танытуы да өз заманының талабына сай заңды да. Өйткені, әр дәуір өзінің таңбасын    тарихта өшпестей етіп қалдырары хақ. Ал, оны қай қаламгер қалай қабылдап, қандай ізденіс, форма мен мазмұн, түр мен әдіс арқылы айқындап, бейнелейді , ол өзінің жеке кәсіби шеберлігі мен  шығармашылық табысына байланысты .Қазіргі қаламгерлердің осы жолдағы ізденістері мен жаңашылдықтары жұртшылықты жақсылыққа жүгіндіріп, үздіктен үміттендіреді. Қалай болғанда жастардың талпынысы мен табыстарына  ақ ниеттілікпен  қолдау білдірген оң .

Жалпы қазіргі қазақ прозасында өзіндік тілдік, стилдік, көркемдік, жанрлық өзгешеліктерімен өзіндік өрнек танытып, танылған жазушы Мадина Омарованың бұл туындысы шынында да тәуелсіздіктен кейін келген көркем ойдың жаңашыл шығармалар шоғырынан табылары сөзсіз.

«Ауызғы  үйде» атты әңгімесінде хатшы қыз отыратын бөлмедегі азғана уақыт пен тар кеңістік,  психологиялық ахуал, қарым-қатынас мәдениеті кейіпкердің көзімен суреттеледі. Бүгінгі әкімшілік мекемелерде  орын алған жүгенсіздік, сағаттап басшыға кіре алмай дал болатын жағдайлар, хатшы қыздарға ортақ мінездеме,олардың шынайы бет-пердесі : « ...бастық отыратын бөлмеге өтіп, емін-еркін жүрісі, тырнақтарының ұзындығы мен көйлектерінің қысқалығы, бейнесінде дәулетті кісілерге құпия қызмет ұсынатын аруларға тән сырбаздықтың есіп тұрғаны-керемет»,-деп баяндалып,  соңында: «Бюрократия.Адам-машина. Жәлап. Кетіп қалдым» деген кейіпкердің үш сөйлеміне салмақ түсіріле бүгінгі әкімдерден гөрі оның әмеңгерлерінің елге етер есерлігі қатты сынға ұшырайды.(224 б). Мұны қазіргі әміршілік бел алған заманда билеуші топтың рақымсыздығы мен қатыгездігінің, адамдық қасиеттен айыратын бюрократтық жайлаған әкімшілік органдарының символы десе артықтық етпейді. Адамгершіліктен, тазалықтан, ада болған қайсыбір  бастықсымақтардың адам қабылдаудағы қасиетсіздігі, кісі құрметтеуден жұрдайлығы, өзінің жұмыс орнын азғындыққа айналдыруы, үлкені бар, жасы бар, ірі бар, кішісі бар жандарға үстемдік танытуы да бүгінгі тіршілігіміздегі бейберекетсіздікті бейнелейді.Бұл оқиғадан оқырман автордың  өзі өмір сүрген уақыт пен орта жайлы  түсінігін тануға мүмкіндік алады.

 Ал, «Ақын» деген әңгімесінде олардың типтік бейнелері екеуара диалог арқылы ашылады. Және мұндағы диалог өзінің граматикалық талабына сай,төл сөз бен  төлеу сөздің  ара жігі тыныстық белгілерімен ерекшеленбей,  бірігіп, тұтасып кету үрдісі үстемдік алған.  Оқып көрелік: «»Шаршап жүрмін» деді ол кісі. «Жалғызбын». «Әйеліңіз қайда?» «Әйел бар ғой, сөйлесетін адам жоқ». «М-м-м». «Бірге жұмыс істеп жүргенде мен саған қырындамап па едім осы?». «Жоқ, ешқашан».... «Шекпеймін...Одаққа күнде барамын...Босқа сенделіп жүріп-жүріп қайтам. Ешкім жоқ» «Неге жоқ?». «Менің достарымның барлығы өліп қалған, о дүниеде барлығы» . «Түсінікті...». «Екеуміз жүрсек қалай болады екен,ә?» «Білмеймін, түк қызық болмайтын сияқты». ... «Жоқ, ағатай, жұмысқа баруым керек»... «Шаршап жүрмін» деді ол. «Мағына қалмады мына тірлікте. Шаршадым. Барлығы далбаса». Қолымды қысты....Алматыға күз осылай бір-ақ түнде келеді» (225 б).

