Сеул тұрғындары президент Пак Кын Хе отставкаға кетсін деп көшелерден тарамай тұр.
BBC хабарлағандай, Кореяда президентке қарсы ауқымды митинг өтіп жатыр. «Президент отставка кетсін» деген талаппен Сеул көшелерінде халықтың қарсылық көрсеткеніне айдан астам уақыт болды. Митингті ұйымдастырғандар бұл жолы нашар ауа райына қарамай қарсылық білдіріп, көшеге шыққандардың саны 1,5 млн болады деп күтіп отыр.
Сеул әкімшілігі митингте қауіпсіздікті сақтау үшін 25 мың полицей дайындаған. БАҚ-тың жазуынша, қаланың солтүстігіндегі президенттің ресми резиденциясы Көк үйге барар жолға ереуілшілер толып қалған. Демонстранттар «Пак Кын Хеде ел басқаратындай базалық сапа жоқ» деп мәлімдеді.
Айта кетсек, бұған дейін Корей Прокуратурасы президент көмекшісі Чхве Сун Сильді ақша дауына байланысты айыптаған болатын. 20 қарашада оған билікті асыра пайдалану бойынша ресми айып тағылды. Конституцияға сай, прокуратура қызмет атқарып отырған президентке қылмыстық айып таға алмайды.

64 жастағы Пак Кын Хе – Оңтүстік Кореяның 11 Президенті. Ол бұрынғы Президент Пак Чон Хидің қызы. Пак Кын Хе ел басшысы лауазымына 2013 жылдың 25 ақпанында отырған. Ол үйленбеген, баласы жоқ.