 Бүгінгі рухани жүдеген шығармашылық адамдарының арасында болатын әдеттегі әңгіме. Құлазыған қала, құлазыған қаламгерлер, құлазыған рухани дүние .Бәрі тұспалмен екі ауыз сөзбен баяндалады. Бұл тек екі кісі басындағы тоқырау емес, қоғамдағы қасірет.Ақиқаттан алшақтамаған тағдырлар өмірінен үзінділер, үзік-үзік ойлар маңайымыздың меңіреу тыныштыққа бой ұрып, ештеңеге қызықпайтын жастар табиғатынан сыр береді. Қандай ұсынысқа да жәйбарақат, немкетті жауап берушілік, ешқандай сезім, эмоциядан жұрдайлық жаныңды түршіктіреді. Екі ұрпақ , екі жыныс өкілдері арасындағы өрескел айтылған сөздер де қазіргі қоғамның тұтас болмысын көрсетеді .  Шығармашылық тұлғаға тән романтикадан да жұрдай, жұтаң. Төңірегіңдегі жәй қарапайым халық қана емес, ұлт пен елді алға сүйрейтін, ұлтқа  рух беретін шығармашылық орта да осындай рухани күйреуде, тоқырауда екендігінен сыр береді, бұл туынды.Жалпы баяндау ырғағын, суреттеу сипатын  осылай күрт ауыстырып отыру шығарманың мағынасын тереңдетері хақ. Мадина да әңгімешінің интригасына құрылған  микросюжеттер жиі кездеседі.

М.Әуезовтің : «...Адамзаттың көп ғасырлы мәдениеті бізге қалдырылған мұра да өз дәуірің туралы жауапты, терең ойлан дейді. Ал біздің әдебиетіміз анық күткен қадірлі замандасымыздың өзі де өзінің дәуірін барлық қайшылықтарымен, бар кең көлемінде даналықпен қамтып тани білетін адам....Қай жерде, кім болып, не кәсіппен айналыспаса да, оның жұмысы болмайтын мәселе жоқ. Себебі оның иығына артылған жауаптылық күші. Ол-тарих арнасында, сол тарихтың тізбегіне өзі де кіретін жан. Міне, әдебиеттік шығарманың ең қасиетті міндеті-дәл осындай адамның жүрегін, жанын, жалынды ойын кең де терең күйде ашып бере білуде»,-дегеніндей, Мәдинаның кейіпкерлері де  өз  заманының барлық қайшылықтарын танитын, өзінің келешегі мен ұлтының тағдырына жауапкершілікпен қарайтын көкірегі ояу, көзі ашық жандар («Уақыт және әдебиет».А.1962.410б). Сондықтан да олар жан-жағындағы құбылыстарға селқос қарай алмайды.

Қаламгердің қолтаңбасын ерекшелендіріп тұратын микросюжетті шағын шығармалары, тіпті кейде 3-4 қана абзацтан тұратын көркем мәтіндері де аяқталған ойды білдіретін синтақсистік, ырғақтық,мазмұндық тұтас құрылым болып табылады.Жазушының өзіне тән стилі мен оның прозасының дағдылы ырғағын танытатын бұл машық Мадинаның өз мәнері болса керек.

 Шағын жанрлы туындылар әр елдің ұлттық құндылықтары мен менталитетінен мәнді  рухани мәліметтер береді. «Теңіз дәмі тамшысынан танылады» дегендей осындай оймақтай әңгімелері арқылы бүкіл адамзаттық ойларды айта білген әңгімелер қазақ оқырмандарына үлкен тарту екендігі де күмәнсіз.

Қазірде қаламы төселіп, әдеби ортаға танылып қалған қаламгердің бірі Ділдәр Мамырбаева балалар өмірін өзек етіп, адалдық пен достық, жақсылық пен жамандық, өмір мен өлім,махаббат пен өшпенділік, қайырымдылық пен қаскүнемдік т.б  туралы өз әлемін жасап алған. Оның кейіпкерлері қандай да бір қиын жағдайларға душар болса да өзінің табиғи болмысынан бөлектенбей, тазалығын сақтауға тырысады.Оның «Махаббаттың ақ жауыны» атты әңгімелер мен хикаяттар жинағындағы аннотациясында: «Ділдар адамдар арасындағы, қала берді өзімен өзінің жанды, нәзік, «дертті» жерін тауып, оқырманын жайбарақат қалдырмайды.Оның әңгімесінің кейіпкерлері адамгершілік қасиетті ұлықтайтын, жан дүниелері ізгілікті әрі шуақты жандар» делінген.Шынында да осы күнге дейін 4 прозалық шығарманың авторы атанған қаламгер Ділдәр осы дәрежеден көрініп, бағаланып та жүр. Оның бір оқиғалы сюжеттік желіге құрылатын шағын жанрдағы шығармаларында бүгінгі кезеңнің шындығы  көрініс беріп, осы дәуірдің рухани дерті сөз болады.

 Ділдардың қаламгерлік мақсаты- өз дәуірі, өз замандастары, олардың қилы тағдырлары мен көңіл-күйлері, қайғысы мен қуанышы,т.б туралы толғану. Адамзатқа берілген өмір мен өлім аралығындағы азапты жылдар  барлық қайшылықтарымен шынайы бейнеленсе ол қаламгердің өзіндік қолтаңбасын бедерлейді.  Ділдар да өз замандастарының жүрегін, жанын, сезім сергелдеңдерін, мінез қайшылықтарын, тағдыр талқысындағы психологиялық қақтығыстарын нанымды да шеберлік бейнелеуді басты мұрат тұтқан. Ділдар Мамырбаеваның «Махаббаттың ақ жауыны» атты әңгімелер мен хикаяттарындағы (Алматы: «Алуа» ЖШС, 2011.-300 бет) «Құмалақшы» әңгімесіндегі   көріпкел әйелден баласының болашағын сұрағанда : «-Бес жастан асқан күннен бастап құмалақ сөйлемей тұр.Ешнәрсе айта алмаймын»,-деген жауабы кейіпкердің кейінгі өмірінің қасіретке айналғанын айғақтайды. Санасындағы: «-Сол күні бір қуанышты, бір жаманат хабар естисіз» деген сөзі сәт сайын есіне түсіп, өмірін тозаққа айналдырады.  Сау басына сақина тілеген Қатираның құмалақшыдан естіген жұмбағын баласы Ержанның 5-ке толған туған күніндегі   құмалақшы кемпірдің қайтыс болуы туралы қаралы хабар шешеді : «Қатира құмалақтың неге сөйлемей қалғанын енді түсінді» деген сөзбен тәмәмдалады, әңгіме.Бес жыл бойы ананың бастан кешкен психологиялық күйзелісі, баласының өміріне алаңдауы, жанын жегідей жеген үрейін , ішкі шерін сыртқа шығара алмай шерменде болған екі ұдай сезімдері соншалықты сенімді әрі көркем, кәсіби шеберлікпен бейнеленуі қуантады. Күрделі психологиялық тартысқа, ішкі жан әлеміндегі сезім мен ой ағысының тереңіне, құпиясына үңілу өмір шындығын философиялық тұрғыдан пайымдауды танытады. Ана мен бала арасындағы махаббаттың өміршеңдігі, оның жолында қандай құрбандыққа да батыл баратын ана қасіретінің күрделі психологиялық күйзелістерге  құрылуы қаламгердің өзіндік қолтаңбасын танытады.    Жаңа бір бетбұрыс белесін айқындайтын мағыналық-мазмұндық, түрлік,стилдік ізденістер мен ерекшеліктерге ие Д.Мамырбаеваның  прозасындағы өмір мен өлім аралығындағы мәңгілік арпалыстарға құрылған тағдыр қақтығыстары мен тіршілік қайшылықтары, адамгершілік, ізгілік, адалдық т.б мұраттары, ар-ұждан параметрлері қалай болғанда да оқушысын ойландырмай қоймайды. Көлемі  шағын оқиға үзінділері, ой үзіктері болса да оларда айтар ой, берер бейне, тартымды тіл бар.Эпикалық баяндаудан бөтен оқыс оқиға мен оқшау ойға, санаңды селт еткізер сезімге бөлер бір сәттік қана эссе-суреттер өздеріне тән суретті көркем бейнелей де біледі.

Ділдәр өз дәуірінің дертін жақсы біледі, ол журналист, ол-ана, қоғамдағы әрбір қозғалысты қалт жібермей қадалағап зерттеуді міндет санайды. Өйткені, өмірдің өзгеруі оның ұрпағының келешегін көрсетеді. Оны ана ретінде, қаламгер ретінде де  ертеңгі елдің тағдыры, ұлт пен ұрпақ қамы толғандырады. Оны  қоғамдағы құбылыстар толғандырады. Сондықтан да  елдің құлағы, көзі, өзі бола білген газет-журналдардағы күнделікті ақпараттарды шығармаларында пайдаланып қалуға құмар. Ол шығармаларына жеке адамның тағдырын, мінезін, арқау еткенмен бүткіл қоғамдағы тіршілік тұтас көрініп отырады.Әдебиет қашанда өз кезеңінің көркем шындығы болса онда әр кезеңдегі көріністердің кестеленуі табиғи заңдылық. Жасыратыны жоқ, күнделікті өмірде күн сайын  кездесіп, сондай ортада өмір сүргендіктен олардан оңашаланып, оқшау қалмасың хақ. Сондықтан да әр суреткер де өз заманының жыршысы, көркем шежірешісі.Ділдар да өзі өмір сүріп жатқан ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың басындағы қоғамдық қозғалыстардың құпия қалтарыстарын қойма ақтарғандай ақтаруға,  адам санасында жүріп жатқан психологиялық өзгерістерді тереңдей зерттеуге зейін қойған. Автордың бірде ғалым болып, бірде дәрігер болып, енді бірде қарапайым әйел-ана болып, кейде тіршілігі де түсінігі де тосын кейіпкерлер болып сөйлеуі де сондықтан.Бүгінгі өмірдің сан алуан өзгерісін   бүгінгі күннің көзқарасымен бақылаушы, қабылдаушы, бағалаушы  автор өнердің құдіретімен оқушысына жеткізуге құштар.

Тақырыбы бүгінгі болған соң оның берілу, баяндалу формасы да соған сәйкес болуы заңды. Мазмұн мен форманың сөзсіз үндесуі де керек, олар бірін-бірі іздеп табады әрі бірінсіз бірі өмір сүре алмайды.

Қазіргі қоғамдағы психикалық құбылыстар әр дәуірдің , ортаның өзіне тән әдеби, табиғи сөйлеу тілі бар екендігін байқатпай қоймайды.

 Ділдәрдың кейіпкерлерінің тілі де , сөйлеу ерекшелігі де бүгінгі стилдік ізденісті танытады. Және бір ескеретін нәрсе-қазіргі қазақ прозасында сюжеттік желілердің күрделі қақтығыстарға құрылуы, кейіпкерлердің іс-әрекет, ой мен сөз қайшылықтары  , мәтіндегі оқиғалардың көркемдік, психологиялық құбылыстары көбіне кейіпкерлеріне еркіндік беруінен гөрі  автордың  қысқа , біріңғай баяндауыштардан тұратын сөйлемдермен баяндап берулері басым түсіп жатады.

Ділдәрдың «Дарын жасушасы» деген әңгімесінде мүгедек балалар үйіндегі дарынды балалардың ауыр тағдырлары сөз болады. Сау адам мен сырқат жанның  өмірді түсінуі, қабылдау қабілеттерінің екі түрлі болатындары, олардың көңіл күйлерінің де қайшылықтары дәрігер Темірғалиға аяғы жоқ сәби қыз Жанардың суретін бейнелеу барысында баяндалады. Көл жағасында көкке қарап отырған әдемі қыз салынған суретте аспанда бүркіт бір қанатын жайып бүйірлей ұшып бара жатқаны көрсетілген .Темірғалидың тосын көрінген суретке таңырқап қарағанын байқаған қыздың ойын автор былай береді : «-Иә, сіз білетін суретшінің   де дәл осындай суреті бар. Бірақ ондағы қыздың аяғы бар, жер басып жүре алады. Жер басып жүре алатындар онша қиялдай алмайды ғой. Олардың түйсіктері тұйықталып қалған.Шамадан тыс күрделеніп кеткен ойды қиял ғана көтере алады,-Жанар осыны айтты да, екі қолын жерге тіреп, денесін жоғары көтеріп,екінші жамбасына ауысты» (97 б). Дімкәс жандардың жан азабын зерттеп жазуда Ділдәр бейне бір дәрігер ғалымдардай   тереңнен талдап, оның жәй-жапсарын жан-жақты әрі нанымды баяндайды. Сондықтан да сөздері де кейіпкерлерінің дәлелдері де дәйекті сенімді көрінеді.Көркем мәтіндегі медицинада кездесетін әр түрлі ғылми түсініктерді түсіндірудегі және сырқат жандардың тән азабын талдаудағы талпыныстары автордың көп  ізденгенін байқатады.Тұйықталып қалған түйсіктерді ашып, ми бөлшегіндегі дарындылық жасушасын ашқан Темірғалидың  тың тәжірибе ретінде ауырып жатқан генералға жасаған операциясы оның математикалық дарынын ашуға дәнекер болғанын, алайда оның ақыры адамдарға жасалған қиянатқа ұласқанын,адамзаттың ақыл-ойының жетістігі Жаратылысқа, Жаратушыға қарсы шығуы талай қасіретке жол ашқанын автор өз тақырыбын терең меңгерген маманша шынайы бейнелеп береді.

Бұлардың бәрі қаламгердің «ашушаң, мәңгірген»  замандастарының табиғатын, ішкі жан дүниелеріндегі психологиялық құбылыстарды, жан азабы мен санадағы сырқаттарды суреттеудің сырын шеберлікпен  меңгергендігін дәлелдесе керек-ті.

Тосыннан туылған осындай оқиғалардың тасасында тұратын тұспалдар мен себептер бүгінгі дәуірдің сырқатын, адамдар жанының жарақаттарын танытады. Бүгінгі адамдар тағдыры, жан арпалысы, өмір өкініштері қоғамдағы әрбір құбылысты зерттейтін қаламгерлерден   ерекше ықылысты , ден қоя тыңдау мен түсінуді талап етеді.

Жалпы жазушының қай әңгімесін алсаңыз да бүгінгі замандастарымыздың күрделі тағдырлары, олардың жан әлеміндегі түрлі сезімдік, психологиялық құбылыстар, ішкі сезім  иірімдері, олардың іздері байқалатын іс-әрекеттері, ішкі буырқаныстан, толғаныстан туып жататын   байлаулар, кейіпкерлердің шешімі  шынайы бейнеленген.

 Ділдар Мамырбаеваның әңгімелерінде ауыз-екі тіл қолданылғандай сезілгенімен онда дәстүрлі, орнықты жазба тілдің сөйлем құрау дағдысы сақталған. Сөйлемдері орнықты, бас-аяғы бүтін. Бұл қуанарлық жәйт.

Дәстүрлі талғам мен қалыптасқан қағиданы қабылдамайтын жастар прозасында кездесетін  тілді қолданудағы мүкістер мен кемшіліктер соңғы жылдары саябырсыған сыңайлы. Жаңалыққа жаны құмар жастар туған әдебиетімізге  түбегейлі өзгерістер енгізуді еншілеп, жаңа тынысты, тың тәсілді, жаңа мазмұнды шығармалар шоғырын сыйлады. Соның бірі- Лира Қоныстың «Құлпынай қосылған балмұздақ» атты романы (Алматы: Профи Медиа, 2012.-144бет). Ұлттық рухани дүниемізді дүрліктірген жаңашылдар дүмпуінде Лира Қоныстың да қолтаңбасы өз тосындығын танытты. Небәрі 142 парақтан тұратын осы заманның көркем шежіресін шерткен шағын романда ауыл мен қала өмірі қатар алынып, кейіпкерінің көзқарасы арқылы шынайы бейнеленеді. Бірінші жақтан баяндалатын роман оқиғасы мистикалық таным желісімен жазылып, оқыған жұртты жайбарақат қалдыра алмайды.Қайта құру заманында қазақ әдебиеті бастан кешкен  рухани дағдарыстан аман алып шыққан Лира сынды бүгінгі жастар прозасын  санаулы ғана көзіқарақты,талғамы жоғары оқырмандар түсіне алса керек. АҚШ ақыны Э.Л.Паундтың: «өнер адамы өз ұлтының сезгіш түйсігі тәрізді, былайғы қарапайым жұрт оларды толық түсініп кете алады деп ойламаймын» дегеніндей,  қазіргі көркемдік бағыттың бет алысына, ойлау жүйесінің сонылығына соңғы жылдары түсіністікпен қарай бастағандаймыз. Бүгінгі заманның рухани  зәрулігіне сай әдебиет әлеміне  жаңа түйсікке ие, өмір мен өнерді жаңаша қабылдайтын ерекше талғампаз ұрпақтың келгендігі қуантады.

  Қаламгер Лира Қоныстың  бүгінгі өмірдің мәтінін қалай, қандай форма, қандай мазмұнмен баяндап берудің маңызды екендігін ескеріп, осы жолда талай жан арпалысы мен шығармашылық азапқа түскені романның аңдатпасында баяндалады. Жас жазушының романы   өз кезеңінің кеңістігі мен уақытына  деген  көркемдік-эстетикалық көзқарастарының жаңалануынан  дерек береді .Оларды өз түсініктерімен қайта қаузап, қайта қазбалап, өз өресімен өрнектеп,  мазмұнды мәтінмен қысқаша ғана айтып шығу  жолында шығармашылық жанкештілікпен ізденген.  Лира Қоныс романының тәсілдік түрі тосын,танымы мистика болғанымен оның ойлау жүйесінен, сөз тіркестерінен өзімізге таныс баяндауды танып, бас-аяғы бүтін сөйлемдерді оқимыз .

  Кітап аңдатпасында –ақ автор өзінің шығармасының жанрын, оның алып жүрер жүгін, көтерер көлемін,көркемдік міндетін өзі анықтап береді: «Басымнан өткергенім ұзақ оқиға еді, бірақ,қарыстай ғана көлемге сыйдырғым келді, күрделі дүниеден түйгенім титімдей тәмсіл еді, тырнақтай түсініктің түйедей құны бар еді, сондықтан шығармаларымды роман атағым келді»(3 б). Кітаптағы   кейіпкердің творчестволық азапты тағдыры мен жан толқыны, рухани болмысы  өзінің бала кезіндегі бейнесімен бір бүтінге айналып кеткен.Бейне бір елес сынды романның әр қилы тақырыптағы әңгімелерінде әр түрлі оқиға барысында орайын тауып алдыңды орап бір көрініп қалып отырады.Оның кейіпкерлері кісі киік сияқты ортадан сырттап, саяқ жүруге құмар. Тіпті кейбірі мына өмірде болған ба, жоқ па деген күдік те туады. Көбінде қиял ғажайып ертегінің кейіпкеріндей өң мен түстің ортасында жалт етеді де жоқ болады.Бірі алма ағашының құдайы –Алмагүл болып Армандай асыл жігітті естен айырса, бірі Мәжнүндей ғашық  болып  Бейімбеттің «Шұға десе Шұға еді-ау»  дегеніндей, «Айсәуле десе Айсәуле еді-ау» деп талайды тамсандырған  аруды айықпас дертке ұшыратады.Әйтеуір Лираның кейіпкерлерінің бірі қияли, бірі періште, бүгінгінің адамы еместей.Мистикалық реализмнің миды шайқайтыны соншалық санаң сергек, денең діргек қағады.

    Лира Қоныстың прозасында постмодернистік бағытындағы жазушылардың қолтаңбасы қылаң береді. Оның кейіпкерлерінің  дені белгілі бір арман қуып, романтикалық қиял жетегінде жүретін жастардан  гөрі не істеп, не қойып жүргендеріне есеп бермейтін жандар.  Алайда, олардың санасының бір түкпірінде ескі ауылға, ел мен жерге, ондағы адамдар тағдырына деген алаңдаушылық бары аңғарылып қалады. Бұл бүгінгі жас жазушылардың төл тамырынан әлі де болса біржола ажырап кетпегенін,  жаңалыққа   өлердей құштар бола тұра, өзінің дәстүрлі өнерін де сыртқа теппейтінін танытады.  Осы ретте автордың алдына қойып отырған мақсаты орындалған да сыңайлы. Түйедей құны бар тақырыптарды тырнақтай түсініктерге сыйдырып,тіршіліктен түйгендерін  түймедей тәмсілдерге сыйдырып жіберген. Өзінің тіл өрнегі мен тәсілдік, стилдік нақышын да қып-қысқа  мәтіндермен нақтылап береді.

«Пролог» атты аңдатпасындағы автордың айтпағына құлақ салсақ: «..Әрбір түні түсімде көктен түсіп келе жатқан үзік-үзік шығарма мәтіндерін көрдім,аптаның жұма күні кітапханаға келіп махаббат туралы роман оқитын елес бойжеткеннің әруағы төсегімнің басында тұрды, аяғы жоқ, көйлегінің етегі желбіреп ұшып жүретін сұлу қыз жымиып күлді, жұмақтың босағасынан  орын тепкен Жеңісбек досым мұңайып қарады, су перісінің алтын қабыршағы көзімді қарықтырды, құлпынай қосылған балмұздақ сататын Вера тәтей әлемімнің тұрғынына айналды, бұл мазалаған муза болар деген әртіс танысым, мен қайдағыны айтпағын деп күліп едім»(4 бет).Кәдімгі баяндау, бірақ есіткен құлаққа тосын кейіпкерлер тағдыры елең еткізеді. Оқуға деген құмарлығың артады.Автордың ішкі жан дүниесіндегі арпалыс, шығармашылық шабыт іздеп шалықтауға шақ қалған сәттері, жазмыштың сыйлаған дарынын дәріптерлік, дәлелдерлік  жазуға деген махаббат, ғашықтық, бәрі-бәрі бас кейіпкер-автордың көркем мәтін ішіне еніп , тұтасып кеткен монологымен берілген . Романдағы авторлық кеңістік,сюжеттік уақыт, уақытқа тән стиль, образдар өмірі, рухани орта ,т.б бүгінгі қазақ прозасындағы ортақ көркемдік құбылысты танытады.

 Туындыны тұтастандырып тұрған Лираның 1-ші жақтан баяндалатын монологтары әдеттегі әңгімелеуге  ұқсамайды. Роман әрқилы тағдырды тірек еткенмен ондағы оқиға желістері ортақ ойға құрылған.Бір ғана автор-кейіпкердің   алыста қалған ауылдағы балалық шағы (көзінде көл-көсір мұңы бар сары қыз) мен қайнаған қала тіршілігіндегі бүгінгі тағдыры қос рельстің бағытындай қанаттас дамып отырады. Оның бәрі кейіпкердің оқшау ойларымен, санасындағы мистикалық қиялмен қанаттанып, таратыла баяндалады. Ой ағымы арқылы  өрбитін бүгінгі өмір көріністері еске алу мен елестету категорияларымен көмкерілген. Қазақтың көркем прозасына Ж.Аймауытовтың «Елес» әңгімесі арқылы көркемдік айналымға  түскен  бұл тәсіл қазір де бүкіл шығарманы шырмап алатын алпауытты әдеби әдіс-айлаға айналды.  Елес пен елестету сынды бейнелеу құралдары басым «Келіншекталда» ауыр оқылатын психологиялық мәтін мол. Автордың сөз саптауы дәстүрлі, қалыптағыдай қабылданғанымен айтары алабөтен. Мәселен: «Сол күні мені Қарамұрын тастап кетті. Екеуміз үй ішінде ашқұрсақ үш тәулік отырдық, ешкімнен қарыз сұрамадым, олардың ақшасын беріп тұрып қынжылған жүзін көргім келмеді ...Сол күні ақшаның шын мәнінде қожайын екенін және жер бетіндегі адам деп аталатын тіршілік иелері оның құлы екенін амалсыз мойындадым» (6 б).  Міне, көп көріністің, көп сөздің қажеті жоқ, нақты бүгінгі өмірдің нақыштары мен философиясы. Және оларға соншалықты көп жүк артпай-ақ  жәй ғана екі ауыз қарапайым сөзбен «сілейте сынаған». Әрбір сөйлем, әр абзацында ауыл өмірі де қаланың қым-қуыт тіршілігі де өрнек алып, астарлы ойға, метафоралық мазмұнға ие. Кішкене ғана мәтінде кесек-кесек ойлар тұспалмен тұжырымдалып, күрделі өмір көріністері мен кейіпкерлердің қиын тағдырлары мистикалық реализм арқылы елес береді. Үзік-үзік оқиғалар мен оқшау ойлар шебер өрістеліп,  бір мәтіндей мінсіз оқылады. «Ақылдан гөрі еркелігі басымдау, өзі ғана емес, ертегі кейіпкерлері де өмір сүретін, жақсылық билік құрған шағын әлемі болушы еді, әжесін қаралы топ үйден шығарып әкеткен кезде сол ғаламшар біржола күйреп қалды» (8 б). Әже бейнесімен бірге кеткен еркелік, ертегі өмірі сап тыйылып, оның орнына кітап кейіпкерлерімен сырласу , Абайды оқып тануға деген талпыныстың туғаны сөз болады.  Көшедегі орындықтан орын алған «...қайыр сұрап тапқан ақшасына сатып алған арақты бөтелкесімен ұрттап ішіп, рахатқа батқан» алпысқа таянған қаңғыбасты, «өзгелерді бірнеше минут бұрын есінен шығарып » сүйіскен қыз бен жігітті, «жетегінде тұмылдырықсыз, салпытұмсық, тықыр жүнді доберман иті» бар бөксесі бөлекше үлкен семіз әйелді бейнелеу арқылы бүгінгі өмірдің шынайы көріністері беріледі. Мұнда өткен-кеткен тарих та, көз алдында өтіп жатқан бүгінгі көріністер де ,тіпті теледидар, бүгінгі ақпараттар тасқынында ешқандай талдау-талғамсыз өтіп жатқан  хабар-ошарға дейін бірі қалмай автордың назарын аударып отырады. Сөз арасында айтылып қалатын  оқыс оқиғалар жиі ұшырасады.

Роман «Алма ағашының құдайы», «Құлпынай қосылған балмұздақ», «Жаңбырлы күні», «Ажал екінші рет айналып соғар ма екен?..», «Қош, Күнекей!», «Құлпынай қосылған балмұздақ 2», «Уақыт», «Уақыт 2», «Су перісінің зираты», «Махаббат туралы роман», «Сәкө, су және Андерсеннің ертегісі», «Отыз үш тал раушан», «Мамыр айының тоғызы», «Ауылда» атты жеке аттардан тұратын шағын әңгімелер болғанымен олардағы оқиға ортақ желіге құрылып, бас кейіпкердің айналасына шоғырланған. Әр әңгімесінде көрініс беретін көзінде көл- көсір мұңы бар  сары қыз - кейіпкердің балалық шағы , ауылдағы өмірі, мәңгілік қимасы-әжесі мен бақытты балалықтың базарын бейнелейтін құлпынай қосылған балмұздақ сататын Вера тәтейі туралы әпсана-әңгімелер үнемі үзеңгілес жүріп отырады . «Эпилогтағы» :екі уақыт пен кеңістіктің, екі ұрпақ пен екі менталитеттің - қала мен дала өмірі, ондағы адамдар тіршілігі  әдемі ертегі стилінде беріледі:

Жүрегіңді шымыр еткізетін оқыс оқиғалар мен тосын табиғатты тіршілік иелерінің  құлазыған өмірлері, жан дүниелеріне маза бермеген азаптары, бүгінгі  рухани тоқыраудан туып жатқан қоғамдық қас

Қатысты Мақалалар